Мемлекеттік қызметте кейбір қателіктің құны бір парақ қағазбен өлшенбейді. Әсіресе мәселе сот шешіміне, азаматтың құқығына және баспанасына қатысты болса, «техникалық қателік» деген сылтау тым арзан естіледі.
Зеренді ауданында болған жағдай осыны көрсетіп отыр.
Аудан тұрғыны Б. төтенше жағдай салдарынан тұруға жарамсыз болып қалған үйінің орнына комиссияның хаттамалық шешіміне сәйкес тұрғын үй сатып алуды міндеттеу туралы сотқа жүгінген. Сот оның талабын қарап, 2026 жылғы 21 сәуірде аудан әкіміне азаматқа тұрғын үй сатып алу міндетін жүктеген.
Сот шешімі шықты. Енді оны заңда белгіленген тәртіппен орындау немесе оған шағымдану керек еді.
Алайда аудан әкімі апелляциялық шағым беру мерзімін өткізіп алған.
Одан кейінгі әрекеттер де мемлекеттік органның жұмысындағы салғырттықты аңғартқандай. Мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш берген кезде жоғары тұрған органмен келісімнің талапқа сай рәсімделмегені анықталған. Құжатта тіпті шығыс нөмірі болмаған.
Әкімдік өкілі мұны «техникалық недоработка» деп түсіндірген.
Бірақ мемлекеттік басқаруда техникалық қателіктің де жауапкершілігі бар.
Сот әкімдікке кемшілікті түзетуге нақты мерзім берген. 1 шілдеге дейін қажетті құжаттарды толықтыруға мүмкіндік болған. Соған қарамастан 30 маусымда ұсынылған құжаттың өзінде тиісті қолтаңба болмаған, орган мен соттың атауы, талаптың мәні және апелляцияға келісім берудің негіздемесі көрсетілмеген.
Бір сөзбен айтқанда, сот берген мүмкіндік те толық пайдаланылмаған.
Бұл жерде мәселе құжаттың бір жерінде үтірдің түсіп қалуында емес. Бірнеше рет ескерту жасалып, мерзім белгіленгеніне қарамастан, процессуалдық талаптардың тиісті деңгейде орындалмауында.
Мемлекеттік органның басты міндеттерінің бірі — азаматтың мәселесін созбалаңға салмай, заң шеңберінде шешу. Ал бұл жағдайда керісінше, бір сот ісінің қаралуына қажетті рәсімдердің өзі уақытында орындалмаған.
Сондықтан облыстық соттың аудан әкіміне 10 АЕК көлемінде ақшалай өндіріп алу түріндегі процессуалдық мәжбүрлеу шарасын қолдануы — жай ғана тәртіптік ескерту емес. Бұл мемлекеттік орган басшысының сот алдындағы процессуалдық жауапкершілігін нақты көрсететін шешім.
Әкім — ауданның атқарушы билік жүйесіндегі бірінші басшысы. Оның қол астындағы аппараттың жұмысы да, сот процестеріндегі тиісті рәсімдердің сақталуы да жауапкершіліктен тыс қалмауы керек.
Өйткені қарапайым азамат сотқа жүгінгенде құжатты уақытында тапсыруға, мерзімді сақтауға және заң талаптарын орындауға міндетті. Мемлекеттік органға келгенде осы талаптардың жеңілдетілген нұсқасы болуы мүмкін емес.
Әсіресе әңгіме баспанасынан айырылған азамат туралы болып отыр.
Бір жағында — төтенше жағдайдан кейін үй мәселесін шешуді күтіп отырған адам. Екінші жағында — сот шешіміне қатысты міндетін тиісті деңгейде орындай алмаған мемлекеттік орган.
Осы жерде «техникалық қателік» деген сөздің өзі ойландырады.
Егер бір рет жіберілген қателік түзетілгенде, оны кездейсоқ олқылық деуге болар еді. Ал сот белгілеген мерзімде кемшіліктер бірнеше рет толық жойылмаса, бұл жерде жауапкершілік пен бақылаудың қаншалықты болғаны туралы заңды сұрақ туындайды.
Мемлекеттік қызметтегі салғырттықтың ең қауіпті тұсы да осында: мекеме үшін ол — кезекті құжат, кезекті мерзім, кезекті сот отырысы. Ал азамат үшін бұл — өз үйі, өз құқығы және жоғалтқан уақыты.
Соттың бұл жолғы шешімі бір қарапайым нәрсені еске салады: заң талаптарын орындау қарапайым азаматқа ғана емес, әкімге де міндет.
Ал мемлекеттік қызметте жауапсыздықты «техникалық қателікпен» бүркемелеу — мәселені шешпейді.







