Басты бетЖаңалықтар75 жастағы қарияның тағы қандай арманы бар?

75 жастағы қарияның тағы қандай арманы бар?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Бюджеттік мекеменің директоры. Қоғамдық кеңестің мүшесі. Әкімнің кеңесшісі. Мемлекеттік деңгейдегі түрлі марапаттардың иегері. Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарының санын өзі де ұмытып қалған шығар. Жасы – жетпістің бесеуінде.

Қысқасы, өмірбаянына қарасаң, бір адамның емес, тұтас бір дәуірдің қызметтік шежіресі секілді.

Бірақ бір сұрақ еріксіз туады: енді тағы не керек?

Тағы бір кабинет пе? Тағы бір кеңес пе? Тағы бір медаль ме? Әлде тағы бір марапат па?

Әкім ауысса, ол орнында қалады. Министр ауысса, ол тағы да комиссия құрамынан табылады. Қайта құру басталса, реформаны қолдайды. Жүйе өзгерсе, жаңа жүйенің белсенді жақтаушысына айналады.

Тіпті кейде: «Бұл кісі осы қызметке Конституциямен бірге енгізілген шығар», – деп қалжыңдағың келеді.

Егер мекеме өркендеп, жұмыс жүйесі мінсіз жұмыс істеп тұрса, мұның бәрін түсінуге болар еді.

Бірақ мәселе басқада.

Мекеме қарызға батқан. Қызметкерлердің жалақысы уақытылы төленбейді. Айлықтың орнына аванс беру қалыпты жағдайға айналған. Ұжым ай сайын жалақысын аламын ба, алмаймын ба деп алаңдайды.

Ең қызығы, мекеменің өзі де шағын зейнеткерлер клубын еске түсіреді.

Өйткені директор ғана емес, ұжымдағы қызметкерлердің басым бөлігі де зейнет жасынан әлдеқашан асқан.

Сырт көзге қарағанда, бұл мекеме емес, ардагерлер клубы сияқты әсер қалдырады.

Ал жастар қайда?

Жастарға орын жоқ.

Өйткені орындардың бәрі әлдеқашан бөлініп қойған.

Біреуі отыз жыл бұрын келген. Екіншісі қырық жыл бұрын орналасқан. Үшіншісі зейнетке шықса да, жұмысын жалғастырып жүр.

Содан кейін жастардың тәжірибесі жоқ деп таңғаламыз.

Әрине, тәжірибе қайдан болады?

Егер жас маманға мүмкіндік берілмесе, оның кәсіби тұрғыдан өсуіне кім жағдай жасайды?

Мекеменің жұмысына қарап отырып, кейде уақыттың осыдан қырық жыл бұрын тоқтап қалғанына сенгің келеді.

Өйткені басқару жүйесі де, жұмыс тәсілі де, көзқарас та кеңестік кезеңнің сарқыншағындай көрінеді.

Цифрландыру туралы көп айтамыз. Заманауи басқару туралы да жиі сөз қозғаймыз.

Бірақ бұл мекеменің табалдырығын аттасаң, XXI ғасырдың емес, өткен ғасырдың кеңсесіне кіріп кеткендей әсер аласың.

Жасы жетпіс беске келген адамның әлі де бірнеше қызметті қатар атқарып жүргеніне таңғалмайсың. Қайта оның «энергиясына» таңғаласың.

Мүмкін, біз зейнеткерлік жасты емес, қызметтен кетудің мәдениетін қалыптастыруды ойлауымыз керек шығар?

Өйткені ақсақалдықтың қадірі креслода отырған жылдарымен өлшенбейді.

Нағыз құрмет – орынтаққа жабысып қалу емес.

Нағыз құрмет – өзіңнен кейінгі буынға жол ашу.

Әйтпесе, ертең Конституцияға тағы бір бап енгізуге тура келетін сияқты:

«Белгілі бір азаматқа өмір бойы директор, кеңесші және қоғамдық кеңестің мүшесі болуға рұқсат етіледі».

Әзіл, әрине.

Бірақ кейде әзілдің өзі ащы шындықтан туады.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз