Ресми дерек бойынша Қазақстанда қазіргі күні 45 қарттар үйінде 3547 қарт адам өмір кешіп жатыр екен. Олардың 58 пайызы ер адамдар болса, 42 пайызы әйелдер. Соңғы жылдарда қарттар үйлерінде тұратындардың арасында қазақтардың саны артқан. Бұнда тұратындардың көпшілігі отбасына да, туыстарына да қажетсіз болып жалғыз қалғандықтан, жергілікті билік өкілдерінің көмегімен орналасқандар.
Еліміздегі зейнеткерлердің жайы қалай
Бүгінгі күні елімізде 2 млн. 538 мың зейнеткер бар екен. Орташа зейнетақы мөлшері 143502 теңге. Жасыратыны жоқ, бұрыңғы одақ елдерімен салыстырғанда біздің зейнеткерлеріміздің алатын зейнетақы көлемі біршама жоғары. Десе де, баға шарықтап кеткен қазіргі таңда зейнетақымен өмір сүру оңай емес. Осыған орай, зейнетке шықса да күнкөріс үшін жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер де жетерлік.
Жастары ұлғайып, еңбектен қол үзген зейнеткерлер үшін ең бастысы зейнетақы көлемі емес, жалпы материалдық қажеттіліктер де емес. Ең үлкен проблема – бұл күн санап анық сезіле түсетін кәрілік пен денсаулықтың нашарлауы, қоғамға қажетсіз болып, жалғыз қалудың қиындығы. Зейнеткерлердің көпшілігі немере-шөберелерін тегін бағатын күтушіге айналса, енді бірқатары төрт қабырғаға қамалып, уақыттарын қалай өткізуді білмей ішпысты тірлік кешеді.
Жас ұлғайған соң кәрілік күшіне мініп, әл-қуат азайып, денсаулықтың нашарлай бастайтыны белгілі. Ал бүгінде ауру деген аса қымбат құбылыс. Дәрі-дәрмекті түгел өзің сатып аласың, оның бағасы қалтаға үлкен салмақ түсіреді. Зейнетақы жетпегендіктен, бұндайда балалар көмектеседі. Өз отбасылары бар жастарға күн санап аурулары көбейетін қарт ата-ананың денсаулығы үшін қыруар ақша шығарудың оңайға түспесі белгілі. Бұның өзі жастар мен қарттардың ара қатынасын ауырлатады.
Бірнеше жыл бұрын оңтүстік аймақтардың бірінде қарт әкесін сабаған ұлы туралы видео таралып, ол сол тұста жұртшылық тарапынан үлкен пікір туғызған еді. Алған соққыдан денсаулығына залал келген қарт кісі ауруханада қайтыс болады. Оның ақыры әкесін сабаған баланың сотталуымен аяқталды. Өкінішке орай, бұндай оқиғалар еліміздің барлық аймақтарында дерлік ара-тұра болып тұрады.
Кеңес заманында түсірілген «Көктемнің 17 кезеңі» фильмінің кейіпкерінің «мен балалар мен қарттарды жақсы көремін, өйткені олар ешкімге залал келтірмейді және қорғансыз» деген сөзі қазір өмірлік шындыққа айналып отырғандай. Күш-қуаты қайтқан қарт адамдарды ермекке немесе мазаққа ұрып-соғып зәбірлеу оқиғалары оқта-текте кездесіп қалады. Бірнеше жыл бұрын Қарағанды облысында жалғызбасты қарт адамның үйіне басып кірген жасөспірімдер оның бар жиған ақшасын, телефонын тартып алып, өзін мазақ етіп ұрып-соққан. Соққыдан миы шайқалып, денсаулығына қатты залал келген қария ауруханаға түседі. Жазықты бозбалалардың бәрі заң бойынша жазаларын алды.
Шет елдегі қариялардың өмірі
Соңғы кезде шет елдерде жұмыс істейтін қазақ тілінде әлеуметтік желілерге видеохабарлар жариялайтын блогерлер көбейіп кетті. Шетелдіктердің өмірі, тұрмысы, салт-дәстүрі жайында баяндайтын сондай видеолардың арасында сол елдегі қарттардың өмірі туралы ақпараттар да аз емес. Ұлыбританияда еңбек ететін бір жігіт осы елде тұратын зейнеткер қарттардың өмірі жайында таңғалып баяндайды. Олар үнемі ел аралап қыдырады, мейрамханалардан тамақтанады, қонақүйлер жалдап тұрады, дейді ол. Жалпы, қыдырып көңіл көтеріп жүргендердің 90 пайызы қарт адамдар екен.
АҚШ-та қарт адамдарға арналған пансьонат туралы видео түсірген блогердің хабарында сондай мекемелердің тұрмыс тірлігі әңгімеленеді. Әр адамға жуынатын орны бар жеке бөлме беріледі, медициналық күтім жасалады, төрт мезгіл ыстық тамақ, одан қалды спорт алаңдары мен тренажерлар, музыкалық аспаптар бар. Қариялар уақыттарын еш уайымсыз көңілді өткізеді.
Жер шарын аралайтын круиз теплоходтағы саяхаттаушылардың басым көпшілігі шетелдік қариялар дейді тағы бір блогер. Жалпы, дамыған Батыс елдерінде қариялардың көбі пансионат аталатын біздегідей қарттар үйлерінде болады екен. Балалары мен немерелері анда-санда келіп, сәлем беріп кетеді. Олар уақыттарын өзі қатарлас қарт адамдармен бірге көңілді өткізеді. Онда барлық жағдай жасалған.
Қарттарға қамқорлық – өркениеттіліктің белгісі
Ертеректе кеңес заманында кинотетарларда жапондардың «Легенда о Нараяне» деген фильмі көрсетілген еді. Онда жапондардың ерте замандағы тұрмыс тірлігі баяндалады. Күнкөріс үшін күндіз-түні жұмыс істейтін адамдардың ауыр тірлігі бүгінгі ұрпақ үшін аса қатыгездік болып көрінетін дәстүрлерді қалыптастырған. Соның бірі – қарт адамдарды тамаққа ортақ болмасын деп тауға апарып тастау. Балалары қартайған ата-аналарын бір аптаға жететін азық беріп, таудың басына апарып тастайды. Одан түсе алмайтын қарялар аштан өледі. Ол қариялар жас ұрпақтың өмірі үшін өздерін құрбандыққа шалу қажеттігін түсінеді. Бұндай қатыгез дәстүр тек жапондарда ғана емес, әлемнің біраз елдерінде болған.
Көшпелі тірлік кешкен қазақ қоғамында күш-қуаты қайтып, еңбектен қалған қарттарын қашан бақилық болғанша бағып күту дәстүрі берік қалыптасқан. Әкенің маңдай терін, ананың ақ сүтін өтеу деген ұғым қазақ арасында қазірге дейін бар. Жалпы, өркениеттіліктің ең басты белгілерінің бірі – қарттарға деген қамқорлығынан көрінеді.
Бар өмірін ел, қоғам игілігі үшін еңбек етіп өткізген, қартайған шағында сол еңбегінің зейнетін көрудің орнына ішіп тамаққа, киіп киімге жарымай, одан қалды біреулерге көзтүрткі болып қиындық көретін қарттардың болуы сол мемлекет пен қоғамның атына сын. Өркениетті, дамыған елдерде қариялар еңбектерінің зейнетін көріп, бақытты тірлік кешеді. Оны қазіргі өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Ал экономикасы тұралап, жемқорлық пен қылмыс белең алған дамымаған кедей елдерде қарттар ең әлжуаз осал топ болып қалады. Өкініштісі, біздің елімізде де қариялар еңбектерінің зейнетін көріп шалқып отыр деп айта алмаймыз.
Заманына қарай адамы
Адамзат тарихына ой жіберіп қарайтын болсаңыз, әр дәуірдің қоғамға таңатын өз талаптары мен шарттары болатынын бағамдайсыз. Яғни, бұдан адамды заман билейді деген сөздің ақиқаттығын көруге болады. Бүгінгі аға ұрпақ өмір кешкен кеңқолтық кеңес заманында ежелден қалыптасқан отбасылық дәстүрлер сақталды. Ол кезде қазіргідей қарттар үйі деген болған жоқ. Жастар ата-аналарын қартайғанда өздері бағып-қағып, бақи дүниеге өз қолдарымен аттандырып салатын.
Ал қазіргі нарық заманы адамдардың мінез-құлқын түбегейлі өзгертіп жіберді. Бұл жақсы ма, жаман ба, оған баға беріп жату артық. Ең бастысы, ақша билеген нарық қоғамы отбасылық қатынастарға да үлкен сызат түсірді. Бүгінде ресми деректер бойынша, Қазақстанда ажырасушылық деңгейі елу пайыздан асқан. Яғни, әрбір екінші отбасы ажырасып жатыр деген сөз. Толық емес отбасылары көп. Тастанды балалардың көбеюіне орай, балалар үйлерінің саны артқан.
Балаларын ғана емес, ата-аналарын да қартайған шағында тағдыр тәлкегіне тастап кететіндер көбейген. Мемлекет қаржыландыратын қарттар үйлерінің қамқорлықсыз қалған қарттардың бәрін қабылдауға әлеуеті жетпейді. Осыған орай, Құдай салды, біз көндік деп қалт-құлт тірлік кешіп жатқан қариялар аз емес.
Неге ертеден қалыптасқан қарт ата-аналарын балаларының бағып күту дәстүрі жоғалып барады? Бұл сауалға жауапты қазіргі ақша билеген нарық қоғамының талаптарынан табуға болады. Ол үшін жастар қатыгезденіп кетті деп біржақты кіна артуға болмайды. Өйткені, адамды заман билейді. Қартайған шағында жиі ауырып, қымбат дәрі-дәрмек алуға мәжбүр болатын және жүріп-тұрудан қалған қарттарды бағып-күту айтуға ғана оңай шаруа. Азын-аулақ жалақымен отбасын әзер асырап жүрген жастарға үлкен ауыртпалық түсіретін қариялар қосымша жүк болады. Бүгінде көбейіп бара жатқан ата-ана мен баланың ара қатынасындағы түсінбестіктер осыдан пайда болатыны анық. Ал ол ушыға келе ұрыс-жанжалға, ақырсында бет жыртысып, бірін-бірі көрместей болып кетісуге дейін жеткізеді. Ауырпалықтан құтылудың бір жолы ретінде кейбіруелер қарт ата-аналарын қарттар үйлеріне тапсырып жатады.
Ата-аналар мен балалар
Жоғарыда мысал ретінде келтірген жапондар сияқты қартайған ата-аналарын артық ауыз деп өз қолдарымен өлімге қию қазақ қоғамында болған жоқ. Ертеректе бәрі анық және түсінікті еді. Ата-ана балаларын бағып-қағып өсіреді, ал қартайған ата-анасын балалары қолына алып бағады. Ата-ана мен балалары үлкен отбасы болып бірге тұрады. Ал қазіргі нарық қоғамы ежелден қалыптасқан осы дәстүр мен түсінікті ақырындап жойып жатыр.
Қазақ жастарының арасындағы ажырасушылық көрсеткішінің қатты өсіп кетуінің бір себебі де сол ежелден қалыптасқан үлкен отбасы болып бірге тұру дәстүрі десек, шындықтан алыс кетпейміз. Келін мен ененің арасындағы жанжал ежелгі дәстүрдің тамырына балта шабуда. Келініне күн көрсетпейтін адуынды енелер бар және керісінше, енесін есігіндегі күңдей жұмсайтын қатыгез келіндер бар. Ол жайында ақпарат құралдары айтып, жазып жатыр.
Ежелден қалыптасқан отбасылық дәстүріміздің бұзылуына не себеп? Оның негізгі және басты себебі – нарық қоғамы ұсынып отырған өмір сүру дағдылары екендігі шүбәсіз. Нарық заңы өте қатал және ымырасыз. «Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» дейді ұлы Абай. Заман талабына мойынсұнғысы келмей, тарпаңдық танытпақ болған пендені замана екпіні таптап, жаншып тастайды. Бұны біз қазір ата-аналар мен балаларының арасындағы текетірестен көріп жүрміз.
Жоғарыда мысал ретінде келтірген әкесін ұрып өлтірген ұлының әрекеті сол ата-аналар мен балаларының арасындағы уақыт талабынан туған текетірестен болғаны анық. Жүріп-тұрудан қалған және аурудан көз ашпайтын қарияны бағып-қағудан шаршаған өз отбасын асырауға шамасы әзер жетіп жүрген жас жігітке әкесі үлкен ауыртпалық болып көрінгені түсінікті. Оның ақыры жанжалға, ұрыс-керіске ұласқан.
«Заманды өзгерту қолыңнан келмесе, соған бейімдел» депті бір данышпан. Нарық ауыртпалықтары түрінде келген өзгерістерді дұрыс қабылдап, соған бейімделуге тырысу арқылы ғана бұл тығырықтан шығуға болады. Оны түсіну үшін қазіргі шет елдік өмір тәжірибелеріне назар аударсақ жеткілікті.
АҚШ-та ата-ана балаларын кәмелетке толғанша асырып, өсіреді. Оларда кәмелеттік жас – 16 жас болып табылады. Сол жасында мектеп бітірген жас ары қарай мамандық беретін колледжге немесе университетке оқуға түседі. Міне, осы кезден бастап ата-ана оларға көмектесуін толықтай доғарады. Енді бала өз күнін өзі көруге көшеді. Мамандық алады, одан әрі жұмысқа орналасып, отбасын құрады. Оның бәрі ата-ананың қолдауынсыз жас жігіт немесе қыздың өз күшімен жүзеге асады. Рас, жастар ата-аналарымен қатынасын ешқашан үзбейді, хабарласып тұрады, ара-тұра үйлеріне барып, қонақ болып кетеді. Бірақ та, енді олар ата-ананың қаржылай қолдау көмегін алмайды.
Жалпы, дамыған шет елдердің бәрінде жағдай осыған ұқсас. Ата-ана балаларын кәмелетке толғанша асырап өсіреді, одан ары қарай жастар өз күндерін өздері көруге көшеді. Ата-аналары қартайған шағында балалары оларды асырап, бағу міндетін мойындарына алмайды. Дамыған елдерде қарттардың зейнетақысы өздеріне толық жететіндіктен, олар балаларына масыл болмай өз беттерінше емін-еркін өмір сүре алады. Одан қалды, көп адамдар қарттарға арналған пансьонаттарға өз еріктерімен барады. Онда қариялар үшін барлық жағдайлар қарастырылған және ол пансьонаттарда болу біздегі қарттар үйлерінегідей ұят, қорлық болып саналмайды.
Баланың ата-ана алдындағы міндеті
Ананың ақ сүтін оны Меккеге жүз рет жаяу арқалап апарсаң да өтей алмайсың деген түсінік бар. Осыдан ата-ананың алдындағы міндеттің ауыр болатынын ұғуға болады. Дегенмен де, атам заманнан бері қалыптасқан бала мен ата-ананың арасындағы қатынастар қазіргі нарық заманында ақырындап бұзыла бастады. Нарыққа бірнеше ғасыр бұрын көшіп алған Батыс елдерінде ата-ана мен баланың қатынасы нарық талабына сай әбден қалыптасқан. Ол туралы жоғарыда айтып кеттік.
Ал нарыққа енді көшіп жатқан біздің елімізде ата-ана мен баланың қатынасы күрделеніп, шиеленісті жағдайға жеткендей. Бұған ежелден қалыптасқан ержеткен соң баланың қартайған ата-анасын бағуы міндет деген санаға сіңген түсінік пен нарық әкелген өмірдің қиындықтарынан туған жаңа түсініктің арасындағы қайшылық себеп болып отырған жайы бар.
Қартайған әкесін бағып отырған бір азаматтың әлеуметтік желіге салған жазбасын оқыдым. Онда әлгі азамат төсекке таңылған қарт әкесінің асқазаны дұрыс істемейтіндіктен кейде ішкиіміне үлкен дәретін жіберіп қоятынын, ондайда өзі оны ваннаға апарып жуындыратынын айтады. Әкесін жуындырғанда ұлын да қасына алады екен. Алғашында жиіркеніп жуымай қойған ұлы уақыт өте келе үйреніп алыпты.
Бір қарағанда қарт әкесін сонша сыйлап қамқорлық жасап жатқан ұлы мен немересінің ісіне риза боласың. Бірақ мәселенің екінші жағы да бар екенін ұмытпау керек. «Әке – асқар тау» деген сөз бар қазақта. Сондай асқар тау саналған әке-атаның мүсәпір халде баласына тәуелді болып, төсекке таңылып, ішкиіміне дәретін жіберіп қойып жатуы абырой-беделіне нұқсан келтірмей ме. Біраз жылдар өткенде немересі атасын қалай есіне алады? Асқар тауымыз еді деп пе? Жоқ, әрине. Оның есінде қалғаны ішкиіміне жіберіп қойып жататын сасық шал. Иә, өкінішке орай өмір шындығы осындай.
Осыдан 7-8 жылдай бұрын бір азаматтың шақыруымен шалғайдағы ауылға барып қайттым. Сонда тұратын оның зайыбының әкесінің үйінде болдық. Сол тұста сексенге таяп қалған Мырзағали ақсақал тың көрінді. Кемпірі екеуі ғана тұрады екен. Балаларының бәрі ержетіп өз отбастарын құрып, әр қияға кеткен. Ата-аналарымен хабарласып, келіп тұрады. Ақсақалдың үш-төрт сиыры, біраз қойы мен жылқысы бар. Оған қоса, ауласы толған қаз-үйрек. Терісаққан өзені үйінің дәл іргесінде ағып жатыр. Телевизор деп аталатын шағын ауды таңертең салып қояды екен, кешке балыққа лықа толып тұрады. Шәйді қуырылған балықпен іштік.
Ақсақал айтады: бақша саламын, картоп егемін. Жаңбырдың суымен өзі өседі. 80-90 қаптай картоп аламын. Балаларым күзде келіп қазуға көмектеседі және әрқайссы өздеріне қажетінше 10-15 қаптан алып кетеді. Оған қоса, ара-тұра келіп май-қаймақ, ет әкетіп тұрады.
Сексенге келген қария осылайша шалғай ауылда балаларына еш салмақ салмай өзі тұрып жатыр және керісінше балаларына көмектесіп тұрады. Ондай ақсақалды «асқар тау» демей не дейсің. Ертең бақилық болған шағында балалары мен немерелері әке, аталарын сағына естеріне алатыны анық. Ол баласына салмақ болған төсекке таңылған мүсәпір шал емес, ол қартайғанша еңбек еткен, денсаулығы мықты, еңсесі тік және балаларына ақыл-кеңесін ғана айтып қоймай, нақты көмегін көрсете алатын асқар тау әке, ата.
Қазіргі нарық қоғамында «мен сені бала кезіңде асырадым, енді қартайғанда мені бағуға тиіссің» деп міндет ететін және келін-баласына салмақ болып, ауыртпалық әкелетін арамтамақ, аурушаң кемпір-шал емес, Мырзағали ақсақал сияқты өз күнін өзі көретін, баларына еш салмақ салмай, керісінше өзі көмектесіп тұратын қариялар керек. Бұл – уақыт талабы, өмір талабы.
Қарттарын құрметтеген елдің келешегі кемел
Жүз жастан астам өмір сүрген қарт адамдары ең көп ел – Жапония екен. Жапондардың орташа өмір сүру жасы – 87 жасты құрайды. Қариялардың ұзақ жасау себебі – олар уайым-қайғысыз өз денсаулықтарын күтіп, ең бастысы өздері үшін өмір сүреді. Балалары кәмелетке толған соң өз күндерін өздері көріп кетеді де, ата-анасы енді өздеріне көңіл бөліп, өздері үшін өмір сүруге көшеді. Бұл елде зейнетақы мөлшері де басқалармен салыстырғанда біршама жоғары.
Дамыған Батыс елдерінің көпшілігінде қариялар өздеріне арналған арнайы пансионаттарда күн кешеді. Біздегі сияқты қарттар үйі аталатын және қариялар үш-төрт орындық бөлмелерде тығылысып тұратын, жүдеу-жұтаң тірлік кешетін мекеме емес, пансионаттарда адамдарға қажеттінің бәрі де жасалған. Содан болар, онда мұндай пансионаттарда тұру еш қорлық, ұят болып саналмайды.
Өкінішке орай, біздегі қарттар үйлеріндегі ардагерлерге арналған жағдайды айтудың өзі ұят. Біраз жыл бұрын журналист ретінде сондай қарттар үйінің бірінде болған едім. Сонда тұрып жатқан бір қазақ қариядан жағдайын сұрадым. Бір бөлмеде екі адам тұрады екен. Жуынатын орын, әжетхана жалпыға ортақ. Арнайы бөлмеде көпшілік бірге отырып көретін телевизор бар. Ауылдан келген, орысша жақсы білмейтін қария өзінің көріп жүрген қиындығын айтты.
-Тамағым тоқ, жағдайым жаман емес, -дейді ол. -Бірақ теледидар көре алмаймын. Кілең орысша сөйлетіндер орысша хабарлар мен киноны көреді, қазақша қояйын десем, айқайлап қойғызбайды.
Рас, соңғы жылдарда елімізде ардагерлерге арнап бірқатар игілікті істер жасала бастады. Ардагерлерге арналған белсенді өмір сүру орталықтары бар. Елімізде сондай 127 орталық жұмыс істейді екен. Онда зейнеткерлер түрлі үйірмелерге қатысып, айналыса алады. Ән, би, қолөнер бұйымдары үйірмелері бар, ағылшын тілін үйрену, компьютер үйренуге арналған курстар жұмыс істейді. Шахмат, дойбы, теннис ойнай алады. Оған қоса, 28 мыңдай жалғызбасты қарт адамдарды қамтитын 134 әлеуметтік көмек бөлімдері жұмыс істейді.
Атқарылып жатқан шаруалар бар, оны жоққа шығаруға болмайды, дегенмен де, ол тым мардымсыз. Төрт қабырғаға қамалып ішпысты тірлік кешіп жатқан қариялар, келін мен балаларына тәуелді болып жаутаңкөз күн кешкен қарттар, зейнетақысы жетпегендіктен жастарына қарамай жұмыс істеп жүрген егде адамдар – бұның бәрі қазіргі қоғамымыздың шынайы көрінісі. Туған әкесін сабап өлтіру сияқты естір құлаққа ерсі әрекеттің жасалуы – қарияларға қатысты мәселенің елімізде қатты ушығып тұрғанын көрсетеді.
Бар саналы өмірін қоғам, ел игілігі үшін еңбек етуге арнаған ардагерлер қандай құрметке де лайықты. Ал «қарттар үйлері қажет пе?» деген сауалға жауап: Қарттар үйі деген қор атаудың орнына «Ардагерлерге арналған пансионат» түріндегі қарт адамдарға қажетті барлық жағдайлар қарастырылған мекемелер ашылып, жұмыс істеуі керек. Бақуатты дамыған шет елдердің бәрінде қарттар еңбектерінің зейнеттерін көріп, бақытты тірлік кешеді. Қазақстандық ардагерлер де сондай құрметке лайықты.
Қалкөз Жүсіп.








