Басты бетКөзқарасЖурналистердің жалақысы неге аз?

Журналистердің жалақысы неге аз?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Әлеуметтік желіде зейнет демалысындағы бір журналист Жезқазған өңірінде директор-бас редактордың орындасары болып істейтін біреудің бес жүз мың теңге жалақы алатынын таңғала жазыпты. Сол жазбаның астындағы пікірлерде журналисттердің өздерінің жалақыларының одан әлдеқайда аз екендігін, соны қанағат етіп жүретінін айтады. Осы жазбаларға қарап отырып, бір кезде мәртебелі мамандық саналып, жалақысы да өзгелерден бір бас жоғары тұратын қаламгерлердің қазіргі адам аярлық ахуалын сезіне түскендей боласың.

Иә, мен де журналистпін. Қазір зейнет демалысындамын. Кеңес заманында аса мәртебелі мамандық саналатын журналистердің табысы  біршама жоғары болды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда да журналистер жалақысы өзгелермен салыстырғанда жақсы мамандардың санатынан еді. Ал соңғы бес-он жылдың ішінде баспасөз саласының мамандарының күнкөріс жағдайы ауырлап кетті. Оны әріптестерімізбен кездесе қалғанда үнемі естіп жатамыз. Осы орайда, неге журналистердің табысы өзгелермен салыстырғанда аз деген мәселеге назар аударып, себебіне үңіліп, мәселенің мән-жайын талдап көрсем деймін.

Журналист мамандығының қазіргі күні қадірінің түсіп, табысының азайып кетуінің негізгі себептеріне тоқталар болсақ, ең алдымен қағаз газеттердің уақыт талабына жауап бере алмай, ақпарат алаңында басқа ақпарат құралдарына орнын беруі деген жөн болады.

Кеңес заманын былай қойып, 2000-шы жылдардың басын алып қарайықшы. Сол кезде үлкен қалаларда газет-жорнал сататын дүңгіршектер қадам басқан сайын кездесетін. Астаның вокзалының ішінде сондай дүңгіршектердің бес-алтауы болатын. Жұрттар газет-жорналды жапатармағай сатып алып жататын. Қалааралық пойыздарда иыққа асқан сөмкелерін газет-жорналға толтырып алып, соны сатып жүретін сатармандар көп болатын. Соңғы жыдарда сол дүңгіршектердің бәрі дерлік жабылды. Газет-жорналды ешкім сатып алмайтын болды. Бюджет мекемесі қызметкерлерін кеңес заманындағыдай күшпен мәжбүрлеп баспасөзге жаздыру тиылған соң-ақ, газеттердің таралымдары күрт түсіп кетті.

Осы арада мына жайға назар аударып қараңыз:  Кеңес заманында аптасына бес рет шығатын Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті бүгінде аптасына екі рет шығады. Кеңес заманында елуден артық адам еңбек етсе, қазір мұнда жұмыс істейтіндердің саны техникалық қызметкерлерді қосқанда 10-ға жетпейді. Таралымы ертеде 14-15 мың болған газеттің бүгінгі таралымы 1200 дана. Ақмола облысының орыс тілінде шығатын ертеде «Целиноградская правда», қазіргі күні «Акмолинская правда» аталатын газеті кеңес заманында 153 мың дана болып таралған еді.Қазіргі таралымы 1,5 мыңның көлемінде.  Осыдан не түюге болады?

Соңғы 20-30 жылдың ішінде аталмыш газеттердің таралымы ондаған есеге, апталық шығарылу жиілігі екі еседен астам, қызметкерлер саны бес есеге жуық кеміген. Орыс тілінде шығатын «Акмолинская правда» газетінің таралымы 100 есеге азайыпты. Бұл жалғыз Ақмола облыстық газеттеріне қатысты жай емес, еліміздегі барлық аймақтық газеттердің жағдайы осындай. Яғни, газеттердің таралымы, жұмыс істейтін адам саны, апталық шығу жиілігі – бәрі кеміген. Кемімеген жалғыз нәрсе бар, ол – газеттерді қаржыландыру жайы.

Иә, газеттердің таралымы, онда еңбек ететін адам саны, апталық шығу жиілігі кеміп жатқанына қөарамастан, оны шығаруға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі көбеймесе, азаймай отыр. Неге десеңіз, баспахана, пошта қызметіне төленетін ақы көлемі еселеп өскен. Кеңсе жалдап отырған редакциялардың жалға төлейтін ақысы да шарықтап қымбаттаған. Осылардың бәрі газеттердің өзіндік құнын көтеріп, оны шығару шығындарын өсіріп жіберді.

1990-шы жылдардың басында жарнамалық-ақпараттық «Караван» газеті шықты. 70-80 беттік қалың газеттің алғашқы бетінен, соңғы бетіне дейін қаптаған жарнама болатын. Жарнама қарағысы келген адам «Караванды» сатып алатын. Астанада «Инфоцес» деген жарнамалық газет болды. Ал Көкшетауда «Риск-бизнес» деген жарнамалық газет шығып тұрды. Бұл газеттердің бәрінің өз ғимараттары, кейбіреулерінің баспаханалары болды. Көкшетауда «Риск-бизнестің» жарнамаларын қабылдайтын орталықта көптеген орындары болды. Осы газетті сату арқылы жақсы табыс тауып, күн көретін адамдар аз болмайтын.

Міне, сол мыңғырған бай жарнамалық газеттердің қазір бірі де жоқ. Бәрінің шаруасы бітті. Неге? Ешкім жарнама бермейтін болғаны ма? Жоқ, әрине. Жарнамаға деген сұраныс көбеймесе, азайған жоқ. Ендеше, жарнамалардың бәрі қайда кетті? Жарнама қазір газеттен веб-сайттарға көшті. Иә, сайттар барлық жарнаманы газеттерден түгел өзіне сорып, тартып алды.

Жылжымайтын мүлік сатасыз ба немесе сатып аласыз ба, онда  Криша.кз-ны қараңыз. Машина қажет пе, Колесо.кз-ға кіріңіз. Түрлі тұрмыстық заттар, қызметтер қажет пе, Ойлекс-кз-ны парақтаңыз. Барлық жарнаманы солардан табасыз.

Орыстарда «Свято место пусто не бывает» деген сөз бар. Ақпарат алаңынан біреу кетті ме, оның орнына міндетті түрде басқалар келеді. Газет-жорналдарға деген сұраныс жоғалып, олар ақпарат алаңынан ығысты. Енді олардың орнын әлеуметтік желілер мен веб-сайттар басты. Жарнамалық газеттер жарнамадан айрылды, олардың орнын веб-сайттар алды. Бұл жайды баршамыз көріп, сезіп отырмыз.

Өкініштісі сол, осы көзге көрініп тұрған шындықты газет-жорнал маңында жүрген журналистер сезбей отыр. Олардың арасында «газеттердің әлеуеті әлі бар, оны оқитындар аз емес» дейтіндер көп. Міне, сондайлар күні өтіп, шаруасы біткен қағаз басылымдарға ұстай қатып, тістей жабысып айрылмай, соның салдарынан қағаз басылымдарда істейтін жоғары білімді журналист мамандардың жағдайлары кісі аярлық деңгейге түсті.

Әлеуметтік желіде аймақтық басылымның бір редакторының ақша сұрап әкімге барғаны, әкімнің оны жылы қабылдап, сұраған ақшасын бергені жайында мақала жүр. Қарызға белшеден батып, қаржылық жағдайы қиындаған басылымға көмектескен әкімді жапа-тармағай мақтап, қазір басылымдардың жағдайы ауырлап барады, баспахана, пошта қызметі қымбат, соның салдарынан газеттің өзіндік құны көтеріліп кетті деп жылайды журналистер.

Баспахана, пошта қызметіне төлейтін ақы көлемінің шарықтап өсуін тоқтату керек, баспасөзге бөлінетін қаржы көлемін арттыру қажет, әйтпесе күнкөріс қиындай береді, дейді газет редакторлары. Соларды оқып отырып, заман ағымын түсінуден қалған, ескіше ойлап, ескіше өмір кешіп жүрген ақпарат құралдары басшыларының деңгейіне қарның ашады.

Қазір мына жай айқын болып тұр: Газет-жорналдың күні өтті, енді оны қанша ақша бөліп, мемлекет тарапынан қолдасаң да, құтқара алмайсың. Бейнелей айтқанда, газет-жорналдың бүгінгі ахуалын табытқа салып, енді жаназасын шығарып көмуге дайындап қойған өлген адамның мүрдесімен салыстыруға болады. «Жоқ, оны көмуге болмайды, мүрде тіріледі, орнынан тұрып әлі-ақ жүгіріп кетеді» деу қисынға да, ақылға да симайтын шаруа.

Қазіргі журналистердің жалақысының аздығының жалғыз себебі осында, яғни, заман ағымына жауап бере алмайтын қағаз басылымдарды ұстап, оларды қазіргі цифрлы ақпарат алаңында пайдалануға бейімдемек болған әурешілікте жатыр.

Жоғарыда мысал ретінде келтірген аймақтық газет басшысының облыс әкіміне кіріп қаржылай көмек сұрағанына қайта оралайық. Егер әлгі газет басшысы заман ағымын түсінетін және газетке шынымен жаны ашитын жан болса, онда әкімнен өліп жоғалып бара жатқан қағаз газетті әупірімдеп ұстап тұруға қосымша ақша сұрамай, керісінше оны жауып тастап, веб сайтқа айналдырып, жаңаша жұмыс істеу туралы ұсынысын айтар еді. Веб сайтқа көшу арқылы мынадай игіліктер табамыз, оған қосымша ақшаның қажеті жоқ  деп нақты жоба жоспарын баяндаса, облыс әкімі қолдау білдірері анық.

Өкініштісі сол, әлі күнге дейін қағаз газеттерді басқарып отырған редакторлар тарапынан күні өткен және шығару күн санап қиындап бара жатқан қағаз газеттерді жауып, веб сайтқа айналдыру жөнінде бір де бір ұсыныс жасалмапты. Керісінше, олар тарапынан «қағаз газеттердің әлі де әлеуеті бар, оны жабуға болмайды, қосымша қаржы бөліп, ұстау қажет» деген ұсыныстар үнемі естіліп жатады. Министрлікте отырғандар да, әкімдіктегілер де олар тарапынан осындай көзқарас ұстанғандықтан, шама-шарықтарынша қосымша қаржы бөліп, соның салдарынан аймақтық газеттер қалт-құлт тірлік кешіп жатыр.

Өзім зейнет демалысына дейін қызмет істеген Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде журналист болып істейтін әріптестерімнің қазіргі алатын жалақылары 200 мың теңгенің көлемінде. Шынын айтқанда бұндай жалақыны көше тазалаушылар да табады. Ал құрылыста істейтін кірпіш қалаушылардың жалақысы 500 мың, дәнекерлеушілердің жалақысы 700-800 мың теңге. Жоғарғы білімі бар айлық жалақысы 200 мың теңге болатын журналистерге 800 мың теңге алатын дәнекерлеуші мүсіркеп шекесінен қарайды.

Бюджет пен баспаханаға қарызға белшесінен батқан газет қызметкерлеріне сол аз жалақыларының өзін уақытында бере алмайды. Осыған шыдамай көп журналистер басқа  жұмысқа кетуде. Газет басшылығының қолынан бар келері қосымша ақша сұрап, әкімге хат жазып, алдына барып алақан жаю. Өзім қызмет істеп жүрген кезде әкімдік газетті ұстауға жылына 140 млн теңгедей қаржы бөлетін. Бұл аз қаржы емес. Дегенмен, оның 60-70 пайызы баспахана мен кеңсені жалға алуға, басқа да ұсақ-түйек техникалық қызметтерге жұмсалады. Соған орай, жалақы көлемі төмен болды.

Ал енді «Арқа ажарын» веб сайтқа айналдырдық делік. Одан не ұтуға болады? Ең алдымен, баспахана шығыны жоғалар еді. Газетті таратқаны үшін жазылудан түскен ақшаның жартсынан көбін алып қалатын пошта қызметі шығыны да  қажетсіз болып қалар еді. Кеңсені жалға алу шығынын кем дегенде 50 пайызға дейін қысқартуға болады. Өйткені, сайт адамдардың қашықтан үйлерінде отырып жұмыс істеулеріне мүмкіндік береді.

Сайтты ұстауға кететін бар шығын: жылына бір рет төленетін хостинг пен домен атауының төлемі және сайтқа техникалық қызмет көрсететін аити мамандарға берілетін ақы.  Бұлардың бәріне ары кеткенде жылына 10 млн теңгедей жұмсалады. Екі-үш жұмыс кабинетін ғана алып қалып, адамдарды қашықтан жұмысі стеуге жіберсе, жалға алу шығына екі еседен астам қысқарады. Міне, осылайша ақпаратты сатып алу үшін тендер арқылы берілетін 140 млн теңгенің 70-80 пайызын тек жалақыға жұмсауға мүмкіндік тудады. Соның нәтижесінде газет қызметкерлері 200 мың емес, айына 500-700 мың теңге жалақы алуларына болады.

Веб сайтқа көшуден ұтар тағы бір нәрсе: бүгінде мың дананың үстінде ғана таралымы бар, қамтитын аудиториясы қысқарған газеттердің орнына сайт арқылы оқырмандар аудиториясын еселеп көбейтуге мүмкіндік болады. Оқырманы көп сайтқа жарнама берушілер де аз болмайтыны анық. Яғни, бұл қазірде азайып кеткен жарнама көлемін арттыруға септігін тигізеді.

Ұлы Абай айтады ғой: «Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» деп. Заман талабына бейімделмей, оған өз дегенін жүргізгісі келген пендені замана ағымы табанына салып илеп тастайды. Қазіргі журналистердің адам аярлық тұрмысы мен газеттердің бейшара күйі – осы заман ағымын түсінбеуден туған әрекеттің нәтижесі екендігі дау туғызбас шындық. Өкініштісі, сол шындықты көретін көкірек көзі ашық жандардың болмауы.

Қалкөз Жүсіп.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз