«Арқа ажары» мен «Көкшетау» газеттерінен оқитын түк қалмады деп жүргенде, «Бұқпа» одан да «тапқыр» тәсіл тауыпты: өзің жазбасаң да болады екен — біреу жазсын, сен көшіріп бас.

Оның үстіне «Арқа ажары» мен «Көкшетаудың» өзінде оқырманды таңғалдыратын дүние шамалы. Бірақ «Бұқпа» үшін бұл кедергі емес. Дайын ас суып қалмасын деп, қайта жылытып, оқырманның алдына ұсынады. Дайын асқа тік қасық деген осы.

Бір газет жазады. Екіншісі жариялайды. Үшіншісі көшіріп басады. Сөйтіп, үш газет шығады, бірақ кейде оқырманға бір ғана дүние үш рет ұсынылады.
Газет көбейді, контент көбеймеді.
Өз басым осы үш газетке де ақша төлеп жазылып отырмын. Үш түрлі басылымнан үш түрлі ой, үш түрлі көзқарас оқимын деп күтемін. Ал кейде бір газетті ашсаң — таныс мәтін. Екіншісін ашсаң — тағы сол. Үшіншісін ашсаң — «мынау қайдан таныс еді?» деп отырасың.
Сонда оқырманның да бір күні: «Бір материалды үш рет оқығаным үшін үш рет ақша төлеуім керек пе еді?» деп сұрайтын уақыты келетін шығар.
Әзіл былай тұрсын, газет деген — бір-бірінен дайын мәтін таситын эстафета емес. Әр басылымның өз үні, өз ойы, өз журналистік қолтаңбасы болуы керек.
Ал «Бұқпаға» айтарымыз біреу-ақ: дайын асқа тік қасық бола бермей, өз қазаныңды қайнататын уақыт жетті.
Өйткені оқырман үш газетке ақша төлегенде, бір газеттің үш көшірмесін емес, үш түрлі журналистиканы сатып алады.








