Ата Заңымыз біраз өзгертіліп, басқару құрылымдарында біршама өзгерістер орын алды. Екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Парламент құрылып, атауы өзгеріп Құрылтай атанды. Вице президент лауазымы енгізілді. Сырт қарағанда біраз өзгерістер бар және заман талабына сай жаңғыртулар жүзеге асып жатқан сияқты.
Дегенмен де, сол құқықтық, саяси өзгерістер халық күткендей еліміздегі демократиялық үдерістердің дамуына игі ықпалын тигізе ала ма? Көңіл күпті, күмән көп. Иә, әрдайым ертеңгі күнге үмітпен қарайтын халықпыз. Кеңес заманының жеке басқа табынған диктатуралық билігін бастан өткеріп, қуғын-сүргін, аштықтан да аман өттік, тәуелсіздікке қол жеткіздік деп қуанып жүрміз. Бірақ та, тәуелсіз ел болғанымызға отыз жылдан асса да, әлі күнге дейін заң жүзінде мемлекеттік мәртебе алған тіліміз босағада тұр, қарапайым халықтың үні билік басындағыларға жетпейді, тамырын тереңге жіберген жемқорлық бой беретін түрі жоқ.
Халық сайлаған, халықтың үні болады, қарапайым жұртшылықтың мұң-зарын билікке жеткізіп, әділдікті талап етеді деп үміт артқан Құрылтай алғашқы күннен-ақ әлжуаздығы мен олқылықтарын көрсетіп, өздерін сайлаған халыққа емес, билікке иек артатынын аңғартып алды.
Сайлау қарсаңында бір танысыма вадсаб арқылы «кімге дауыс бересің» деп сұрау жіберген едім. Әлгі танысым: «сайлауға бармаймын, бәрі де белгілі ғой, Әділет кем дегенде 60-70 пайыз дауыс алады, басқа дауысты қалған партияларға бөліп береді» деді. Сайлауда оның айтқаны айнымай келді. Әділет 71 пайыз дауыс алып, қалған партиялар дауысты 5-6 пайыздан бөліп алды. Ал жоғарыдағыларға жақпаған ба, экологияны ұран қылып ұстанған Байтақ партиясы мен бұрыңғы коммунистер 5 пайыздық межеден өте алмай, шаң қауып қалды.
Жәрайды, биліктің партиясын билікке тәуелді бюджет мекемелерінің қызметкерлері қолдап, сонша дауыс алған шығар, солай болды деп сенейік. Бірақ та, сол партиялардан депутат болып сайланғандардың арасында әділдікті жақтап шырылдап жүрген елге танымал бір азамат көрмедік. Бәрі есімдері ешкімге белгісіз су жаңа депутаттар. Бұрыңғы Парламентте шындықты тайсалмай айтып, түрлі мәселелерді көтеріп жүретін Базарбек Бақытжан, Мұрат Әбенов, Ермұрат Бәпи сияқты белсенді азаматтар Құрылтайда көрінбейді.
Жаңа депутаттардың деңгейі мемлекеттік тілде ант қабылдағанда көрініп қалды. Орыстілді көп депутаттар бірнеше жол қазақша ант мәтінін оқи алмай, ежелеп бірді айтып, бірге кетіп, тілдері күрмеліп сөйлей алмай пұшайман болды. Ал қазақша мүлдем білмейтін біраз депутаттар антты орыс тілінде қабылдады. Әлеуметтік желілерде бұның өзі біраз талқыланып, қарапайым жұртшылықтың жаңа депутаттарға деген өкпе-реніштері айтылып жатты.
Жаңа ғана сайланған бір журналист депутаттың өз әріптестерінің сұрағына жауап беруден бұлтарып тұра қашқаны тіпті, қызық болды. Бұл да әлеуметтік желілерде жұртшылықтың Құрылтайға деген ренішіне біраз қаузау болды.
Аты да, заты да өзгеріп, жаңадан құрылған Құрылтай елімізді жаңа белестерге көтеруге, демократиялық үдерістерін жаңғыртуға серпін береді деген қарапайым халықтың үмітінің ақталатынына деген күмәнді «Депутаттарға сұрақты журналистер тек арнайы шақырылған брифингтерде ғана қоя алады, басқа уақытта, басқа жағдайларда сұрақ қоюға болмайды» деген Құрылтай басшылығы қабылдаған жаңа ереже күшейте түсті.
Белгілі тақырыпқа байланыстырылып өткізілетін брифингтерде журналистер тек сол тақырыпқа байланысты ғана сұрақ қоюына болады. Жаңа ережеге сай, көкейде жүрген басқа сұрақтарын олардың қоюға және жауап алуға қақылары жоқ. Осыған қарап, Құрылтай жұмысқа кірісе сала халықтан іргесін аулақ ұстап, жабық ұйымға айналуға ниет еткендей әсер қалдырады.
Жұмысқа енді ғана кіріскен Құрылтай туралы нақты пікір айту әлі ертерек. Десе де, «келіннің аяғынан» демекші, жаңа Парламенттің қазіргі аяқ алысы ашықтық пен демократиядан гөрі, қатаң тәртіпке негізделген диктатуралық жүйе билігінің бір тармағына айналуға бейімділігін аңғартатын сияқты көрінеді. Кім білсін, «көш жүре түзеледі» дегендей, бәлкім уақыт өте келе Құрылтай депутаттарының арасынан да ащы шындықты тайсалмай айта алатын Бақытжан Базарбек, Ермұрат Бәпи сияқты белсенді депутаттар шығып қалар. Оны енді төреші уақыт көрсетеді.
Қалкөз Жүсіп.








