Басты бетЖаңалықтарАта Заң – жастарды білім мен жауапкершілікке бастайтын берік негіз

Ата Заң – жастарды білім мен жауапкершілікке бастайтын берік негіз

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ата Заңға құрмет – мемлекетке құрмет. Ал заңды сыйлайтын, білімді әрі белсенді жастар – ел болашағының ең сенімді кепілі.

Қазақстанның келешегі – бәсекеге қабілетті, білімді және ел тағдырына бейжай қарамайтын жас ұрпақтың қолында. Сондықтан жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілігін арттыру және ұлттық құндылықтарды санасына сіңіру – жоғары білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясы – тек құқықтық құжат қана емес. Бұл – жастардың сапалы білім алуына, еркін ойлауына, өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жол ашатын берік тұғыр. Ата Заң әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік бере отырып, білімнің қоғамдағы айрықша маңызын нақты айқындайды. Онда әр азаматтың білім алуға құқығы бекітілген. Бұл – мемлекет жастардың кәсіби қалыптасуына, ғылыммен айналысуына және еңбек нарығында өз орнын табуына барлық жағдай жасауға міндетті деген сөз.

Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың өзегінде адам капиталының сапасын арттыру, жастардың әлеуетін тиімді пайдалану және олардың қоғамдық белсенділігін күшейту мәселесі тұр. Бұл бағыттағы бастамалардың құқықтық негізі де Конституциядан бастау алады. Сондықтан Ата Заңды құрметтеу – тек заң талаптарын орындау емес, бұл – мемлекетке, қоғамға және өз болашағына деген жауапкершілікті сезіну.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті қоғам құрудың басты шарты ретінде заң үстемдігін, азаматтық жауапкершілікті және жастардың белсенділігін үнемі атап келеді. Бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман ғана емес, ең алдымен елдің саналы азаматы. Университет қабырғасында қалыптасқан білім мен тәрбие олардың кәсіби жетістігіне ғана емес, ел дамуына қосар үлесіне де тікелей әсер етеді.

Жоғары оқу орны – тек маман даярлайтын білім ордасы емес, бұл – азаматтық ұстаным қалыптасатын, көшбасшылық қасиеттер шыңдалатын, қоғамдық белсенділік дамитын орта. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары, жастар бірлестіктері, пікірталас клубтары мен еріктілер қозғалысы – осының айқын дәлелі. Мұндай ортада тәрбиеленген жастар қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күшіне айналады.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде де бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Университет студенттері волонтерлік қозғалыстарға, қайырымдылық және экологиялық акцияларға, ғылыми-зерттеу жобаларына, мәдени және спорттық іс-шараларға белсенді қатысады. Олар өңірлік қана емес, республикалық деңгейдегі бастамалардың да бел ортасында жүр.

Әсіресе студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары мен жастар ісі жөніндегі комитеттердің жұмысы ерекше назар аудартады. Жастар түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге үлес қосуда. Мұндай бастамалар олардың ұйымдастырушылық қабілетін дамытып қана қоймай, құқықтық мәдениетін қалыптастырады, заңға құрметпен қарауға тәрбиелейді.

Жастардың бүгінгі белсенділігі – елдің ертеңгі тұрақты дамуының негізі. Конституциялық құндылықтар да олардың бойында нақты істер арқылы қалыптасады. Волонтерлік қызметте – адамгершілік, ғылыми ізденісте – адалдық, қоғамдық жобаларда – жауапкершілік, ал студенттік бастамаларда демократиялық мәдениет көрініс табады. Бұл – Ата Заңда бекітілген әділеттілік, теңдік және заң үстемдігі қағидаттарының өмірдегі нақты көрінісі.

Қазіргі кезеңде еліміздің алдында жаңа міндеттер тұр. Экономиканы әртараптандыру, ғылым мен инновацияны дамыту, цифрландыру үдерістерін жеделдету – осының бәрі білімді әрі жауапты жастарды талап етеді. Сондықтан жоғары оқу орындарының миссиясы тек сапалы білім берумен шектелмей, ел мүддесін жоғары қоятын, құқықтық мәдениеті жоғары азамат тәрбиелеу болып қала береді.

Ата Заң – мемлекеттіліктің берік іргетасы, қоғамдық келісімнің кепілі және әрбір азаматтың сенімді қорғаны. Ал жастар – сол Конституцияның өміршеңдігін қамтамасыз ететін басты күш. Олар заңды құрметтеп, білімге ұмтылып, ел игілігі үшін еңбек еткенде ғана Қазақстанның болашағы баянды болмақ.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ұжымы алдағы уақытта да жастардың жан-жақты дамуына, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға және конституциялық құндылықтарды дәріптеуге ерекше мән бере береді. Себебі білімді, отаншыл әрі жауапты жас – Әділетті Қазақстанның басты тірегі.

А. Қапышев,
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры,
тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз