Басты бетЖаңалықтарОтбасы – ұлттың ұясы, тәрбиенің бастауы

Отбасы – ұлттың ұясы, тәрбиенің бастауы

Сондай-ақ, оқыңыз...

Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылық. Оның беріктігі бір шаңырақтың тыныштығымен ғана өлшенбейді. Отбасының берекесі – ұрпақ тәрбиесінде, ал ұрпақ тәрбиесі – елдің ертеңінде. Сондықтан отбасы туралы сөз қозғау – қоғамның болашағы туралы сөз қозғау.

Мен үшін отбасы – өмірдің тірегі, тәрбиенің бастауы. Төрт баланың анасы ретінде бұл жауапкершілікті күн сайын сезінемін. Бала тәрбиесі – дайын қалыпқа салатын немесе бір күнде нәтижесі көрінетін жұмыс емес. Ол ата-ананың күнделікті әрекетінен, отбасындағы қарым-қатынастан, үлкеннің үлгісінен қалыптасады.

2008 жылы қазақ отбасына келін болып түсуім де өмірімдегі маңызды кезеңдердің бірі болды. Қазақ шаңырағының дәстүрі мен тәрбиесі арқылы халқымыздың ұлттық құндылықтарын тереңірек таныдым. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, ағайынға адалдық, шаңырақтың ынтымағын сақтау – ұлт тәрбиесінің өзегін құрайтын қасиеттер.

Бүгінде осы құндылықтарды балаларымның бойына сіңіруге тырысамын. Себебі балаға ұлттық тәрбие беру – өткенді қайталау емес, болашаққа негіз қалау. Өз тарихын, тілін, мәдениетін білген ұрпақ елінің қадірін де терең түсінеді.

Қазақ тіліне деген құрметім де бала кезден қалыптасты. 1992-1998 жылдары ауыл мектебінде білім алып, кейін Щучинск қаласындағы мектеп-интернатта оқуымды жалғастырдым. Мектеп қабырғасында қазақ тілін үйренуге ерекше қызығушылық танытып, қалалық олимпиадаларға қатыстым. Жылдар өте бұл қызығушылық өмірлік ұстанымыма айналды.

2007 жылы «Инженер-жүйетехник» мамандығын меңгеріп, жоғары білім алдым. Ал 2021 жылы республикалық қазақ тілі олимпиадасында бірінші орынға ие болдым. Бұл жетістік мен үшін мемлекеттік тілге деген құрметтің, ізденіс пен еңбектің нәтижесі болды.

Тіл мен отбасы ұғымдарын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Бала ана тілін, ұлттық дәстүрді, үлкенге құрметті ең алдымен отбасынан үйренеді. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту туралы сөз болғанда, оның бастауын да әр шаңырақтан іздеуіміз керек.

Қазіргі қоғамда бала тәрбиесіне қойылатын талап та өзгеріп келеді. Ақпарат ағыны күшейген заманда ата-ананың міндеті – баланы барлық нәрседен оқшаулау емес, жақсы мен жаманды ажырата алатын азамат етіп тәрбиелеу. Ол үшін балаға уақыт бөлу, пікірін тыңдау, сенім арту және ең бастысы – өзің үлгі болу қажет.

Қазір еңбек қызметімен айналыспай, негізгі уақытымды балаларымның тәрбиесі мен дамуына арнап келемін. Сонымен қатар қоғамдық өмірге белсенді араласып, тіл, мәдениет және қоғам үшін маңызды бастамаларға өз мүмкіндігімше үлес қосып жүрмін.

Меніңше, қоғамға қызмет ету міндетті түрде үлкен қызметтен басталмайды. Әр отбасы өз баласына дұрыс тәрбие берсе, бұл – ел болашағына қосылған үлкен үлес.

Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген тағылымды сөз бар. Оның мәні бүгін де өзекті. Себебі елге деген сүйіспеншілік, туған жерге деген құрмет, азаматтық жауапкершілік адамның жүрегіне ең алдымен отбасында орнығады.

Отбасы күні – осыны тағы бір мәрте ой елегінен өткізетін уақыт. Әр шаңырақта татулық пен түсіністік, әр үйде бала күлкісі мен үлкеннің батасы үзілмесе, қоғамның да іргесі берік болады.

Отбасы – ұлттың рухани өзегі. Ал сол өзекті сақтау – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек алдындағы ортақ жауапкершілігіміз.

Елена Тасыбекова, «Гормолзавод» ЖШС-нің инженері, Аналар кеңесінің мүшесі, көпбалалы ана.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз