Басты бетЖаңалықтарКонституция – елдіктің темірқазығы, бірліктің алтын арқауы

Конституция – елдіктің темірқазығы, бірліктің алтын арқауы

Сондай-ақ, оқыңыз...

Елді ел ететін – шекарасының бүтіндігі ғана емес, халқының бірлігі, жұртының тұтастығы, қоғамының татулығы. Қай заманда да мемлекеттің ең үлкен байлығы жер астындағы қазынасымен емес, жер үстіндегі адамдардың өзара сенімімен өлшенген. Ал сол сенімнің құқықтық тірегі, елдік мұраттың темірқазығы – Конституция.

Ата Заң – жай ғана баптар мен тармақтардың жиынтығы емес. Ол – халықтың ортақ келісімі, ұрпақтар сабақтастығы, мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілік өлшемі. 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция еліміздің құқықтық дамуына жаңа бағдар беріп, адам құқығы, заң үстемдігі, қоғамдық диалог пен жалпыұлттық бірлік қағидаттарын айқындай түсті.

Бұл құндылықтардың мәнін Ақмола өңірінің тыныс-тіршілігінен де тануға болады. Сарыарқаның сайын даласы талай тағдырды тоғыстырды. Көкшетаудың көркем табиғаты мен Есілдің бойындағы елді мекендер, Бурабайдың баурайы мен Атбасардың кең жазығында әртүрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында өмір сүріп, бір өлкенің өркендеуіне еңбек сіңіріп келеді. Әрқайсысының өз тарихы, өз дәстүрі бар. Бірақ барлығына ортақ бір мекен, бір Отан, бір болашақ бар.

Бірлік дегеніміз – бәрінің бірдей ойлауы емес, әртүрлі ойдың ортақ мүддеге қызмет етуі. Татулық дегеніміз – тек мерекеде дастарқан басында бас қосу емес, күнделікті өмірде бір-бірінің құқығын құрметтеп, қуанышы мен қиындығына ортақтаса білу. Қазақтың «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген сөзі осындай терең өмірлік тәжірибеден туған.

Жаңа Конституцияда жалпыұлттық бірлікті бекемдеу мен қоғамдық диалогты дамытуға ерекше мән берілуі де тегін емес. Заң алдында бәрінің тең болуы, адамның қадір-қасиеті мен құқықтарының қорғалуы – қоғамдағы сенімнің негізі. Ал сенім бар жерде келісім бар, келісім бар жерде береке бар.

Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебеге ие болуы да қоғамдық диалогтың маңызын арттырады. Бұл – халықтың үнін естуге, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға, ортақ құндылықтарды нығайтуға арналған жаңа мүмкіндік.

Ақмола облысы үшін мұндай жұмыстың орны бөлек. Өңірдегі этномәдени бірлестіктер, Ақсақалдар кеңесі, Аналар алқасы, медиация құрылымдары мен жастар ұйымдарының қызметі қоғамдық келісімнің күнделікті өмірдегі көрінісіне айналуы тиіс.

Біздің түсінігімізде қоғамдық келісім тек этносаралық қатынастармен шектелмейді. Ол – ауылдағы ағайынның ауызбіршілігі, қаладағы көршінің сыйластығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет, әлеуметтік мәселелерді бірлесе шешу мәдениеті. Жол, ауызсу, жұмыс, білім мен денсаулық мәселелеріне қатысты халықтың үні естілуі де қоғамдық сенімнің бір бөлігі. Өйткені әділеттілік сезімі орныққан жерде ғана шынайы бірлік қалыптасады.

Әсіресе жас ұрпақтың Конституцияны білуі маңызды. Өз құқығын білетін, өзгенің құқығын құрметтейтін, заңға бағынуды азаматтық парыз санайтын ұрпақ – елдің ертеңгі тірегі. Сондықтан Ата Заңды насихаттау оның баптарын жаттатумен емес, өмірдегі мәнін түсіндірумен өлшенуі керек.

Конституцияның қадірі қағаздағы сөзбен емес, қоғамдағы әділетпен, азаматтардың ісімен, мемлекетке деген сеніммен айқындалады. Оны ілгерілету – бір күндік науқан емес, ұрпақ санасына сіңетін үздіксіз жұмыс.

Ақмоланың кең даласы талай ұрпаққа пана болды. Осы өлкенің топырағында тамыр жайған әрбір азаматтың тағдыры ортақ. Біздің байлығымыз – жеріміздің кеңдігі ғана емес, көңіліміздің кеңдігі, ниетіміздің тазалығы, бір-бірімізге деген құрметіміз.

Елдіктің ең биік өлшемі – бірлік, ал оның ең берік тірегі – әділет, ал сол екеуінің құқықтық кепілі – Конституция. Ата Заңды ардақтау – Отанды ардақтау.

Марат Өтегенов, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз