Басты бетЖаңалықтарАялы алақанда аяулы жүрек: адам жанына араша болар мейірім иесі

Аялы алақанда аяулы жүрек: адам жанына араша болар мейірім иесі

Сондай-ақ, оқыңыз...

Біз жүрек туралы көбіне ол сыр бермейінше ойланбаймыз. Алғашында жеңіл шаршау, кейін кеудедегі мазасыздық, ал кейде кенеттен келген ауырлық. Сол сәтте адам аурухана палатасына тап болады. Ол жерде уақыт басқа ырғаққа түседі: соққыдан соққыға, үміттен үмітке жалғасқан тыныш та ауыр минуттар басталады.

Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасының кардиология бөлімінде осындай тағдырлар күн сайын кездеседі. Мұнда тек емдемейді тыңдайды, демейді демеу болады, ең бастысы адамды өз-өзіне қайта оралуына көмектеседі.

Осы жолда алдыңғы шепте жүрген жандардың бірі аға мейірбике Алтын Жамбылқызы Байғожина.

Оның медицинаға апарар жолы балалық арманнан басталған. Балқаш қаласындағы әскери шағын қала, қолынан үнемі медициналық шабаданын тастамайтын фельдшер-тәте… Сол сәттер бала жүрегінде үлкен таңданыс пен құрмет ұялатып, кейін өмірлік таңдауға айналды.

Одан кейін білім жолы басталды: «Көкше» академиясында «Педагогика және психология» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. Кейін Ресейдің Орынбор мемлекеттік медициналық университетінде «Мейіргер ісі» бағыты бойынша жоғары білім алып, академиялық мейірбике, оқытушы біліктілігін иеленді. Бүгінде ол жоғары санатты маман, тәжірибесі мол кәсіби мейірбике.

Ал ең бастысы ол екі баланың анасы, екі немеренің әжесі. Мүмкін, дәл осы өмірлік тәжірибе оның әр науқасқа деген көзқарасын жұмсартып, адам жанын терең түсінуге көмектесетін шығар.

Алтын Жамбылқызы, медицина жолын таңдаған сәтіңіз есіңізде ме?

– Иә, өте жақсы есімде. Әр адам сияқты менде де күмән болды: қолымнан келе ме, шыдай аламын ба деген ойлар болды.

Өзімді сынап көру үшін травматология бөлімінде санитар болып жұмыс істедім. Ол жерде «жеңіл» жағдай жоқ – күйік, ауыр жарақаттар, қиын науқастар.

Сол кезде мен өзімді анық таныдым: мен қорықпаймын, мен қашпаймын, мен көмектесе аламын. Демек, бұл – менің жолым.

Сіздің күнделікті жұмысыңыз қалай өтеді?

– Жұмыс күні әрдайым жоспарлаудан басталады. Таңертеңгі жиында науқастардың жағдайы талқыланады. Одан кейін – бөлім бойынша аралау.

Бұдан кейін менің негізгі жұмысым басталады: бөлімшедегі мейірбике жұмысын бақылау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, емдік тағайындаулардың дұрыс орындалуын қадағалау.

Бірақ осының бәрінің артында бір ғана басты ұғым тұрады – адам. Оның жағдайы, оның уайымы, оның үміті.

Қандай аурулар жиі кездеседі?

– Ең жиілері – артериялық гипертензия және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі. Бұл аурулар көбіне орта және егде жастағы адамдарда кездеседі.

Алайда бізді алаңдататыны – бұл аурулардың «жасаруы». Соңғы жылдары олар жастар арасында да жиі байқалып отыр.

Неліктен бұлай болып жатыр деп ойлайсыз?

– Себебі адам өзіне құлақ аспайтын болды.

Өмір қарқыны өте жылдам. Стресс көп. Ұйқы аз. Дұрыс тамақтану мен қозғалыс екінші орынға ысырылған.

Сонымен қатар ақпарат көп, бірақ оның бәрі дұрыс емес. Соның салдарынан адамдар өздігінен емделуге бейім болып барады. Бұл – өте қауіпті үрдіс.

Денсаулықты сақтаудың жолы қандай?

– Ол өте қарапайым, бірақ ең қиыны – соны күнделікті ұстану.

Дұрыс тамақтану, қозғалыс, жеткілікті ұйқы және уақтылы тексерілу – денсаулықтың негізгі тірегі.

Профилактика – ауруды емдеуден әлдеқайда маңызды.

Науқаспен жұмыста ең маңыздысы не?

– Сенім.

Егер сенім болмаса, ем де толық болмайды. Адам өзін тыңдап отырғанын, түсініп отырғанын сезінуі керек.

Медицина қалай өзгерді?

– Соңғы жылдары медицина айтарлықтай дамыды. Жаңа жабдықтар, цифрлық жүйелер, диагностика мүмкіндіктері артты.

Біздің ауруханада да жаңа бөлімшелер ашылып, қызмет көрсету деңгейі жақсарды.

Бірақ бір нәрсе өзгермейді – ол адамға деген қатынас.

Жастар мен оқырмандарға қандай кеңес бересіз?

– Денсаулықты ертеңге қалдырмау керек.

Өз ағзаңызға құлақ асыңыз, уақытында тексеріліңіз, өз бетіңізше емделмеңіз.

Ең бастысы – кешікпеңіз.

Жүрек немқұрайдылықты кешірмейді. Бірақ қамқорлықты әрдайым бағалайды.

Әңгімеңізге рахмет.

– Рахмет. Баршаңызға денсаулық тілеймін.

 Сұхбатты жазып алған журналист Аслан Оспанов

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз