Барша адамды теңестіруді басты мұрат етіп ұстанған коммунистік жүйеде мансапқа, жеке басқа табынудың шарықтау шегіне жеткені кереғарлық сияқты сезіледі. «Бостандық. Теңдік. Туысқандық» деп ұрандатқан коммунистердің мансапқа сонша бас иіп, табынулары өздері ұстанған идея атаулыны теріске шығарып, мәнін аяқ асты ететіні қайран қалдырады.
Мансап – дамыған қоғамда құндылық болып саналмайды
Әлемдегі ең бақуатты елдердің бірінен саналатын Норвегияда тұрып, жұмыс істеп жатқан қазақ жігітінің сол ел жайындағы видеоларын көріп тұрамын. Мұнаймен байыған бұл елде өндірілетін мұнай көлемі біздің елмен салыстырғанда көп төмен. Бірақ бар байлықты ысырап етпей, халық игілігіне қолданудың арқасында Норвегия шылқыған бай мемлекетке айналған. Қазір бұл елдің ұлттық қорында 1,6 трлн доллар қаржы бар екен. Әр адамға шаққанда ол 300 мың доллардан келеді.
Осындай қор жасап алған мемлекет ештеңеден саспайтыны анық. Бұл елде кедейшілік деген атымен жоқ. Қысы суық елде адамдар жүретін жағажолдардың (тротуар) астына электр қыздырғыштар орнатылады. Соның нәтижесінде жауған қар еріп кетіп, жағажолдар ешқашан қатып, көктайғақ болмайды.
Бәрі қарапайым халықтың игілігіне қызмет ететін Норвегияда қызығы сол, мемлекеттік қызмет саласында істейтін лауазымды тұлғаларға біздегідей ерекше жағдайлар жасалмайды. Оны айтасыз, олардың жалақылары қарапайым қызметкерлермен бірдей және оған қоса үлкен жауапкершілік пен қатаң тәртіп бар. Сәл-пәл тәртіп ережесін бұздың ба, қатаң жазалайды. Мемлекеттік қызмет кезінде таксиге аздап ақшаны көбірек төлегені үшін бір лауазым иесі 11 айға қамауға алынып, қызметтен қуылыпты.
Әлеуметтік желілерде милиондаған тұрғыны бар алып шахар Лондонның мэрінің жұмысқа электричкамен бара жатқаны туралы материал жарияланды. Орын жетпеген мэр электричкада түрегеп тұр. Ал Париждің мэрі жұмысына велосипедпен барады екен. Германияның канцлері болған Ангела Меркелдің дүкеннен арба сүйреп азық-түлік алып жатқаны жайынадғы видео кең таралды.
Биік лауазым иелерінің қарапайым халықпен бірге солардың ортасында жүруі дамыған елдерде үйреншікті қалыпты жай болып саналады. Оған ешкім де таңырқамайды және солай болуы тиіс деп қабылдайды.
Мансап атадан қалған мұра емес
Біздің еліміздегі қазіргі мансапқа деген көзқарас, мансап иелерінің өздерін ұстауы, халықпен байланысы – сол кеңес заманында қалыптасқан мансапқа табынатын ескі көзқарастың шеңберінде қалып қойған. Мансапқа қолы жеткен пенденің мінезі күрт өзгеріп, өзін аспанда өзге әлемде жүргенедй сезіне бастайды. Олай етпегенде қайтсін. Өйткені, қазіргі өзіміз өмір кешіп жатқан қоғамдағы мансапқа деген мемлекеттің ұстанымы ақылы аздау пенделердің өздерін жарымқұдайдай сезінулеріне толықтай жағдай жасайды.
Ең алдымен, мансап иесіне бізде өзгелерден ерекше айрықша жағдайлар қарастырылады. Оның ат шаптырым жеке жұмыс бөлмесі, көмекшісі, хатшысы, демалатын бөлмесі мен қызмет автокөлігі, шопыры болады. Ол ешкімнің алдында есеп бермейді, қарамағындағы адамдар үшін қалағанын істей алатын патша сияқты. Жұмысқа кімді аламын, кімге қандай қызмет беремін, қызметтен қуамын – бәрін өзі жеке дара шешеді. Оның өкілдігін шектейтін заң жоқ.
Заң мүлдем жоқ деуге болмайды, бірақ бар заң дұрыс жұмыс істемейді. Басшылардың қызметін реттейтін заңдардың бәрі шалажансар өлі заңдар. Соны пайдаланған басшы атаулы ойларына келгенді жасап, алшаң басып жүреді.
Егер ақылға салып байыппен қарайтын болсаң, мансап иесі де, қарапайым қызметкер де жалданып жұмыс істеп жатқан жалдамалы қызметкерлер. Бірақ, басшы өзін сол мекеменің қожайынындай сезінеді. Өйткені, біздегі қалыптасқан түсінік ережелер мен заң оларға солай әрекет жасауға толықтай мүмкіндік беріп қойған.
Қызметкер басшының құлы емес
Ойларына келгенді жасап жаман үйренген басшылар қарамағындағы қызметкерлерін әкесінен мұраға қалған құлындай көретіні ешкімге құпия емес. Мәселен, қызмет көлігінің шопыры – бұл басшының құлақ кесті құлы іспетті. Ұзақ жылдар бір бастыққа шопыр болған жігіт айтады: күнде таңертең бастықтың қызының мектепте оқитын баласын мектебіне апарып тастаймын. Бастықтың қызының қатаң тапсыруы бойынша оның сөмкесін мен көтеріп жүремін. Өйткені, оған ауыр сөмке көтеруге болмайды екен. Бірде шыдамай «сенің ұлыңмен жасты менің балам өз сөмкесін өзі көтеріп жүр» деп едім, «ол сенің балаң, ал менің балам ешқашан ауыр сөмке көтермейді» деді.
Жәрайды, бастығының немересін мектепке апарып, сөмкесін көтеруден ештеңе бүлініп кете қоймас делік. Ал енді сол бастықтар өзге елді мекенде, шалғай өңірлерде тұратын туыс-бауырларының той-томалақтарына мемлекеттің машинасын шопырымен және мемлекеттің есебінен құйылған бензинмен баратынына не дейсің. Сондай тойқұмар бір бастықтың шопыры былай дейді: «кейде тойға, немесе дұғаға шалғай ауылдарға барамыз, сонда қонуға тура келеді. Төсек деген жоқ, еденге жата кетесің. Шала ұйықтап, тұрған соң бастықтың туыстарының шаруаларына алашапқын болып және біраз шапқылайсың. Содан шаршап-шалдығып үйге әзер жетемін».
Оны айтасыз, бір бастық білдей қызметкерін саяжайына апарып картоп еккізіп қойыпты. Кранның суын ішуден жиренетін әлгі бастық қала сыртындағы бұлақтан су алдырып ішетін. Шопыры болсын-болмасын су тасиды. Оған көмектесу үшін және бірнеше қызметкерді жұмыс уақытында суға жіберетіні бар әлгі бастықтың. Ол байғұстар қыңқ деп қарсы сөз айта алмайды. Айтса, жұмыстан шығарамын деп әкіреңдейді және жәй қорқытып қоя салмай, керек болса қуып шығады. Оған әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Міне, біздегі мансап жүйесінің қазіргі бейнесі осындай.
Бақылау жоқ, бетімен кеткен басшылар
Жемқорлық деген қоғамымызды әбден жайлап алды. Бұған қарапайым халықтың әбден еттері өліп, үйреніп кеткендей. Қолында билігі бар басшылардың бәрі қолынан келген соң қонышынан басып омырып жеп жататынын жұрт көріп те, естіп те жүр. Жалақымен жан бағатын әлгі басшылардың өздері де, туыстары да аз уақытта мұрындарынан есекқұрт түсердей мыңғырып байып шыға келеді.
Бастықсың ба, қымбат автокөлігің, сәулетті зәулім үйің болуы тиіс. Бұл жазылмаған заң іспетті. Оған қоса, айтқаныңды екі етпейтін сұлу сымбатты хатшы қызың, ләппай тақсыр деп бас шұлғып тұратын жас елгезек көмекшің болуы шарт. Бұндай түсінік, дәстүрдің бәрі Назарбаев дәуірінде санаға сіңгені белгілі.
Милиондап, милиардтап мемлекет қаржысын ұрлаған жемқорлардың ұсталғаны туралы ақпаратты күн сайын дерлік оқып, тыңдап жүреміз. Аудандық білім бөлімінің біраз қызметкерлері бірнеше милиард теңге қаржы ұрлапты. Япырым-ау, ауданның бюджетінің өзі ондаған милиард қана ғой, сонда бірнеше милиард теңгені жымқырғандарды ешкім білмеген, көрмеген, сезбеген бе? Сонша ақшаны оп-оңай ұрлап жатса, онда мемлекет тарапынан бақылау дегеннің мүлдем жоқ болғанын көрсетпей ме бұл?
Қазір мына нәрсе дау туғызбас шындық болып тұр: еліміздегі ең бай адамдардың бәрі қолдарында үлкен билігі бар шенеуніктер. Бүгінде шет елде қашып-пысып жүрген олигархтардың бәрі де бұрыңғы шенеуніктер. Бұл нені көрсетеді? Бұл елімізде мемлекет қаржысын басшылардың қалай пайдаланатынына ешқандай бақылаудың жоқтығын айғақтайды.
Кеңес заманында халықтық бақылау комитеті деген болды. Оның құрамына қарапайым жұртшылық өкілдері кірді. Одан қалды, ревизиялық тексеру органдары болатын. Ревизор келе жатыр дегенді естігенде жалпақ тілмен айтқанда жұрт қорыққандарынан «кіш етіп қоятын».
Қазір ревизордың өзі де, ол туралы түсінік те жоқ. Ревизор деген сөзді бүгінде қолданыстан мүлдем алып тастадық. Оның есесіне милиардтап жейтін сыбайлас жемқорлық деген сөз қолданыстан түспейтін қастерлі ұғымға айналды. Жемқорлық пен мансапорлық бүгінде бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым болып кеткендей.
Ел боламын десең, есірген шенеуніктерді тый
Қазіргі тәуелсіз еліміздің ең қатерлі және бітіспес жауы – жемқор шенеунік десек, артық айтқандық болмас. Жемқор шенеунік ел қаржысын ұрлап, халықты кедейлікке ұшырататыны өз алдына, қарапайым жұртшылықтың билікке деген сенімін, сол арқылы мемлекетке деген сый-құрметін жояды.
Дамыған бақуатты елдерге қараңызшы, олардың бәрі жемқорлықты тыйып, мансапқорлыққа тежеу салған. Халқының саны 120 млн жапон еліндегі мемлекеттік қызметкерлердің саны Қазақстаннан үш еседей кем екен. АҚШ пен Батыс елдеріндегі жағдай да осыған ұқсас. Біздегі басшыларды қараңыз: орынбасарлары, көмекшілері, хатшылары, шопырлары бар. Бір адамға бір қора адам қызмет қылады. Бәрі мемлекеттен ақша алады.
Шенеуніктердің бәрінің қызмет автокөлігі бар. Жәй автокөлік емес, ең қымбат, екінің бірінің қолы жетпейтін шетелдік көліктер. Ал қызмет пәтері дегенің және бар. Үлкен бастықтарға берілетін ондай пәтерлер мен үйлерің қарапайым жұрттың түсіне кірмейтіндей аса қымбат болып келеді. Павлодар қаласы әкімінің қызметтік үйін салдыруға жұмсаған ақшасы туралы ақпарат шықты. Құдай-ау, анандай ақшаға үлкен мектеп салып алуға болады. Міне, ашкөздік деген. Мемлекет қаржысы есебінен өте қымбат көлік алып, қымбат үй тұрғызады. Іссапарға шықса ең қымбат ұшақтарға қымбат билет алып, бес жұлдызды бағасы бас айналдырар люкс номерлерге тапсырыс береді. Мейрамханалардан тамақ ішеді. Бәрі мемлекет есебінен.
Ал шетелдерде қалай? Жоғарыда мысал ретінде айтқан Норвегияда үлкен шенеуніктердің тіпті, қызметтік автокөліктері жоқ. Жекеменшік көліктерін пайдаланады. Мемлекеттік қызмет бабымен бір жаққа барғысы келсе, таксиге тапсырыс береді. Лондон мэрінің электричкамен жұмысқа баруы үйреншікті жай. Ал бізде қызметтік көлік – бұл шенеуніктің әкесінен мұраға қалған жеке меншігі іспетті. Оны қызмет бабымен де, қызметтен тыс уақытта жеке мақсатына да пайдаланады. Қызметтік көлік оның балаларын, немерелерін тасымалдайды, тойға, дұғаға барады. Ешкім тексеріп, тиым салып жатқан жоқ.
Қарапайым халық осылардың бәрін көріп, біліп отыр. Бұның өзі халықтың билікке деген сенімін сетінетіп, жеккөрінішін күшейтеді. Қазір шетелдерге шығатын қазақтар көп. Сол елдің жағдайын көріп, білген олар соны жұртқа таратып жатыр. Көкірек көзі ашылған жұрт түптің түбінде әбден есіріп, ақылдан да, тойымнан да жұрдай болған шенеуніктерді тәртіпке салуды талап етері анық.
Жалпы, қазір мына жай анық болып тұр: елімізді өркениетке жеткіземіз десек, өткеннен қалған қатерлі дерт – мансапқорлықты, жемқорлықты тыюымыз қажет. Егер оған шамамыз жетпесе, онда еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Қара басынан басқаны ойламайтын тойымсыз шенеунік өзінің де, елдің де түбіне жетері анық. Сондықтан, мансап туралы арнайы заң қабылдап, олардың қызметін реттеу, бақылау мәселесін шешу қажет. Бұл – уақыт талабы.
Қалкөз Жүсіп.







