Басты бетӨзектіШенің өзіңмен бірге көрге кірмейді: пантеон кімге керек?

Шенің өзіңмен бірге көрге кірмейді: пантеон кімге керек?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Соңғы күндері әлеуметтік желіде Ұлттық пантеонға қатысты Үкімет қаулысына енгізілген өзгерістер қызу талқыланып жатыр. 2026 жылғы 4 қарашадағы №981 қаулымен Пантеонда жерленуге құқығы бар тұлғалардың қатары кеңейтілді. Енді олардың тізіміне Қазақстанның вице-президенттері, Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесінің төрағалары және олардың орынбасарлары, мемлекеттік кеңесшілер, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасарлары да енгізілді. Құжат 17 қарашадан бастап күшіне енеді.

Әрине, ел басқарған, мемлекет дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегін бағалау керек. Бірақ мұнда бір сауал туындайды: адамның Ұлттық пантеоннан орын алуына мемлекеттік лауазымы негіз бола ма, әлде елге сіңірген еңбегі мен халық алдындағы беделі шешуші өлшем болуы керек пе?

Жоғары лауазымды шенеунік пен қарапайым қара жұмысшы, бай мен кедей, атақты мен қатардағы азамат – бәріміз бірдей пендеміз. Бірі билік тізгінін ұстады, екіншісі маңдай терімен күн көрді. Бірақ өлім алдында ешкімнің шені де, қызметі де, байлығы да артықшылық бермеуі керек. Топырақ бәріне бірдей. Ендеше, мәңгілік мекенде неге біреуді биік, біреуді төмен қоюымыз керек?

Бұл ойдың діни де, философиялық та негізі бар. Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресінің 185-аятында: «Әрбір жан өлімнің дәмін татады» делінген. Ал «Хужурат» сүресінің 13-аятында адамдардың бір ер мен бір әйелден жаратылғаны, бір-бірін тануы үшін ұлттар мен ұлыстарға бөлінгені айтылады. Аяттың соңында Алланың алдындағы ең ардақты адамның өлшемі оның байлығы немесе мансабы емес, тақуалығы екені ескертіледі.

Демек, адамның шынайы қадірі дүниедегі атақ-дәрежесімен өлшенбейді. Ислам дүниетанымында да пенденің байлығы мен билігі оның мәңгілік мәртебесіне кепіл емес. Адамның артында қалатын ізгі амалы мен жасаған жақсылығы маңызды.

Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиеті де осы адамдық теңдіктің мәнін ашады. Ал «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген өлең жолдары адамның мәңгілік ғұмыры оның артында қалдырған рухани мұрасымен өлшенетінін аңғартады.

Сондықтан зират мәселесінде ортақ тәртіп, бірдей талап пен стандарт болуы керек деп есептеймін. Адам қай өңірде өмірден өтсе, сол жерге жерленгені дұрыс. Әрине, марқұмның аманаты болса немесе туған-туыстары сүйегін туған жеріне апаруды қаласа, оған ешкім қарсы болмауы керек. Бұл – отбасының таңдауы мен марқұмның соңғы тілегіне құрмет.

Ал пантеон мәселесіне келгенде ойланатын тұстар бар. Ол қоғамды «атақтылар» мен «қарапайым халық» деп екіге бөлудің символына айналмауы керек. Елге еңбегі сіңген тұлғаларды ұлықтаудың басқа да жолдары жеткілікті. Олар өмір сүрген, еңбек еткен қалаларда еңселі ескерткіштер орнатуға, есімдерін көшелер мен білім ордаларына беруге, ең бастысы, мұрасын ұрпаққа танытуға болады.

Мәселен, Көкшетаудың сұлулығын жырына қосып, «Көкшетау» поэмасы арқылы өңірдің табиғатын тұтас ұлттың рухани мұрасына айналдырған Сәкен Сейфуллиннің қалада еңселі ескерткіші жоқ. Ал оның ұлы Аянның зираты бар. Жыл сайын 31-ші мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні көкшелік жұртшылық Сәкеннің рухына тағзым ету үшін баласының бейітіне барады.

Бұл да ойланатын жағдай. Ұлт әдебиетінде өшпес із қалдырған тұлғаны ұлықтау оның ұрпағының зиратына барып тағзым етумен ғана шектелмеуі керек. Сәкеннің есімі мен мұрасы қала кеңістігінде де лайықты көрініс табуға тиіс. Біз кейде тарихи тұлғаларды ұлықтау туралы көп айтамыз, бірақ олардың есімін мәңгі есте қалдыратын нақты істерге келгенде неге енжармыз?

Тағы бір маңызды мәселе бар. Бүгін жоғары мемлекеттік лауазым атқарғаны үшін Ұлттық пантеоннан орын алған адамның ертеңгі күні жемқорлық қылмысы немесе өзге де заңсыз әрекеттері әшкереленсе ше? Айталық, бірнеше жылдан кейін оның қылмысы сотта дәлелденіп, халыққа жасаған қиянаты белгілі болса, не істейміз? Пантеондағы қабірінен қайта қазып алып, басқа жерге жерлейміз бе? Әлде мәрмәр тақтадағы жазуын ғана өшіріп, болған жайтты ұмытқан сыңай танытамыз ба?

Тарихтың таразысы уақыт өте келе өзгеріп отырады. Кезінде мінсіз басшы саналған кеңестік дәуірдің бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларының кейінгі жылдары саяси қылмыстары мен халыққа жасаған қиянаттары әшкереленді. Алысқа бармай-ақ, өз тарихымызға көз салайық. Тәуелсіз Қазақстанды ұзақ жыл басқарған экс-президенттің саяси мұрасы бүгінде қоғамда қайта бағаланып жатыр. Тіпті, көзі тірісінде өзіне орнатылған ескерткіштің кейін құлатылғанын да көрдік.

Бұл – уақыттың да, қоғамдық бағалаудың да өзгеретінін көрсететін мысал. Бүгін құрмет төріне шығарылған адамның ертең тарих алдындағы бағасы мүлде басқаша болуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қызмет атқарғаны үшін адамға мәңгілік құрметтің кепілін беру қаншалықты қисынды? Қызметтік лауазым адамның тарихи бағасын алдын ала анықтай алмайды. Бүгінгі биліктің шешімі ертеңгі ұрпақтың тарихи үкіміне айналмауы керек.

Оның үстіне, бүгінгі қоғамда көзі тірісінде-ақ өзіне зәулім кесене салдырып, мәңгілік мекенін алдын ала дайындап қоятын жағдайлар да кездеседі. Адамның қадірі өзі тұрғызған кесененің көлемімен немесе қабірінің сән-салтанатымен өлшенбеуі керек.

Пантеон ұлт жадын жаңғыртатын орын болуы мүмкін. Бірақ ол әлеуметтік теңсіздіктің өлімнен кейінгі жалғасына айналмауы тиіс. Мемлекеттік қызмет атқарған адамның да, ғылым мен мәдениетке ғұмырын арнаған адамның да, қарапайым еңбек адамының да адамдық қадірі бірдей.

Біреудің қабірі сарайдай, біреудікі қарапайым төмпешік болғанымен, топырақ бәріне ортақ. Мәрмәр мен гранит адамның ұлылығын арттырмайды. Қанша жерден биік кесене тұрғызсаң да, ол сенің елге жасаған жақсылығыңның орнын баса алмайды.

Адам өмірге жалаңаш келеді, дүниеден де дүние-мүлкін қалдырып кетеді. Артында қалатыны – жақсы аты, ізгі амалы, елге сіңірген еңбегі мен халықтың жүрегіндегі орны.

Тірілерге де, өлілерге де ортақ бір өлшем керек. Ол – адамдық қадір мен құрмет. Ұлылықты адамның қай жерде жерленгенінен емес, халықтың жадында қалай қалғанынан іздейік. Өйткені мәрмәр мазар мәңгілік емес, мәңгілік нәрсе – адамның артында қалдырған өнегесі.

Аслан Оспанов, журналист

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз