Басты бетЖаңалықтарОқырман бар жерде – сенім бар

Оқырман бар жерде – сенім бар

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ақпарат саласында бір нәрсені түсінетін уақыт әлдеқашан жетті: медианың күшін редакциядағы адамның саны емес, оқырманның сенімі анықтайды.

Esilnews.kz желілік басылымы 2023 жылы ашылды. Үш жылға да жетпейтін уақыт ішінде сайттың ай сайынғы бірегей келушілер саны 300 мыңнан асты. Әлеуметтік желілердің басым бөлігінде ресми парақшаларымыз бар. Кейбір платформаларда жазылушылар саны 130 мыңнан асады, ал таза қазақ тіліндегі парақшамыздың өзінде 22 мыңға жуық аудитория қалыптасты. Жекелеген жаңалықтарымыздың қаралымы 14 миллионға, 9 миллионға, 7 миллионға дейін жетті.

Бұл – жай ғана әдемі цифрлар емес.

Бұл – оқырманның сенімі.

Ең қызығы, осының бәрі ондаған журналисті бар үлкен редакцияның емес, небәрі екі-үш адамның күшімен жасалып отыр.

Әрине, бұл жерде «біз мінсізбіз» деп айтуға еш негіз жоқ. Кез келген редакцияның кемшілігі болады. Бірақ осы нәтижелердің өзі бір нәрсені анық көрсетеді: үлкен нәтиже үшін міндетті түрде үлкен штат пен қомақты бюджет қажет емес. Ең алдымен, дұрыс бағыт пен жаңаша ой қажет.

Esilnews.kz өзге басылымдар секілді әкімнің әр кездесуін жаңалық, шенеуніктің әр сөзін жетістік ретінде көрсетуді мақсат етпейді.

Бұл – билікке қарсы шығу деген сөз емес.

Керісінше, билік пен халықтың арасындағы байланысты күшейтуге тырысамыз.

Егер ауылдың жолы нашар болса – жолдың нашар екенін айтамыз.

Егер ауызсу мәселесі шешілмесе – оны жазамыз.

Егер тұрғынның арызы айлап қаралмай жатса – оның мәселесін көтереміз.

Ақ болса – ақ, қара болса – қара.

Журналистің міндеті – біреуге жағу емес, шындықты айту.

Бәлкім, кейбір шенеуніктерге біздің жазғанымыз ұнай бермейтін шығар. Бірақ халықтың мұң-мұқтажын көтеретін журналистік позиция дәл осы жерден басталады.

Біз өзімізді халық пен биліктің арасындағы алтын көпір ретінде көреміз. Қарапайым тұрғынның редакцияға айтқан сөзін тиісті органдарға жеткізу, мәселенің шешілуіне ықпал ету – біз үшін кезекті жаңалықтан әлдеқайда маңызды.

Өйткені жолы жөнделген, суы келген, мәселесі шешілген бір адамның алғысы кейде миллион қаралымнан да қымбат.

Ал енді осы жерде облыстық басылымдардың жағдайына назар аудармай өте алмайсың.

Бюджеттен қомақты қаржы алады. Штаттары бар. Бас редакторы, орынбасарлары, журналистері бар. Ғимараты, техникасы, тұрақты қаржыландыруы бар. Бірақ соған қарамастан кейбірінің тиражы бір мыңнан сәл асады, әлеуметтік желі мен сайттары адам күлерлік жағдайда, яғни, оқырманы жоқтың қасы.

Неге?

Өйткені бүгінгі оқырманға әкімдіктің кезекті мадақтамасы қызық емес.

Оған өзінің мәселесі қызық.

Өзінің ауылы.

Өзінің көшесі.

Өзінің баласының мектебі.

Өзінің үйіндегі жылу.

Өзінің крандағы суы.

Өзінің құқығы.

Халық өзін жазатын ақпарат құралын іздейді.

Сондықтан медианың басты капиталы – бюджет емес, оқырманның сенімі.

Осы жерде журналистикадағы тағы бір ауыр мәселе бар.

Біз қырық жыл журналистикада жүрген, жасы жетпіске таяған немесе одан асқан аға буынның тәжірибесін жоққа шығарғымыз келмейді. Керісінше, олардың көргені мен түйгені – үлкен мектеп. Бірақ кеше қалыптасқан тәжірибемен бүгінгі медианы басқару мүмкін емес.

Өйткені заман өзгерді.

Бұрын газет таңертең оқылса, қазір жаңалық секунд сайын тарайды. Бұрын журналистің негізгі құралы қалам мен диктофон болса, қазір оның қолында смартфон, камера, әлеуметтік желі, видео, аналитика бар. Бұрын оқырман редакцияның дайын өнімін күтсе, қазір оқырманның өзі ақпараттың бір бөлігіне айналды.

Демек, бүгінгі журналистикаға тек тәжірибе емес, жаңашыл ой, жылдамдық, батылдық және заман ағымын түсіну керек.

Мұнда адамның жасы емес, ойының жасы маңызды.

Жасы үлкен болса да жаңа технологияны меңгеріп, жастармен бірге ізденіп, заманмен қатар жүретін журналистке құрмет бөлек. Ал қырық жыл бұрынғы тәсілден айнымай, бүгінгі аудиторияны кешегі әдіспен ұстап қалғысы келетін көзқарас қай жаста болса да ескірген.

Кейде қырық жылдық тәжірибеден гөрі, қырық минут бұрын болған оқиғаны дұрыс түсініп, оны халыққа сауатты жеткізе алатын жаңа көзқарас әлдеқайда қажет.

Сондықтан мәселе көп жыл еңбек етуде емес.

Мәселе – сол жылдардың ішінде қанша рет жаңара алғаныңда.

Журналистикада буынның жаңаруы – үлкендерді ығыстыру емес. Бұл – жаңа заманға жол ашу.

Бүгінгі медиада үлкен кабинеттен гөрі үлкен жауапкершілік керек. Көп штаттан гөрі көп идея керек. Қомақты бюджеттен гөрі оқырманның сенімі керек.

Осы жерде бір ащы сұрақ туындайды: әкімнен ақша сұрай беруді облыстық басылымдардың кейбір ескі басшылары менеджмент деп санай ма, әлде журналистиканың жұмысы деп ойлай ма?

Мемлекеттен қаржы алу өзінен-өзі ұят нәрсе емес. Мемлекеттік тапсырыс та, бюджет қаржысы да заңды әрі ашық негізде берілуі мүмкін. Бірақ редакцияның бар тіршілігін әкімдіктің есігін жағалап, «тағы қаржы беріңіз» деген өтінішке тіреп қою – менеджмент емес.

Менеджер бола алмасаң, қазіргі медианың табиғатын түсінбесең, заманға сай өнім жасай алмасаң, аудитория жинай алмасаң, әдемі сөйлеп, ана танысыңды, мына танысыңды әкімдікке салып, қаржы сұраудың редакцияны құтқаратын күші жоқ.

Редакцияны таныстық емес, кәсіби қабілет көтереді.

Басшының негізгі міндеті – әкімнің қабылдауына кірудің жолын табу емес, оқырманның жүрегіне жол табу.

Қаржы сұрау оңай.

Ал оқырман жинау қиын.

Таныс арқылы кабинетке кіру оңай.

Ал халықтың сеніміне кіру қиын.

Әдемі сөйлеу оңай.

Ал күн сайын сапалы өнім жасау қиын.

Нағыз менеджмент дегеніміз – осы қиынның бәрін істей білу.

Біреудің есігін қағып ақша сұрағаннан гөрі, өз редакцияңның мүмкіндігін арттыр. Аудиторияңды өсір. Жарнама нарығына шық. Цифрлық өнім жаса. Әлеуметтік желіні меңгер. Жас журналистерге жол бер. Оқырманға қажет контент ұсын.

Сонда әкімнің кабинетіне қарап отыратын емес, оқырманға қарайтын редакция пайда болады.

Esilnews.kz-тің бүгінгі нәтижесі – осының қарапайым дәлелі.

Екі-үш адам отырып, жүздеген мың оқырманға жетуге болады.

Миллиондаған қаралым жинауға болады.

Халықтың мәселесін көтеруге болады.

Биліктің назарын аударуға болады.

Ең бастысы – халықтың сөзін айтуға болады.

Себебі журналистиканың ең үлкен міндеті – билікті мадақтау да, билікті қаралау да емес.

Журналистиканың міндеті – қоғамға шындықты көрсету.

Ал шындыққа құлақ асатын халық бар жерде журналистиканың да болашағы бар.

Esilnews.kz үшін ең үлкен көрсеткіш – осы.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз