Басты бетЖаңалықтарТәжірибемен шыңдалған тағдыр

Тәжірибемен шыңдалған тағдыр

Сондай-ақ, оқыңыз...

Адамның өмір жолы оның атқарған қызметімен ғана емес, маңдай терімен тапқан тәжірибесімен, кәсібіне деген адалдығымен және кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесімен өлшенеді. Саналы ғұмырын техника саласына арнап, талай жастың кәсіби қалыптасуына үлес қосып келе жатқан жандардың бірі – Ахметов Райхан Күнтайғожаұлы.

Райхан Күнтайғожаұлы 1963 жылғы 6 қарашада Көкшетау облысы Зеренді ауданына қарасты Ұялы ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауылдың қарапайым тіршілігімен біте қайнасып, еңбек пен жауапкершіліктің қадірін түсініп өсті. Ол атасы Бабыржан Ахметұлының қолында тәрбиеленіп, үлкеннің өнегесін көріп, тәлімін алды. Атасының берген тәрбиесі мен өмірлік ұстанымы оның азамат болып қалыптасуына, еңбекке деген көзқарасының орнығуына ықпал етті.

Райхан Күнтайғожаұлының еңбек жолының бастауында әскери қызмет тұр. 1982 жылы әскер қатарына шақырылып, Германия жерінде әскери борышын өтейді. Жастық шағының маңызды кезеңін әскери ортада өткізген ол сол жерде техниканың қыр-сырын меңгеріп, әскери машинаның механик-жүргізуші мамандығы бойынша тәжірибе жинақтайды. Әскери бөлімде ол арнайы техниканы басқару мен оны күтіп ұстаудың қыр-сырын үйреніп қана қоймай, жас сарбаздарға өз білгенін үйретуге де белсене араласады. Әскери жаттығулар кезінде күрделі техниканы шебер меңгеруі, тапсырмаларды жауапкершілікпен орындауы оның кәсіби қабілетін шыңдай түседі.

Әсіресе техника басқарудағы шеберлігі мен жинақтаған тәжірибесі айналасындағыларға үлгі болады. Кей кездері офицерлердің орнына әскери машинаны өзі жүргізіп, жауынгерлік тапсырмаларды орындайтын. Ал жаттығу қорытындысын шығарғанда офицерлер бұл әрекеттерді өздері орындағандай баяндап отыратын.

Әскери қызметтен кейін Райхан Күнтайғожаұлы 1988 жылға дейін Исаковка ауылындағы «Тың 25-жылдығы» совхозында электрик болып еңбек етті. Кәсіби ізденіс оны жаңа белестерге жетеледі. 1988 жылдан бастап Көкшетау қаласындағы ірі кәсіпорындарында электрик, токарь, дәнекерлеуші болып жұмыс істеді. Бұл кезең оның техникалық біліктілігін арттырып, түрлі құрылғылардың электр жүйелерін жөндеу мен қызмет көрсетудің жаңа тәсілдерін меңгеруіне мүмкіндік берді. Астанада оқу оқып, арнайы техника саласында автоэлектрик болып жұмыс істеп, білімін тәжірибемен ұштастырды.

Кейін арнайы техниканың тағы бір күрделі бағыты – мұнаралы крандармен жұмыс істеуге шақырту алады. Бұл сала өте үлкен жауапкершілікті, терең білім мен ұқыптылықты талап етеді. Райхан Күнтайғожаұлы осы бағытта да ізденісін тоқтатпай, қытайлық, ресейлік және өзге де өндірушілердің заманауи электрондық басқару жүйелерімен жұмыс істеуді меңгерді. Әртүрлі техникалық құрылғыларды орнату, реттеу, жөндеу және олардың жұмысын қалыпқа келтіру бойынша мол тәжірибе жинақтады.

Бүгінде Көкшетау қаласында мұнаралы крандарды жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуді жетік меңгерген санаулы мамандар ғана бар. Солардың бірі – Райхан Күнтайғожаұлы Ахметов. Қалада бұл бағытта кәсіби деңгейде жұмыс істейтін небәрі екі маман болса, соның бірі – осы кейіпкеріміз. Бұл – оның жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен техникалық білімінің айқын көрінісі. Себебі мұнаралы кранның күрделі электр жүйелері мен электрондық басқару құрылғыларын жөндеу кез келген маманның қолынан келе бермейді. Мұндай жұмыс терең білімді, жоғары дәлдікті, жауапкершілік пен үздіксіз ізденісті талап етеді. Сондықтан Райхан Күнтайғожаұлының еңбегі қаладағы құрылыс саласының үздіксіз жұмысына да өзіндік үлес қосып келеді.

Ол үшін кәсіби шеберліктің басты өлшемі – өз жұмысыңды жетік білу ғана емес, жинаған біліміңді өзгелермен бөлісу. Сондықтан бүгінде жас мамандарға техниканың қыр-сырын үйретіп, олардың кәсіби қалыптасуына бағыт-бағдар беріп келеді.

Жылдар бойы жинақталған тәжірибе, тынымсыз ізденіс пен еңбекке деген жауапкершілік Райхан Күнтайғожаұлын өз саласының білікті маманы ретінде қалыптастырды. Оның өмір жолы бір мамандықпен шектелмей, заман талабына сай үнемі жаңарып, жаңа технологияларды меңгерудің жарқын үлгісі.

Еңбек адамының абыройы – атқарған ісінің нәтижесінде. Ал сол еңбектің ең үлкен жемісі – кейінгі буынға қалдырған білімі мен өнегесі. Райхан Күнтайғожаұлының өмірлік ұстанымы да осыған саяды: қандай істі қолға алсаң да, оны жауапкершілікпен атқарып, үнемі үйреніп, білгеніңді кейінгі ұрпаққа үйрету.

6 қарашада Райхан Күнтайғожаұлы 63 жасқа толып, зейнеткерлікке шықты. Бұл – оның бірнеше онжылдыққа созылған еңбек жолына қорытынды жасайтын ерекше кезең. Алайда зейнет демалысына шығу – кәсіби тәжірибе мен өмірлік білімнің аяқталғанын білдірмейді. Әсіресе Көкшетауда мұнаралы крандарды жөндеу ісін жетік меңгерген санаулы мамандардың бірі ретінде оның тәжірибесі кейінгі буын үшін әлі де құнды.

Осы айтулы мерейтойы мен өміріндегі жаңа кезеңнің басталуына орай, оған зор денсаулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр мен баянды бақыт тілейміз!

Жылдар бойы жинаған мол тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі кейінгі буынға үлгі болып, шәкірттерінің жетістігі арқылы жалғасын таба берсін. Абыройлы еңбегінің зейнетін көріп, жақындарының ортасында қадір-құрметке бөленіп, қуанышқа толы ғұмыр кешуіне тілектеспіз!

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз