Көкшетау қалалық соты педагогикалық колледждің бухгалтеріне қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот дерегінше, Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің бухгалтері 2021–2025 жылдар аралығында қызметтік жағдайын пайдаланып, бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқырып келген.
Электронды цифрлық қолтаңба мен «Online Bank» жүйесіне қол жеткізуді пайдалана отырып, ол жалған төлемдер жасап, өзіне негізсіз жалақы аударған. Нәтижесінде мемлекетке 70 миллион теңге көлемінде залал келтірілген.
Тергеу барысында анықталғандай, қаражат жеке мақсаттарға жұмсалған: несиелер жабылған, автокөліктер, пәтер және автотұрақ орны сатып алынған.
Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Залалдың 5 миллион теңгесі өтелген.
Сот үкімімен оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Сонымен қатар автокөліктер мен автотұрақ мемлекет пайдасына тәркіленді.
Алайда кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты сот үкімінің орындалуы 2027 жылғы 22 сәуірге дейін кейінге қалдырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.







