Басты бетӨзектіКөкшетаудағы Науан Хазірет мешіті: азан шақырылған жерде анализ тапсырудың жөні осы ма?!

Көкшетаудағы Науан Хазірет мешіті: азан шақырылған жерде анализ тапсырудың жөні осы ма?!

Сондай-ақ, оқыңыз...

Көкшетаудың еңселі рухани ғимараты– Науан Хазірет мешіті. Күмбезі көкке қарап, азан үнімен қалаға имандылықтың үнін жеткізіп тұрған қасиетті мекен. Алайда бүгінде оның сыртқы келбетіне қараған адам еріксіз тосылады. Мешіт ғимаратына қызыл түсті INVIVO жазуы ілініп, ішінде зертханалық қызмет көрсету пункті ашылыпты.

Бұл көрініске әлеуметтік желі қолданушылары да назар аударды. Threads желісінде жарияланған жазбада қала тұрғыны қызыл жазудың мешіттің сәнін кетіріп тұрғанын айтып, наразылығын білдірген.

«Қызыл жазу қаланың бас мешітінің бүкіл көркін бұзып тұр. Сөз жоқ», – деп жазады ол.

Шынында да, мәселе бір ғана қызыл маңдайшада емес. Мәселе – мешіттің қандай мақсатта пайдаланылып жатқанында.

Мешіт дегеніміз не? Ол – сауда жасайтын дүкен де, қызмет көрсететін кеңсе де, жалға берілетін коммерциялық алаң да емес. Ол – адамның Жаратқанға құлшылық ететін, көңіліне медет, жанына тыныштық іздейтін рухани мекені.

Әрине, зертхананың қызметі керек шығар. Адамдардың денсаулығына қатысты қызметтің маңызын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ сол қызметті көрсететін орын ретінде дәл мешіттің ғимараты таңдалуы керек пе еді?

Мұнда тағы бір маңызды жайт бар. Науан Хазірет мешіті кімнің қаражатына салынды? Оны тұрғызуға қарапайым халықтың садақасы, кәсіпкерлердің қайырымдылығы, демеушілердің көмегі жұмсалды. Имамдар мен мешіт басшыларының жеке қалтасынан салынған ғимарат емес. Бұл – халықтың ортақ еңбегі мен сенімінің жемісі.

Ендеше, халықтың қаражатына бой көтерген рухани орынды пайдалану жөніндегі шешім де сол халықтың көңіліне қаяу түсірмеуі керек емес пе? Мешітті басқару дегеніміз оның кілтін ұстау ғана емес, оның қадір-қасиетін сақтау, әрбір шешімнің салмағын сезіну.

Бүгін қызыл маңдайшаға көз үйретерміз. Ертең мешіттің басқа бөлмесінде тағы бір коммерциялық қызмет пайда болмасына кім кепіл? Рухани мекеннің шекарасы қай жерден басталып, қай жерден аяқталатынын кім белгілейді?

Мәселе INVIVO компаниясының қызметінде емес. Мәселе – мешіт пен бизнестің ара-жігін ажырата білуде.

Науан Хазірет мешіті– жалға берілетін коммерциялық нысан емес, халықтың рухани қазынасы. Оны басқарған адам ең алдымен осы жауапкершілікті сезінуі тиіс.

Мешіттің есігі жамағатқа айқара ашық болсын. Ал оның қабырғасы коммерциялық жарнаманың алаңына айналмасын.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын «Шенің өзіңмен бірге көрге кірмейді: пантеон кімге керек?» тақырыбымен мақала жариялаған едік.

Аслан Оспанов, журналист

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз