Көкшетау қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай, «Бурабай» шаңырағының белсенді оқушылары аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген даналықты ту еткен мектеп оқушылары бұл күнді жылылық пен ізетке толы игі істерге арнады.

Мереке аясында 7 «С» сынып оқушылары көпті көрген, ақжаулықты әжеміз Коспанова Ұлтай Қаскеновнаның шаңырағына, ал 7 «D» сыныбының оқушылары Күлбаева Рауза Мақсұтовна әжейдің үйіне арнайы ат басын бұрып, өздерінің ыстық ықыластары мен ізгі тілектерін жеткізді.

Кездесу барысында мектеп оқушылары жай ғана құттықтап қоймай, өз өнерлерін ортаға салды. Шәкірттер ән шырқап, өлең оқып, қариялардың жүзіне күлкі, көңілдеріне қуаныш ұялатты. Өз кезегінде қиындығы мен қызығы мол ғибратты ғұмыр кешкен әжелеріміз балаларға ризашылығын білдіріп, қолдарын жайып, ақ батасын берді.

Бұл ізгі шараның жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні өте зор болды. Қарттарымыз аман, еліміз тыныш болсын!







