Басты бетКөзқарасАңғалдық па, аңқаулық па, әлде ақымақтық па?

Аңғалдық па, аңқаулық па, әлде ақымақтық па?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Алаяқтардың сөзіне сеніп, Ресейге көп ақша табамыз деген үмітпен барған бір топ қазақ жастарын алдап келісім-шартқа қол қойдырып, соғысқа жебіргелі жатқаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр. Алданған жігіттердің өздері, одан қалды ата-аналары мен туыстары құзырлы органдарға көмек сұрап, шағымданып жатқаны жайлы да ақпарат таралуда.

Өткенге ой жүгіртіп қарайтын болсақ, бұндай жағдай бірінші рет болып отырмағандығын бағамдауға болады. Бұдан бұрын да осылайша қазақ жастарын алдап апарып соғысқа жіберген, тіпті оқып жүрген жастарды түрлі қылмыстар жасады деп жауапқа тартып, ақырсында «соғысқа барсаң құтыласың, әйтпесе түрмеге түсесің» деп бопсалаған жағдайлардың болғандығы мәлім. Сондай жағдайлармен еріксіз соғысқа барып қаза тапқан, немесе тұтқынға түскен қазақ жастары болғандығы жайында мәліметтер бар.

Қазір интернет арқылы ақпарат тез таралады. Ресейдің бүгінгі  жағдайы жөнінде интернеттен ақпарат алатын кез-келген адам бес жылдан бері соғысып жатқан бұл елдің ахуалы туралы жақсы біледі. Өкініштісі сол, осының бәріне қарамастан, алаяқтардың үйіп-төккен уәделеріне сеніп, Ресейге ақша табамыз деп барып, бастарына пәле тілеп алып жатқандар бар. Жоғарыда айтқан жылап-еңіреп құзырлы органдардан пана сұрап жүрген қазақ жастары сондай алаяқтардың құрбандары.

«Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды» дейді қазақ. Қателікке бой алдырмайтын адам жоқ. Алаяқтардың арбауына түсіп қалатын жай кез-келген пенденің басында болады. Дегенмен де, бір-екі, тіпті төрт-бес рет алданған соң, ақыл-есі бүтін адам етегін жиып, сақ болуды үйренеді. Ал он, жиырма рет алданып, қателіктерінен сабақ алмайтын жанды кім деп айтуға болады? Аңғалдық па, аңқаулық па, әлде ақымақтық па бұл? Әрине, ақымақтық деген жөн. Өйткені, басында миы бар ақылды адам бірнеше рет алданған соң сақтықты үйренеді. Ал қайта-қайта алдана беру – ақылсыздықтың, яғни ақымақтықтың көрінісі.

Тағы да жоғарыдағы Ресейге барып, алаяқтардың арбауына түскен қазақ жастарына қайта оралайық. Өзіңіз ақылға салып ойлап қараңызшы: Ресей бес жылдан бері соғысып жатыр, мыңдаған сарбаздарынан айрылды, халықтың тұрмысы жыл санап нашарлап барады. Ресейлік жастар соғыстан қашып, басқа елдерге, соның ішінде Қазақстанға ағылып келуде. Әлеуметтік желілерде аш зейнеткерлердің мерзімі өтіп кеткен қоқысқа тасталған азық-түлік өнімдерін қоқыс жәшіктерінен таласа-тармаса алып жатқаны туралы видеолар жүр. Ресейдегі баға шарықтап өсіп барады, ал соңғы кезде жанар май тапшылығынан километрге созылған кезек күткен автокөліктер жайындағы видеолар көп таралуда.  Таяуда ғана жүз мыңдай өзбек пен тәжік айналдырған он күннің ішінде Ресейден кеткені жайында ақпарат жарияланды.  Бұның бәрі де Ресейдің қазіргі ахуалының нашарлығын көрсетіп тұрған жоқ па. Осындай жағдайда Ресейге мол ақша табамыз деп ақыл-есі түзу адам бара ма?

Қазақта «өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді» деген мақал бар. Осы мақалды «ақымағы көп жерде алаяқ семіреді» деп өзгертіп айтуға болар еді. Біздің елімізде соңғы жылдарда алаяқтық қылмыс қатты белең алып кетті. Бұның астарында алаяқтардың арбауына қайта-қайта түсе беретін ақылы аз  адамдардың көптігі жатқан сияқты.

Осыдан бірер ай бұрын ерлі-зайыпты егде жастағы азаматтардың алаяқтардың айтуымен банкке барып жарылыс ұйымдастырғаны туралы ақпарат таралды. Әлгі ерлі-зайыптыны алаяқтар алдап біраз ақшаларын алған екен. Содан олар құқық органдарына жүгініп, солардың көмегімен ақшаларының біразын қайтарып алады. Осыған кектенген алаяқтар оның үйіне курьер арқылы торт жібереді. Онда «сіз мына тортты пәлен деген банкке апарып, соларды мерекесімен құттықтап, шырағын жағып тұтатыңыз, сонда мынандай сыйақы аласыз» деп жазылыпты. Осыған сенген әлгі ерлі-зайыптылар банкке барып, торттың шырағын тұтатады. Сөйтсе, шырақ дегені жарылғыш болып шығып, гүрс етіп жарылады. Айнала көк түтін. Әйтеуір адам шығыны жоқ.

Осы арада алаяқтардың арбауына түсіп, алданған ерлі-зайыптылардың сол қателіктерінен сабақ алмай қайта-қайта алдана бергені несі деген ойға қаласың. Алдында ғана алаяқтар алдап ақшасын алды, енді міне, тағы да алданып, солардың айтқанын орындаймыз деп банкке барып жарылыс жасап және жазықты болды.

Өкініштісі, сол ерлі зайыптылар сияқты қайта-қайта алдана беретін және содан еш сабақ алмайтын жады келте пенделер бүгінде көбейіп кетті. Сондайларды алдап әбден дәндеп алған алаяқтар да айылдарын жимай ақша табудың жеңіл түрі деп қылмыстарын жалғастырып жатыр.

Ресейге барып ақша табамыз деп алданып, соғысқа еріксіз жіберілген қазақ жастарының алды Украина жеріне барып, соғысқа кірісіпті деді кеше бір хабарда. Астанаға барып, алданған жігіттердің ата-аналары еңірегенде етектері жасқа толып, құзырлы органдардан көмек сұрап жүр. Сол ақпараттардың астына жазған жұртшылықтың пікірін оқысаң, адамдардың бүгінгі көзқарасына таң қаласың. Әлгілердің айтуынша, бәріне билік кінәлі. Неге елшілік қазақ жастарын арашаламайды, неге құзырлы органдар білек сыбана кірісіп, батыл әрекеттер жасамайды, дейді олар.

Дұрыс, Қазақстан азаматтарын қорғау, көмек көрсету құзырлы мемлекеттік органдардың міндеті. Олар қолдарынан келгенше әрекет жасап та жатыр. Бірақ та, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, жеке азаматтардың да мойындарына жүктелген міндеттері мен жауапкершіліктері болады ғой. Ең алдымен, әлгі жігіттердің бәрі кәмелет жасына толған, ақыл-естері түзу азаматтар. Алаяқтардың арбауына түсіп, жат елге жұмысқа барған өздері, ешкім зорлықпен апарған жоқ. Ендеше негізгі жауапкершілік сол қателікті жасаған әлгі азаматтардың өз мойнында.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бұндай жағдайлар бірінші рет болып тұрған жоқ. Талай мәрте осылайша қазақ жастары алданып, өкініштен өзектері өртенген кездері болған. Ау, содан неге басқалар сабақ алмайды? Құзырлы органдар араласып, ертең бұл жігіттерді елге қайтарар, бірақ қазірдің өзінде ата-аналары бар, өздері бар кінәларын мойындамай, бар айыпты мемлекеттің мойнына артып қойған олардың ертең тағы да алаяқтардың алдауына түспесіне еш кепілдік жоқ. Ертең келген соң, тым болмаса солардың біреуі шығып «иә, бәрі өзіміздің кінәміз, біз ақымақ, алаңғасар болдық» деп кінәларын мойындарына алып және өзгелерді бұндай ақымақтықтан сақ болуға шақырып жатса құба-құп. Олар да бұрынғылар сияқты құзырлы органдардың қатысуымен елге оралған соң тым-тырыс ештеңе болмағандай жүре берсе, ертең алаяқтарға жем болатындар тағы да шығатыны сөзсіз.

Әлеуметтік желіге таралған бір хабарларда Қазақстаннан сондай алаяқтық тәсілмен соғысқа еріксіз барып, қаза тапқандар, тұтқынға түскендер, қазір соғыс қимылдарына қатысып жүргендердің барлығы айтылып, жазылып жатыр. Сондайлардың туыстары, таныстары  неге сол жайында ескертіп «бауырлар, бұндай алаяқтық ақпаратқа сенбеңіздер, Ресейге ақша табамыз деп бармаңыздар» деп айтпайды?

Әлеуметтік желіде таралған хабарларға қарағанда қазір құзырлы органдардың араласуымен біраз қазақстандық жігіттердің мәселесі шешілген, яғни көп ұзамай олар елге қайтарылмақ. Дегенмен, болашақта бұндай жағдайға жол бермес үшін әрбір адам өзіне сақ болып, алаяқтардың алдауына ермеуі керек. Біздің қауіпсіздігімізге мемлекет емес, ең алдымен өзіміз жауаптымыз.

Қалкөз Жүсіп. 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз