Әлеуметтік желілерде есімі көпшілікке танымал қазақ тілінде шығатын журналды басқарып отырған бір журналистің жұмыссыз қалғаны туралы жазба жүр. Ол басқарған журнал жабылып қалыпты. Жазбаның астында «Обал-ай, қиын болған екен, қазақ тілді басылымдарды неге жабады» деген пікірлер жүр. Зейнетке шығуына екі жылдай ғана уақыт қалған екен. Өмір бойы жукрналист болған әлгі азаматқа бұл жайдың қиын тиетіні айтпаса да түсінікті.
Жасанды интелектінің жемсауында жоғалатын мамандықтар
Осыдан біраз жыл бұрын Ресейдің бір ұйымы алдағы онжылдықта қажетсіз болып қалатын мамандықтардың тізімін жариялаған еді. Сол тізімде журналист мамандығы да бар. Бір кезде аса мәртебелі саналатын журналист мамандығының болашақта қажетсіз болып, жоғалатыны өте өкінішті.
Жасанды интелект қазір өмірімізге барынша терең еніп барады. Ертеректе фантастикалық шығармалардың сюжеті саналатын жайлар қазір өмір шындығына айналды. Компьютер, смартфон, интернет, әлеуметтік желілер, жасанды интелектпен жұмыс істейтін роботтар – бәрі бүгінгі өмір шындығы және оны адамдар тірліктің ажырамас бір бөлігі ретінде қабылдайды.
Таяқтың екі ұшының болатыны сияқты әр құбылыстың жағымды және жағымсыз жағы болады. Бір қарағанда өмірімізді соншалықты жеңілдеткен жасанды интелекттің тигізер ауыр зардабының да болатынын көбіміз онша аңғара қоймаймыз. Бірақ та, уақыт өткен сайын ЖИ-дің зардаптарымен бетпе-бет кездесіп жатырмыз. Соның бір зардабы ретінде жоғарыда тілге тиек еткен журналдың жабылып қалуына байланысты жұмыссыз қалған азаматтың жайын айтуға болады.
Егер байыптап қарасаңыз, жаңа технологиялардың енуімен бірге келіп жатқан қиындықтардың аз еместігін бағамдауға болады. Осыдан біраз жылдар бұрын әрбір мекемеде кассир деген мамандық иесі болатын. Оның міндеті – жалақыны банктен барып алып, қызметкерлерге тізім бойынша таратып беру. Мәртебелі мамандық саналатын кассир қызметі қазір мүлдем қажетсіз болып қалды. Өйткені, барлық мекемелер өз қызметкерлеріне жалақыны карта арқылы береді.
Сондай-ақ, ертеректе бюджеттік мекемелердің бәрінде машинистка деген мамандық иелері болды. Механикалық және кейінірек шыққан электр машинкаларымен олар түрлі құжаттарды басатын. Компьютердің енуімен машинистка деген мамандық та жоғалды. Енді әрбір қызметкер өзіне қажетті құжатты өзі теріп, басып алады.
Өмірімізге жасанды интелектінің кеңінен ене бастауы қажетсіз болып қалатын мамандықтар қатарын уақыт өткен сайын көбейтуде. Бұл өз кезегінде жұмыссыздықтың көбеюіне ұшырататыны анық.
Журналист қызметі неге қажетсіз болып қалады?
«Төртінші билік» атанып, қарапайым пенделер мен биліктің арасын жалғастыратын алтын көпір қызқметін атқарған мәртебелі журналист мамандығы жасанды интелекттің келуімен беделінен айрылып, қажетсіз мамандықтардың қатарына ығыстырылуда. Енді осының себептеріне кеңірек тоқатала кетейік.
Ең алдымен, интернеттің келуі ақпаратты таратудың жеделдігін арттырды. Аптасына бір рет, ары кеткенде күн сайын шығатын қағаз газеттер жаңалықтарды беріп үлгіргенше, интернетпен жұмыс істейтін әлеуметтік желілер, ютуб сияқты каналдар, веб-сайттар оны әп сәтте тарата алады. Тіпті, бұрынырақ ақпарат алаңын жалғыз билеп-төстеген телевидение де қазір интернетке өз орнын ығысып беруде.
Екінші себеп, қағаз газеттерді шығару өте қымбат, оған қағаз керек, баспахана қызметіне ақы төлейсіз, ақырсында тарататын пошта біраз ақшаңызды қақшып алады. Осының салдарынан қағаз газетті шығарудың өзіндік құны өте жоғары, осыған орай оған жазылу бағасы да қымбат. Сондай-ақ, қазіргі нарық жағдайында бұрынғы кеңес заманындағыдай билік адамдарды газетке күштеп мәжбүрлеп жаздыра алмайды. Осыдан келіп қағаз газеттердің таралымы қатты құлдырап барады.
Қазір интернетке қосылған смартфонды мектеп оқушысынан бастап, зейнеткерге дейін ұстайды. Интернет те қолжетімді. Бұның өзі интернетті қолданушылардың қатарының шарықтап өсуіне, керісінше қағаз газет-журналдарды оқитындар қатарының күрт азаюына әкеліп соқтырды. Қазіргі күні барлық ақпаратты тек интернеттен ғана алатын, газет оқымайтын, телевизор көрмейтін адамдар көп.
Осы жайлардың бәрі журналист мамандығына үлкен соққы болып тиюде. Бұрын газетке сыналып шығудан жұрт зәресі ұшып қорқатын болса, қазір адамдар әлеуметтік желіге жарияланудан шошитын болды. Кез келген адам смартфон арқылы видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желі арқылы тарата алады. Яғни, енді журналисті шақырып, оған жалынып мақала жаздыру немесе телевидениеге сюжет түсіртудің еш қажеті жоқ. Бұны әрбір адам өзі-ақ жасай алады. Ал кәсіби негізде дайындалып, әсері мол болсын десеңіз, блогерге ақша төлеңіз, ол бәрін қатырып жасап береді.
Қазір мына жағдай анық байқалып отыр: қағаз газет-журналдарға деген сұраныс азайып, оның таралымы қатты түсуде. Бұның өзі уақыт өте келе қағаз газеттердің жаппай жабылып, веб сайттарға немесе ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы тарататын блогерлердің қызметін пайдалануға көшудің тиімді болатынын көрсетеді. Яғни, нарық жағдайында бәсекеге қабілетсіз болып, сұранысы азайған газет-журналдар алдағы уақытта орнын әлеуметтік желілер мен интернетке бермек.
Ақылды адам болашағын ойлайды
Шығыстың даналығы туралы жазылған «Кәлилә мен Димнә» деген кітапта үш балық туралы ертегі бар. Бір кішкентай көлшікте үш балық өмір сүріпті. Жаз бітіп, күз жақындағанда су тартыла бастайды. Қатер төнгенін сезген ақылды балық кішкентай көлшікті үлкен сумен жалғап тұрған жылға арқылы жүзіп барып үлкен суға өтеді.
Көп ұзамай су тартылып, үлкен сумен байланыстырған жылға кеуіп қалады. Бір күні көлшікке екі балықшы келеді. Мында балық болуы мүмкін, ау салып байқайық дейді олар. Соны естіген ақылы аздау балық «ақылды балыққа еріп, үлкен суға барғанымда мұндай қатерге ұшырамас едім, енді құтылудың амалын ойлану қажет» дейді. Содан ол өтірік өлген болып су бетінде қозғалыссыз жатады. Балықты көрген балықшылар «манау балық өліп қалыпты, сыртқа лақтырып тастайық» деп балықты алып жағаға қарай лақтырып жібереді. Құрғаққа түскен балық шорши секіріп, үлкен суға барып сүңгіп кетеді.
Үшінші ақымақ балық олай-бұлай жүзіп жүргенде балықшылар ау салып, ұстап алыпты. Бұл ертегінің астарында үлкен шындық бар. Адамдардың арасында да сол үш балық сияқты ақылдылары, ақылы аздаулары мен ақымақтары бар. Ақылды жандар қазіргі жайға талдау жасай отырып, қандай мамандықтардың болашақта жоғалып, қажетсіз болатынын түсінеді және соған орай өз мамандықтарын өзгертіп, қауіптен сақтанады.
Қандай мамандықтардың жойылу қаупі бар
Бұл сұраққа жауап беру үшін данышпан болудың еш қажеті жоқ. Жан-жағыңызға ақыл көзімен байыптап қарасаңыз, бәрі көзге шыққан сүйелдей анық көрініп тұр. Жасанды интелект ығыстырып жатқан мамандықтар жетерлік.
Шет елдердің үлкен қалаларында қазіргі күні жүргізушісіз жүретін, жасанды интелект арқылы басқарылатын таксилер көбеюде. Күні кеше әлеуметтік желіде сондай таксидің Алматыда пайда болғаны туралы видео жарияланды. Яғни, ол біздің елімізге де келіп қалды деген сөз. Ал жасанды интелект арқылы басқарылатын таксилер болашақта такси жүргізіп, нәпақа тауып жүрген мыңдаған адамдарды жұмыссыз қалдыратыны даусыз.
Соңғы кезде көбейіп кеткен Яндекс жеткізіп беру қызметі арқылы табыс тауып жүргендер де көп ұзамай жұмыссыз қалатын түрі бар. Өйткені, күн санап жасанды интелектке негізделген робот жеткізушілер көбеюде. Ондай роботтар біздің еліміздің үлкен қалаларында да жұмыс жасауда.
«Бухгалтерия» деп аталатын ехсел программасымен жұмыс істейтін қосымша бухгалтер болып күнін көріп жүргендерді нәпақаларынан айыратын сыңайлы. Бұндай қосымшаны орнатып алсаңыз, бухгалтер ұстап, оған ақша төлеудің еш қажеті жоқ. Бәрін оп-оңай әлгі қосымшаның көмегімен өзіңіз жасай аласыз.
Болашақта заңгер, дәрігер, мұғалім мамандарын да жасанды интелект алмастыруы мүмкін. Дамыған шет елдерде роботтар ауруларға диагноз қойып, тіпті ота да жасауда. Ал интерактивті тақталар арқылы қашықтан сабақ өткізу әдісімен мектепсіз, мұғалімсіз балаларға білім беру мүмкіндігі туып отыр.
Бірқатар Батыс елдерінде министрдің міндеті жасанды интелектке жүктелгені туралы ақпараттар таралуда. Қомақты жалақы алатын, оған қоса көмекшісі, жүргізушісі бар бір басына қыруар қаржы жұмсалатын министрді жасанды интелектпен ауыстыру көп ақша үнемдеуге игі ықпалын тигізеді және оған қоса, жемқорлық заңсыздықтардың алдын алады. Мұндай тәжірибе болашақта бізге де келетіні анық. Жасанды интелект жалғыз министрлерді ғана емес, көптеген мемлекеттік қызмет саласындағы лауазым иелерін ауыстыра алатыны сөзсіз.
Сауда үйлері мен базарларда сауда жасап нәпақа тауып жүрген мыңдаған, тіпті милиондаған адамдардың ертең жұмыссыз қалу қаупі күшейіп келеді. Таяуда бір блогердің Лос Анджелес қаласындағы сауда үйлері орналасқан үлкен көшедегі сауда орталықтарының жаппай жабылып жатқандығы туралы видеосын көрдім. Қазір сауда үйлері мен орталықтарын интернет арқылы сауда жүргізетін интернет дүкендер алмастыруда. Біздің елімізде де Каспи банкінің интернет дүкені арқылы тапсырыс беріп, сатып алудың белең алып бара жатқаны байқалуда. Бұл болашақта сауда орталықтарының жұмысын тоқырататыны анық.
Осы жайлардың бәрі жаңа ақпараттық технология мен жасанды интелекттің болашақта көп салалардың жұмысын атқарып, сол салаларда еңбек ететін адамдарды жұмыссыз қалдыру қаупін анық байқатады. Әрине, болашаққа назар аударатын ақылды адам бұл жайды анық көреді және соған орай қосымша мамандықтар алып, өзін қауіпсіздендіреді. Ал ақылы аздау жандар мен ақымақтар ештеңеден қаперсіз жұмыстарын істей бермек. Тек ертең мамандығы қажетсіз болып, жұмыссыз қалған кезде ғана ақылы аздау жандар жанталасып қиындықтан шығар жол іздемек, ал ақымақтар тағдыр салды, біз көндік деп түңілуге бой алдырмақ.
Итпекші керек
Әлемге есімі танымал Эрнест Хеменгуеи деген жазушының осы аттас әңгімесі бар. Онда өз бетінше ойлап, өмір сүре алмайтын, ит сияқтандырып әлдекімнің үнемі жетелеп жүруін қажет ететін адамдар туралы әңгімеленеді. Өкініштісі, сондай жетектеп жүретін итпекшісіз өмір сүре алмайтын адамдар қазір де өте көп.
Кеңес дәуірі сондай итпекшісіз өмір сүре алмайтындардың заманы болды деуге болады. Ол кезде дайын жұмыс болатын, басыңды ауыртпайсың, берілген тапсырманы орында да жүре бер. Жалақы төлейді. Тегін үй береді, байып кетпесең де қоңырқай тірлік кешуге жалақың жетеді.
Ал нарық адамдардан өз бетінше ойлап, жауапкершілікті мойындарына алып, әрекет жасауды талап етеді. Нарыққа көшкенімізге біраз жылдар өтсе де, әлі күнге дейін біреудің жетегінсіз өз бетінше ойлап, әрекет жасауға қабілетсіз жандар көп. Жасанды интелект әкелетін қиындықтан болашақта қатты зардап шегетіндер де дәл сондай адамдар болатыны анық. Жоғарыда айтып кеткен жұмыссыз қалған жабылған журналдың редакторының жайы осыған дәлел. Уақыт өткен сайын ондайлардың саны көбейе бермек.
Сақтансаң – сақтайды
Кеңес заманында бір мекемеде зейнетке шыққанша табан аудармай жұмыс істейтін адамдарды мақтанышпен атайтын. Қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Бір басында бірнеше мамандығы бар, бір мезгілде бірнеше жерде қатар еңбек ететін адамдар көбейді. Бұның өзі заман талабынан туған өзгеріс екендігі анық.
Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық басқарманың басшысы қызметін атқарып жүрген Ринат Галлямов деген азамат қызметін тастап, блогер болып кетті. Облыстық басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған Шаймұрат Тыныбеков деген азамат та жұмыстан кетіп, жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Олардың екеуі де жаңа жұмыста жақсы табысқа жетіп, өздерін басқа қырларынан танытып жүр.
Қазақпараттың Ақмола облысындағы меншікті тілшісі және сонымен бірге Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде қызмет істеген Аслан Оспанов та жұмыстарын тастап, жеке кәсіпкерлікке ден қойды. Оның қазір бірнеше сайттары бар. Сондай-ақ, ол бағасы 4-5 млн теңге тұратын кәсіби сайттарды үлкен компанияларға жасап беру қызметін атқарады. Бүгінде ол 30-дан астам сайтқа техникалық қолдау қызметін көрсетеді. Ол сайттар сол үшін ай сайын жақсы ақша төлеп тұрады.
Бір жұмысқа байланып қалмай, заман талабына сай кәсібін өзгертіп, жаңа болашағы бар салаларда өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүрген осындай адамдар еліміздің қай өңірінде болмасын кездеседі. Ондай жандарды жоғарыда айтылған үш балық туралы ертегідегі ақылды балықпен салыстыруға болар еді. Өйткені, бұл адамдар болашағы бұлыңғырлау салалардан кетіп, жаңа саланы меңгеру арқылы өмірден орындарын тапқан жандар.
Осы арада мына жайға назар аударып көріңіз: егер де жоғарыда айтып кеткен жұмыссыз қалған журнал редакторы бір салаға байланып қалмай, қосымша мамандықтар алған болса, дәл қазіргідей қиындыққа тап болмасы анық еді. Журнал жабылып қалды ма, онда басқа салаға ауысыңыз да, бұрынғыға қарағанда көбірек табыс тауып, еш қиналмай өміріңізді жалғастырыңыз.
Біз қазір алмағайып ауыр кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интелект өмірімізге барған сайын тереңдеп еніп барады. Осыған орай, бұрын беделді және сұранысқа ие болған көптеген мамандықтар қажетсіз болып, сол салада еңбек еткен адамдар жұмыссыз қалуда. Бұндай жағымсыз құбылыс алдағы уақытта көбейе бермек. Ол сіздің де өміріңізге ауыртпалық әкелмесін десеңіз, осы бастан қам жасап, жаңа қажетті мамандықтарды игеріңіз. Солай жасау арқылы сіз өз болашағыңызды қауіпсіздендіресіз. «Сақтансаң – сақтайды» дейді қазақ.
Қалкөз Жүсіп.







