Басты бетКөзқарасДінаралық алауыздық – қоғам үшін өте қатерлі дерт

Дінаралық алауыздық – қоғам үшін өте қатерлі дерт

Сондай-ақ, оқыңыз...

 

«Бояушы-бояушы дегенге сақалын бояйды» дегендей, уағыз айтамын деп ислам дінінің абырой-беделіне нұқсан келтіретін дүмше молда-имамдар көбейіп кетті. Өткен аптада сондай уағызшы молда-ұстаздардың бірі сұраққа жауап беріп жатып «жеті атаға дейін қыз алуға исламда рұқсат етілген» деді. Сол-ақ екен ислам дініне қара күйе жағушылар жан-жақтан нешетүрлі пікірлерді қарша жаудырды. Данияр есімді әлгі жас уағызшы молданың пікірін халыққа талдап түсіндіріп, оның астарындағы ойды қарапайым тілмен жеткізген көкірек көзі ашық бірнеше дін жанашырларының видеоларын қарап отырып, жұртшылықтың ашу-ызасын туғызатындай онда ештеңе жоқтығын бағамдайсың. Мәселен, Құранда аштық қысқан шақта бақа-шаянды жеуге болатындығы туралы айтылған аяттар бар. Бұл – мұсылмандардың бақа-шаянды адал ас ретінде жеуін білдірмейді. Сол сияқты жеті атаға дейінгі туыстардың үйленуіне рұқсат етілу де әр мұсылманның орындауын қажет ететін міндет емес.

Дегенмен де, қазірде қаптап кеткен әсіредіндар сәлафи, уахаби деген теріс ағымдардың өкілдерінің Құранда айтылған осы сөзді бұрмалап, жеті атаға дейін қыз алу әрбір мұсылманға міндет ретінде баяндап жататыны бар. Өз басым әлеуметтік желілерден сондай мазмұндағы видеолардың талайын көрдім. Сақал қойған әлгі әсіредіндарлар тіпті, туыстардың үйленуі біреулердің айтып жүргеніндей, медициналық жағынан залалды емес, керісінше ұрпақ тазартады деп көкиді. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлеріне, тіліне тиісіп жататындар да сондай әсіредіндарлар.

Адамзаттың өткен тарихына назар аударып қарасаң, дінаралық қақтығыстардың көп болғандығын және олардың халыққа үлкен зардабын тигізіп, қантөгістерге ұшырататынын көресің. Орта ғасырларда «Ворфолемей түні» деген атпен тарихта қалған дінаралық қанды қырғында бір түнде 20 мыңнан астам адам қаза тапқан екен. Өлгендер де, өлтіргендер де христиандар және ұлттары француз. Католик, протестант болып жіктілген олар қанды қырғын жасап, бірін бірі қырған. Лондонда әлі күнге дейін протестанттар мен католиктердің қақтығысы тиылмай келе жатыр. Ғасырларға созылған сол қақтығыстардан мыңдаған адам опат болған.

Қазақ қоғамында дінаралық қақтығыстар бұрын болмаса да, ондай қатердің барлығын теріске шығаруға болмайды. Дінаралық қақтығысты қазақ елінің байлығына көз сүзген шет елдік ұйымдардың ұйымдастыру қаупі жоқ емес. Соңғы кездерде елімізде қаптап кеткен ислам дінінің сәләфи, уахаби сияқты агрессивті теріс ағымдары жағдайды ушықтыруда.

Жоғарыда айтылған имамның уағызына қатысты оқиға соның бір мысалы бола алады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында 150 мыңдай адамның өмірін жалмаған Тәжікстандағы қанды оқиғалар сол дінаралық алауыздықтың салдарынан болған еді. Ауғанстан, Сирия елдеріндегі қанды соғыстардың астарында да сол дінаралық қақтығыстардың жатқаны мәлім. Еліміздегі тыныштық пен бейбіт қатынас көңілдеріне тыныштық бермейтін әлдекімдер сол тыныштығымызды шайқағысы келетіні байқалады. Ол әсіресе, дін атын жамылған алауыздықты қоздыруға бағытталған видеолар мен мақалалар жазғыш блогерлердің әрекеттерінен анық көрініс беруде.

Феисбукте «Така-Мака» деген жалған атпен жүрген біреу үнемі тәңіршілдердің ит терілерін бастарына қаптап арға тиетін нешетүрлі сөздермен сыбап жатады. Ал енді сол блогерсымақтың мақаласының астындағы пікірлерге назар салып көріңізші. Төбе шашыңыз тік тұрады. Оның ішінде небір ғайбат сөздер, тіпті ашық айтылған боғауыз болағаттар да жүр.

Таяуда сол блогер Тәңіршілдер деген – бұл өңін айналдырған ЛГБТ деп айқайлатып жазған баннер жариялады. Сол баннердің астындағы тәңіршілдер тарапынан айтылған жауаптарды оқысаң жаның түршігеді. Біреу, тіпті  «Аллаңның әкесінің…» деп Құдайды боқтап жазыпты. Ислам дінінің, мұсылмандардың, пайғамбардың атына айтылып жатқан балағаттарда есеп жоқ. Ал әлгі блогерсымақ осындай жазбасымен жұрттың ашу-ызасын қасақана қоздырып, Алланы, дінді боқтатып қойып, миығынан күліп отырған тәрізді. Оның сасық ойы да тәңіршілдердің ашу-ызасын туғызып, ислам дінін оларға жеккөрінішті көрсету болса керек. Яғни, мақсат — дінаралық қақтығысқа қажетті қоғамды жіктейтін  жағдайларды дайындау. Така-Мака бұл мақсатын өте шебер орындап жатқан түрі бар.

Қазір қазақ қоғамы ақырындап дін мәселесінде екіге жарылып барады. Біреулері ислам дінін қолдаса, екіншілері оған қарсы бағытталған тәңіршілдердің көзқарастарын жақтайды. Оларға атеистер де, ұлтшылдар да қосылып кеткен сияқты. Өйткені, әсіредіндарлар тарапынан қазақтың тілі мен дәстүріне, мәдениетіне тиіскен ақпараттар көбейген сайын ұлттық құндылықтарды жақтайтындар тарапынан ислам дініне деген жеккөрініш те арта түсуде. «Домбыра харам», «Жеті атаға дейін, оның ішінде немере қарынасты алуға болады» дейтін уағыздар, қазақтың тарихын бұрмалау – бәрі ұлттық құндылықтарды мойындайтын қазақпын деген жандардың ашу-ызасын туғызып, ислам дінінен теріс айналдыратын жайлар. Өкініштісі, сондай ақпараттар уақыт өткен сайын көбейіп барады.

«Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» дейді қазақ. Ұлттығымызға қарсы бағытталған теріс насихаттар қазақтарды ислам дінінен бездіріп, мұсылмандарға деген жеккөрініш сезімін күшейтеді. Ал осы жайлардың бәріне еліміздегі ислам діні ұйымын басқарып отырған ҚМДБ аталатын дін басқармасы еш назар аудармай, жәйбарақат қарап отыруы қайран қалдырады. Басқаны былай қойып, сол әсіредіндарлардың теріс ақпаратының салдарынан біреулер «Аллаңның әкесінің..» деп Құдайды балағаттап жатса да ҚМДБ тарапынан қыңқ еткен реакция білінбейді. Неге?

Қазақ тілі мен дәстүріне тіл тигізген талай шовинистерді қазақтың ұлтжанды азаматтары сотқа беріп, заң шеңберінде жазалауға қол жеткізді. Күні кеше қазақ халқын балағаттаған Паршина деген әйелдің үстінен арыз түсіріп, қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалуда. Осы арада «ау, мұсылман діні басқармасында есі түзу бір кәсіби маман заңгер жоқ па, неге Құдайға, дінге тіл тигізіп балағаттап жатқандарды, сондай мақалалар жазып, халықты арандатушы блогресымақтарды заң шеңберінде жазаға тартпайды?» деген сауал көкейіңе оралады. Төбесіне кәк етіп қойса да қыңқ етпейтін бұл не деген сабырлылық? Өздері құлшылық ететін Алланы әкесінен боқтатып қойып..п..п қыңқ етпей жәйбарақат отыра беретін не деген енжарлық бұл?

Ұлттық ақуіпсіздік комитеті қайда қарап отыр? Арам ойлы блогерлер елді арандатып, халықтың арасына жік салып жатқанда неге олар үн-түнсіз шетте қалады? Неге заң шеңберінде шара қолданбайды? Осылай жалғаса берсе ертең халық екіге жарылып, бүгін бірін-бірі боқтап жатса, ертең жұдырық жұмсап төбелесуге, арғы күні қолына қару алып соғысуға дейін бармай ма?!.

Дінаралық алауыздық – бұл адам санасына терең еніп, ұзақ жылдар, ғасырлар бойы ұмытылмастай із қалдыратын аса қатерлі дерт. Дінаралық қақтығыстардан мыңдаған жазықсыз жандар опат болғаны тарихтан мәлім және сондай қақтығыстар әлі күнге дейін әлемнің әр бұрышында жалғасуда. «Така-Макаларға» тиым салынбаса, ертең қазақ қоғамында да сондай дінаралық алауыздық, оның ақыры қақтығыстарға ұрындыратын жағдай болуы әбден мүмкін. Құзырлы органдар тарапынан бұл мәселеге кешіктірмей қазір алдын алуға көңіл бөлінуі керек. Құдайды боқтауға дейін жеткізген әлеуметтік желідегі бұл қақтығыстар ертең желіден шығып, қоғамымызға енсе, көрешектің көкесі сонда болмақ.

Қалкөз Жүсіп.

 

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз