Өзім тұратын Көкшетау қаласында көшеде, дүкендердің айналасында өткен-кеткеннен ақша сұрап жүретін үйсіз-күйсіз қаңғыбастарды жиі көремін. Бұрынырақта қаңғыбастар ілбіп басып таяққа сүйеніп жүретін ұсқынсыз, қабақтары қатыңқы жандар болушы еді. Ал соңғы кезде жөндемі киінген, тіпті иықтарына сөмке немесе рюкзак асынып алған жас ер азаматтар мен қыз-келіншектерді көретін болдым. Сырт кейпі қаңғыбасқа ұқсамайтын әлгілер кездескен адамдардан «жолға ақшам жетпей тұр, тамаққа қажет еді» деп ақша сұрап жатады.
Қаңғыбастар қайдан шығады
Үйсіз-күйсіз, жұмысы, отбасы жоқ тамағын тойдырып, басын жазатын арақ ішуді ғана ойлайтын БОМЖ атанған қаңғыбастар кеңес заманында да болатын. Дегенмен де, ол кезде қазіргідей көп бола қоймайтын және бәрі дерлік маскүнемдікке салынған адамдар болушы еді. Нарыққа көшкеннен кейінгі кездерде қаңғыбастардың қатары көбейіп кетті. Бұрын үлкен қалаларда ғана жүретін қаңғыбастар шағын қалаларда, кенттерде де пайда болды. Сөйтіп, қаңғыбастар қоғамымыздың толық қалыптасқан бір тобына айналды.
Кеңес заманындағы маскүнемдікке салынған қаңғыбастардың жайы белгілі, ал нарық кезеңінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жер-жерден қаулап шыққан қаңғыбастар жаңа заманға бейімделе алмаған, рухани, психологиялық жағынан әлжуаз пенделер еді. Кеңес кезінде жұмыс көп, жұмыс істеген адамға азды-көпті жалақы беретін және тамақ та арзан болатын. Яғни, күнкөріс біршама жеңіл болды.
Нарық адамды өз бетінше тірлік кешуге мәжбүрлейді. Бұл қоғамда әр адам жауапкершілікті өз мойнына алып, бұрыңғыдай үкіметке қарап алақан жаймай өз күнін өзі көруі тиіс. Бұндай талап деңгейінен тек ерік-жігері мол, өзінше ойлап, өз бетінше тірлік кеше алатын жандар ғана көріне алады. Бұрын ел қатарлы тірлік кешіп келгендердің көбі нарық қиындықтарына төтеп бере алмай, шаң қауып қалды.
Атбасарда аудандық комосмол ұйымын басқарған жоғары білімді бір жігіт кейін жұмыстан қысқарып, жұмыссыз қалған соң қиындыққа шыдамай қаңғыбастыққа салынды. Қимада аудандық банкте тәп-тәуір қызмет істеген тағы бір азамат жұмыссыз қалып, басқа қызмет таппаған соң араққа салынып, қаңғыбас атанды. Осындай нарық талабына жауап бере алмай, қиындыққа шыдамай араққа салынып, қаңғыбас болған біраз азаматтарды білемін.
Шынын айтқанда, нарық адамдардың іштерінде бұғып жатқан ұстанымдары мен психологиялық деңгейлерін анық көрсетіп берді. Заман талабына бейімделіп, ерік-жігер таныта алған адамдар өмірден орындарын тауып, ал тағдыр талқысына төтеп бере алмағандар қаңғыбас атанып, замана көшіне ілесе алмай қоғамнан тыс қалды.
Қоғамдық дерт
Қазақ «Бір құмалақ – бір қарын майды шірітеді» дейді. Бүгінгі күні саны біршама көбейіп, үлкен қоғамдық топқа айналған қаңғыбастар өздерінің теріс әрекеттерімен, залалды көзқарастарымен, жаман мінез-құлық, ұстанымдарымен қоғамға үлкен зиянын келтіруде.
Ең алдымен, олар жұмыс істемейтіндіктен, салық төлемейді және сол арқылы мемлекетке пайда әкелмейді. Жұмыссыз бос теңселіп жүрген қаңғыбастар психологиялық жағынан әлжуаз адамдардың қаңғыбастыққа салынуына шақыртқы болады. Денсаулықтарына мүлдем көңіл бөлмейтіндіктен, бұндай жандар жиі ауырады және түрлі жұқпалы дерттердің таралуына әсерін тигізеді.
Облыс орталықтарында қаңғыбастыққа салынған адамдарды қоғамдық өмірге бейімдеу орталықтары бар. Оған мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінеді, бірталай адам жұмыс істейді. Ол орталықтар жыл он екі ай бойына қаңғыбастардан бір үзілмейді. Осындай орталықтардың жұмысы туралы жазған бір журналист әріптесім айтады: «қаңғыбастыққа салынған адамдар өмірде кездескен қиындықтарға байланысты осындай жайға тап болғандар емес, олар ерік-жігерден айрылған психологиялық дертке ұшырағандар. Құжаттарымды жоғалтып алып, амалсыз қаңғыбас болдым, егер де құжаттарымды қалпына келтіріп, жұмысқа орналассам адам сияқты тірлік кешер едім, деген бір қаңғыбастың сөзіне сеніп, жүгіріп жүріп оның құжаттарын алып бердім, содан кейін жұмысқа орналастырдым. Бірақ бірнеше айдан соң әлгі адам қайтадан таз қалпына түсіп, қаңғыбастыққа салынды».
Ерік-жігері, өзінің өмірлік ұстанымы, айқын мақсаты жоқ психологиялық жағынан әлжуаз пенделер адам сияқты қоғамның толыққанды мүшесі болып, өмір кеше алмайды. Қаңғыбастықты маскүнемдік, нашақорлық сияқты психологиялық дерт десе болады. Жылдан жылға қарасы көбейіп бара жатқан қаңғыбастар қазіргі күні қоғамымыздың қатерлі дертіне айналды.
Күндіз қоғамдық орындарда алақан жайып қайыр сұрайтын қаңғыбастар ел көзінен тасалау жерде кездесе қалған адамды тонап алудан тайынбайды. Қаңғыбастардың қолымен жасалған қылмыс деңгейі де жыл санап өсіп келеді.
Психолог мамандар не дейді?
Ертеректен қалыптасқан қате түсінік: қаңғыбастық деген маскүнемдікке салынған бірлі-жарым адамдардың бастарында болатын жай деп санау. Шындығында, қаңғыбастық – бұл психологиялық дерт. Маскүнем емес, араққа салынбаған адамдар да қаңғыбас болып кетеді. Бүгінде үйсіз-күйсіз қаңғыбас болып жүргендердің арасында маскүнем еместері жертерлік. Рас, олар аздап өзгелермен бірге ішеді, дегенмен, арақ ішпесе басы ауыратын маскүнем емес.
Сонда адамның қаңғыбас болып кетуіне не себеп? Психолог мамандардың пайымынша, ең басты себеп: адамның рухани және психологиялық жағынан әлжуаз болуы. Өмірде кездесетін қиындықтарға шыдамай дүниені баз кешіп, ештеңе ойламай көңіл қалауымен тіршілік етуге ұмтылушылық – қаңғыбастыққа салынудың ең негізгі себебі екен.
Кеңес заманындағыдай емес, қазір бәрі сатылады. Мемлекет адамдарға ештеңе бермейді. Үйді өз ақшаңа сатып алуың керек, ауырсаң ақшаға дәрі сатып алып емделесің, оқып мамандық алғың келсе, оған да ақша төлеуің қажет. Азын-аулақ жалақы жетпегендіктен, екі-үш жерде жұмыс істеуге, әр тиыныңды үнемдеуге үйренуің керек. Бұның бәрі адамдардан үлкен жауапкершілікті, психологиялық қуатты талап етеді. Психологиялық жағынан әлсіз, ерік-жігері аз адамдар өмір ұсынатын түрлі қиындықтарға төтеп бере алмай, морт сынып жатады. Оның ақыры отбасындағы ұрыс-керіске, ажырасуға, жұмыстан айрылуға, қарызға батып, қаржылық қиындыққа тап болуға, басқа да тауқыметтерге ұшыратады.
Осындай тауқыметтерге шыдай алмаған пенде бәрін тастап, қаңғыбастыққа салынады. Ештеңе ойламай, ешқандай жауапкершілікті мойынға алмай өмір кешу алғашында жеңіл сияқтанғанымен, кейін келе оның көп азап-тауқыметке ұшырататынын пенде кеш түсінеді. Бірақ, ерік-жігерден айрылған жан енді қаңғыбастықтан құтылуға талпынбайды.
Психолог мамандардың пікірінше, қаңғыбастыққа салынған адамдарды қазіргідей бейімдеу орталықтарында екі-үш айлық өмірге бейімдеу тәсілімен қоғамға қайтаруға болмайды. Олармен арнайы жеке-жеке жұмыстар жүргізу қажет және ол көп жылдарға созылады.
Өзін-өзі дамыту ғылымының сарапшысы американдық Брайан Треисидің айтуынша, адам өзін өзгертуі үшін жақсы пайдалы әрекетті өзін мәжбүрлеу арқылы кем дегенде 21 күн жасауы тиіс. Міне, содан кейін ол әдетке айналады. Ал әдет уақыт өте келе жақсы нәтижесін береді.
Жоғарыдағы журналист әріптесімнің айтқанындай, қазіргі бейімдеу орталықтарындағы қаңғыбастарға қатысты жасалатын жұмыстар еш нәтиже бермейді. Ол босқа ақшаны далаға шашу ғана. Араққа салынып, азып-тозған адамды екі-үш ай тамақтандырып, құжаттарын дұрыстап, жұмысқа орналастыру оны қаңғыбастықтан арылту емес. Рухы мен психикасы әлсіреп, ерік-жігерден айрылған пенденің қаңғыбастық құрдымынан шығуға қажетті күш-жігер бойынан табылмайды.
Не істеу керек?
Кеңес заманындағыдай араққа салынған үлкен қалаларда жүретін бірлі-жарым қаңғыбас болса, ондайға көңіл бөлмеуге де болар еді. Бірақ та, бүгінде қаңғыбастыққа салынғандар қатары еліміздің барлық аймағында жыл санап артып барады және олар қоғамда үлкен бір топқа айналды.
2017 жылы Астанада ЭКСПО өткенде сонда жүрген қаңғыбастарды жақын маңдағы елді мекендерге апарып тастапты. Көкшетау қаласында сол тұста қаңғыбастар қаптап кетті. Орталықта, сауда үйлері мен дүкендердің айналасында алақан жайған қаңғыбастар қадам басқан сайын жолыңды кеседі. Сол тұста адамдар «Астананың қаңғыбастарының бәрін осында әкеліпті» десіп жүрді.
Еңбекке жарамды, орта жастағы, қол-аяқтары бүтін, дендері сау, бірақ жұмыс істемейтін, қоғамға еш пайда әкелмейтін адамдардың көп болуы қоғам үшін қауіпті. Жұмыс күші жетіспегендіктен, елімізге алыс-жақын шет елдерден келіп жұмыс істейтіндер көп. Жұмыс қолы жетпей жатқанда қол-аяқтары балғадай жас адамдардың қаңғыбас болып масылдық тірлік кешуі еліміздің бүгінгісі мен ертеңіне үлкен залалын тигізеді.
Бюджеттен қырауар қаржы бөлінетін бейімдеу орталықтары арқылы қаңғыбастарды өмірге қайтарудың мүмкін еместігін өмір тәжірибесі анық көрсетіп отыр. Сондықтан, психологтардың пікіріне құлақ асып, оларды қоғамға қайтарудың толыққанды жобаларын жүзеге асырған жөн.
Кеңес заманында ЛТП деген мекемелер жұмыс істеді. Онда маскүнемдікке салынғандарды мәжбүрлі түрде емдеу жүргізілетін. Ол мекемелерде маскүнем кем дегенде 3-4 жыл болып, емдеу курстарынан өтетін. Емдеу тек медициналық жолмен ғана жүргізілмейді. Маскүнемдер мәжбүрлі түрде еңбекке тартылады. Яғни, жұмыс істейді. Бірнеше жылдық сондай курстардан өткен адамдардың арасында маскүнемдіктен жазылғандары көп болатын.
Қаңғыбастарды да сондай ұзақ мерзімді емдеу-сауықтыру курстарынан өткізген жөн болар еді. Ол мекемелер мәжбүрлі түрде еңбекке тартуды жолға қойып, масылдыққа салынған дені сау адамдардың пайдалы еңбекпен айналысуына жағдай жасаса, қоғам үшін де, ел үшін де пайдалы шаруа болары анық. Біраз жыл сондай мекемеде болған қаңғыбас одан шыққанда жақсы пайдалы әдеттерді бойына жинап, қоғамдық өмірге қайта оралуына мүмкіндік алар еді.
Қалкөз Жүсіп.








