Футболда кейде бір ойынның өзі қоғамға ой салатындай сабақ береді.
Португалия құрамасы Данияны қонақта 4:2 есебімен жеңді. Бұл жолы алаңда Криштиану Роналду болған жоқ. Бірақ Португалия футболы тоқтап қалған жоқ. Доп домалады. Ойын жалғасты. Жеңіс келді.
Әрине, осы бір жеңістен кейін Португалия міндетті түрде чемпион болады деп ешкім айта алмайды. Роналдусыз бұл команда әлі талай сүрінеді, ұтылады, қателеседі. Бірақ сүрінген сайын қайта тұрып, жеңіс үшін күресетін болады.
Өйткені футбол бір адамның айналасында ғана тұрмайды.
Роналдудың Португалия футболына сіңірген еңбегі орасан. Ол ұлттық құрамамен бірге тарихи жеңістерге жетті, Еуропа чемпионы атанды, миллиондаған жанкүйерге қуаныш сыйлады. Оның футболдағы орнына ешкімнің таласы жоқ.
Бірақ өмірде бір ақиқат бар: әр нәрсенің өз уақыты болады.
Кейде адам өзінің ең биік белесінде тұрғанда-ақ, ертеңгі күнге жол ашатын сәттің келгенін сезінуі керек. Өйткені уақытында кеткен адамның абыройы сақталады. Ал уақытын өткізіп алған адамның кешегі еңбегін бүгінгі әрекеті көлеңкелеуі мүмкін. Роналдудың жағдайы соны дәлелдеп отыр.
Бұл — футболға ғана қатысты емес.
Біздің қоғамда да бір мекемеде, бір қызметте ұзақ жылдар бойы отырған басшылар бар. Бір дәуір ауысады. Бір буын өседі. Технология өзгереді. Қоғамның талабы жаңарады. Ал кейбір басшылар сол баяғы креслода қала береді.
Әңгіме адамның жасында емес.
Жетпіс, жетпіс бес жасқа келген адамның бәрі қызметтен кетуі керек деген сөз емес. Тәжірибелі маманның білімі мен өмір көргені — үлкен қазына. Бірақ осынша ұзақ уақыт басшылық қызметте отырып, өз саласының дамуына үлес қосудың орнына оның ілгерілеуін тежеп, ақырында сол саланың құлдырауына жол берілсе, бұл енді жай ғана ойланатын мәселе емес — дабыл қағатын жағдай.
Өйткені мәселе жаста емес.
Мәселе — нәтижеде.
Мәселе адамның қанша жыл отырғанында емес, сол жылдардың ішінде не істегенінде.
Сала өсті ме?
Жаңа буын қалыптасты ма?
Жас мамандарға жол ашылды ма?
Ізбасар дайындалды ма?
Мекеме бір адамның атына емес, жүйеге сүйене ме?
Осы сұрақтарға жауап беру керек.
Кейде қызметте ұзақ отыру тәжірибені көбейтпейді. Керісінше, уақыт өте келе кеше пайдалы болған тәжірибе бүгінгі өзгеріске кедергіге айналуы мүмкін.
Уақытында кетпеген адамның бір кезде сол салаға тигізген пайдасынан кейін келтіретін зияны басым түсетін сәті болады.
Мұны мойындау оңай емес. Өйткені көп жағдайда адам өз орнынан кетуді өзінің еңбегінен бас тартумен тең көреді. Ал шын мәнінде олай емес.
Кетуді білу — де мәдениет.
Өз орныңды уақытында босату — жеңіліс емес.
Жас маманға жол беру — өз беделіңді төмендету емес.
Ізбасар дайындау — өзіңді ұмыттыру емес.
Керісінше, бұл — өзің бастаған істің өзіңмен бірге тоқтап қалмауын ойлау.
Мемлекеттік немесе бюджеттік мекеме бір адамның жеке иелігі емес. Басшылық креслосы да мәңгілік мұра емес. Ол — қоғам сеніп тапсырған жауапкершілік.
Нағыз басшының өлшемі оның креслода қанша жыл отырғанымен емес, өзі кеткеннен кейін сол мекеменің қаншалықты орнықты жұмыс істей алатынымен өлшенуі керек.
Егер бір адам кеткенде бүкіл жүйе тоқтап қалса, онда біз сол адамның мықтылығын емес, жүйенің әлсіздігін ойлауымыз керек.
Ал егер оның орнын жас, білімді, жігерлі маман басып, жаңа тыныс әкелсе, онда бұл бұрынғы басшының еңбегін жоққа шығару емес. Бұл — сол еңбектің жалғасуы.
Роналду да футболға келген бір күндік ойыншы емес. Оның артында тұтас бір дәуір бар. Бірақ футболдың заңы біреу: бүгінгі жұлдыздың орнын ертең жаңа буын басады.
Сол сияқты қоғам да жаңаруы керек.
Өйткені елге мәңгілік бір креслода отыратын адам емес, мәңгілік дамитын жүйе керек.
Бәлкім, бүгін кейбір басшыларға ең қиын сұрақты өзіне өзі қою керек шығар: «Мен әлі осы салаға керекпін бе, әлде бұл саланың маған ғана керек болып қалғаны ма?»
Бұл сұрақтың жауабын әркім өзі біледі.
Бірақ бір нәрсе анық: әр нәрсенің өз уақыты бар. Келудің де, басқарудың да, жол берудің де.
Өз еркіңмен шегіне білмесең, бір күні уақыт сенің орныңнан шешім шығарады. Өзің орныңды босатпасаң, оны сенен бұрын өмірдің өзі босатады.
Сол күнге жетпей кеткен жөн.
Өйткені адамды қызметтен кеткені емес, қызметке жабысып қалғаны абыройдан айыруы мүмкін.
Креслоға жармасып қалған адам орнын бірер жыл сақтап қалуы мүмкін. Бірақ сол кресло үшін өз абыройын, өз еңбегінің қадірін және өзі басқарған саланың ертеңін жоғалтып алмасын.







