10.2 C
Kokshetau
Четверг, 3 октября, 2024
10.2 C
Kokshetau
ПікірАуруын жасырған өледі

Ауруын жасырған өледі

Бөлісу

Сондай-ақ, оқыңыз...

Әлеуметтік желілерде мас болып 15 тәулікке қамалған Қостанай облысының өкіл имамы туралы ақпарат желдей есіп жүр. Жәй адам болса, ешкімнің шаруасы болмас еді, ал бір облыстың мұсылмандарын басқарып отырған дін өкілінің исламда харам деп тиым салынған арақты ішіп мас болуы ақылға сиымсыз шаруа және шектен шыққандық.  Өзгелерге үлгі көрсетіп, адамдарды имандылыққа шақыратын дін басшысының мынадай әрекетін көргенде «сенген қойым сен болсаң…» деген қазақтың нақылы еске түседі. «Ет сасыса тұз себерсің, тұз сасыса не себерсің» дегендей, елді имандылыққа ұйытатын дін өкілінің  арақ ішіп ақылынан айрылған әрекетін көргенде қарапайым халықтың дін ислам туралы ой-пікірлерінің қандай болатынын түсіну қиын емес.

Қазақ «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді. Сондай шіріген құмалақтар соңғы кезде ислам діні өкілдерінің арасында тым көбейіп кетті. Осыдан бірер ай бұрын  Түркістан облысының мешіттерінің бірінде намазда тұрған адамдардың арасында төбелес шыққаны туралы видео интернетте таралып, жұрт арасында біраз пікір туғызды. Өткен жылы таксидің есігін теуіп жауып, жүргізушіні боқтап кеткен мешіт имамы жайындағы видео да халық арасында біраз сынға алынған еді. Мәжіліс депутаты Ринат  Зайытовтың  елімізде алаяқтық жасап жатқандардың 80 пайызы намазхандар дегеніне ренжіп, жан-жақтан жағасын алғандар болғанын жақсы білеміз. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, алаяқтардың арасында намазхандардың көптігі, сот істеріне қатысты мәліметтерден белгілі. Алаяқтық пен бұзақылыққа енді маскүнемдік қосылды.  Осыдан кейін дін басқармасы өкілдері халық алдында  маскүнемдікке қарсы қандай уағыз айта алады?

Облыс имамының мына әрекетінен кейін ҚМДБ бас мүфтиі өз еркімен қызметінен кететін болар деп жазды біреулер. Бірақ мүфти тарапынан еш мәлімдемені естімедік. Жапония, Ұлыбритания сияқты дамыған демократиялық елдерде үкімет құрамындағы біреу осындай теріс әрекет жасаса, үкімет басшысының өз еркімен отставкаға кететінін талай  ақпарат құралдарынан оқып, естідік.  Өркениетті елдерде солай жасайды. Дегенмен, бізге ол жақсы үрдіс әлі жеткен жоқ. Біздегі басшылар қашан желкелеп қуып шыққанша отырып алады. Облыс имамын бас мүфтидің тағайындайтыны белгілі. Өзі тағайындаған адамның мынадай естір құлаққа ерсі сорақы әрекетінен кейін ар-ұяты бар адам қызметінен өз еркімен кетуі тиіс еді. Өкінішке орай, олай болмайтыны қазір анық байқалып отыр. Ол аз десеңіз, интернетте әлгі арақ ішіп 15 тәулікке қамалған имамды ақтап жазылған мақаланы оқыдық. Автордың айтуынша, имамға бір дәмхана қызметкерлері қымыз деп алдап сыра құйып беріпті-міс. Соны ішіп қызып қалған имам машинасымен түнгі клубтың жанына өтіп бара жатқанында полиция ұстап, он бес тәулікке отырғызыпты-мыс. Бұл енді еш ақылға қонбайтын ақтау.

Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген мақал бар. Дін басқармасы түрлі ерсі әрекеттер жасап жатқан қызметкерлерін ақтауға тырысқанша, шындықты  айтып мойындап, олқылықты түзеудің нақты шараларын жасауы тиіс еді. Солай жасағанда ғана дін ұйымында болып жатқан осындай былық-шылықтарды тыюға болады. Әйтпеген жағдайда, ертең бұдан да сорақысы болуы әбден мүмкін.

Қалкөз Жүсіп. 

Барлық материалдар ESILNEWS.KZ желілік басылымының және «ESIL-MEDIA» ЖК, сондай - ақ, оның лицензиарларының меншігі. Сайт материалдарын коммерциялық мақсатта толық немесе ішінара көшіруге тек сайт иесінің жазбаша рұқсатымен ғана рұқсат етіледі.
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп
ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Соңғы мақала

Өзге де жаңалықтар