Әлемде жер аумағы және табиғат байлығы жөнінен бірінші орын алатын Ресей мемлекетінің халқы қазір қайыршылық жағдайда өмір кешіп жатыр. Әлеуметтік желілерде осы елдің зейнеткерлерінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен қоқысқа тасталған азық-түлік өнімдерін таласа-тармаса алып жатқанын бейнелеген бейнероликтер жүр. Соғыс басталғалы бері Ресейден шет елдерге милиондаған адам кеткен. Әлем елдері тарапынан қатаң санкцияға ұшыраған Ресейдің экономикалық ахуалы жыл санап нашарлап барады.
Әлемдегі алпауыт державалардың бірі саналатын Ресей Украинадағы соғыс басталғанға дейін қаржы-экономикалық әлеуеті жағынан ТМД елдері арасында көшбасшы болған еді. Бұл елдегі жалақы, халықтың өмір сүру деңгейі өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болды. ТМД елдерінен, соның ішінде біздің Қазақстаннан да көптеген азаматтар Ресейге ақша табу үшін жұмысқа баратын. Ал қазіргі жағдай мүлдем басқаша…
КСРО заманында Ресейдің провинциясы сияқты болған одақтас республикалар тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда да Ресейдің ықпалынан толық шығып кете алған жоқ. Қазақстанда ресейлік компаниялар өнеркәсіп саласының басым бөлігін уысында ұстап отыр. Еуроазиялық одақ деген шын мәнінде Ресейдің өзге елдерге ықпалын заңдастыратын қоғам болып шықты. Осы одақ аясында ресейлік компаниялардың өнімдері Қазақстан нарығына емін-еркін кіреді, ал біздің өнімдерімізді олар қырық түрлі сылтау айтып, өздеріне енгізбейді. Дүкендерде толған ресейлік өнімдер.
Біздің Парламентіміз, Үкіметіміз, барлық деңгейдегі әкімдіктер әлі күнге дейін орыс тілінде сөйлейді. Іс қағаздары да негізінен орыс тілінде жүргізіліп келеді. Ақпарат құралдарының басым көпшілігі орыстілді. Оны айтасыз, жер-су, елді мекен, көше атауларын қазақыландыруға да шамамыз жетпей отырғаны шындық. Осының бәрі орыс әлемінің біздегі ықпалының зорлығын көрсетеді.
Дегенмен де, 2022 жылдың ақпанында Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысы басталған соң жағдай күрт өзгерді. Ең алдымен, қазақстандықтардың көзқарасы өзгере бастады. Ұлттық, отаншылдық рух күшейе түсті. Орыс тілінде сөйлейтін қазақтарды былай қойып, өзге ұлт, соның ішінде орыс ұлтының өкілдері қазақша тіл үйренуге ден қоя бастады. Бұрын Ресейге қарап өмір кешкен адамдардың көбі енді Қазақстанды өз Отаным деп санап, мемлекеттік тілді үйренуге, қазақтың тарихы мен дәстүрлерін білуге ынталана түсті.
КСРО-ны, реті келсе бұрыңғы Ресей империясын қалпына келтіруді мақсат еткен және соны жасырмай әлемге жариялап жүрген Путин билігінің саясаты айналадағы елдердің халқын шошытып, Ресейден теріс айналуға түрткі болды.
Соғыс басталған соң көп ұзамай Ресей аумағында жұмыс жасап жатқан шетелдік компаниялар түгел жұмыстарын тоқтатып, елден кетті. Әлем елдері тарапынан жасалып жатқан санкциялардың әсерінен Ресейдің өнеркәсібі тұралап қалды. Қазақстанда жұмыс істейтін ресейлік компаниялардың жұмысы да қожырады. Осыдан бірнеше жыл бұрын тендерде жеңіп, еліміздің бірқатар өңірлерінен, соның ішінде Көкшетаудан ЖЭО салуы тиіс болған Ресей компаниялары қаржы тапшылығынан бұл міндетті орындай алмады. Соның нәтижесінде аталмыш құрылыс нысандарын басқа мердігерлер алды.
Осылайша, Ресей компанияларының еліміздегі ықпалы ақырындап әлсіреп барады. Ал күні кеше Украина дрондары Яндекстің бірқатар дата орталықтарын атқылап, істен шығарды. Соның салдарынан Қазақстандағы аталмыш компанияның қызметтері уақытша тоқтады. Яндекс такси, Яндекс жеткізу сияқты қызметтер тоқтап, мыңдаған адам жұмыссыз қалды.
Қазақ «біреу өлмей, біреуге күн жоқ» дейді. Сол сияқты елімізде бірқатар салаларда монополиялық үстемдікке ие болып отырған ресейлік компанияның орнын басуға ұмтылған қазақстандық құрылымдар өз жұмыстарын бастауда. «Қажет», «Апару» аталатын такси қызметін көрсету компаниялары айналдырған бірер күнде халыққа кең танымал болып үлгірді. Қазір осы компаниялардың қосымшасын жүктеп алып, соған тіркеліп жұмыс істеуге ниеттенген адамдар саны күн санап өсуде.
Яндекс компаниясы соңғы күндерде жұмысын қайта жолға қоя бастағанымен, украйналықтар тарапынан шабуыл толастамай отыр. Алдағы уақытта Яндекстің орталық қызмет нысандары соққыға ұшыраса, оның жұмысының мүлдем тоқтап қалуы мүмкін. Яғни, бұның өзі қазақстандықтардың бұрыңғыша Яндекстің қызметін еш іркіліссіз пайдалана береміз деген үмітіне сызат түсіреді. Керісінше, бұл жағдай отандық компаниялардың қызметін жандандырып, нарықта өз орындарын табуына игі ықпалын тигізбек.
Жалпы, Ресейдің Украинаға шабуылы басталғалы бері Қазақстанда алып державаның тәуелділігінен шығу бағытында көп шаруалар атқарылды және қазір де атқарылып жатыр. Ең алдымен, шет елдерге шығарылатын қазақстандық мұнай өнімдерінің 90 пайыздайын қамтып отырған КТК атты ресейлік тасымалдау құбырына тәуелділікті жою мақсатында Ресейден тыс аумақпен мұнай өнімдерін тасымалдау жобалары қолға алынуда. Бұл бағытта жақсы жетістіктер де бар.
Ауыл шаруашылығы тауарларымен өзімізді қамтамасыз ету бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір дүкендерде бұрыңғыдай тек Ресей мен Белорусьтің өнімдері емес, отандық өндірушілердің өнімдері көптеп көріне бастады. Ресейдің мұнай өңдеу кәсіпорындарының істен шығуынан туындаған жанар май тапшылығына қатысты сол елден жабдықталып келген іргелес біраз елдер зардап шексе, Қазақстанға оның еш әсері болған жоқ. Бұл еліміздің жанар жағар маймен өзін толық қамтамасыз етіп отырғанын көрсетеді.
1991 жылы КСРО ыдыраған соң Қазақстан тәуелсіздігін алды дегенмен, шын мәнінде біз Ресейдің жартылай отары болып қалған едік. Ал 2022 жылы Украинамен соғыс басталған кезден бастап, Қазақстан Ресейдің ықпалынан ақырындап шыға бастады. Яндекс компаниясына қатысты жағдай Ресей ықпалынан шығу жолындағы тағы бір қадам болғаны анық.
Қазақ тілді Қажет такси компаниясын ұйымдастырған жігіттер айналдырған үш күннің ішінде 100 мыңнан астам тапсырыс орындағанын айтып, қуаныштарын әлеуметтік желіде жариялады. Өз елімізде отандық компаниялардың жұмыс істеуі қуанарлық та қолдарлық та оқиға. Ұзағынан сүйіндірсін, дейміз және де еліміздегі осындай Ресейдің ықпалынан шығу бағытында болып жатқан оң өзгерістердің бәрі осы елдің, оның басшысы Путиннің жүргізіп жатқан саясатының «жемісі» десе, артық айтқандық болмас. Егер Ресей Украинаға басқыншылық жасамай, өз экономикасын бұрыңғыша дамыта бергенде сол елдің жартылай отары болып қала берер ме едік, кім білсін. Осы орайда, Ресей басшысына алғыс айтуымыз қажет шығар…
Қалкөз Жүсіп.








