Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен заңсыз шығарылған азаматтың талап-арызын қарады. Жауапкерлер – Біржан сал ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі және «Отбасы банк» АҚ.
Сотта анықталғандай, талапкер ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар санатына жатады. Ол 2014 жылы тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде есепке алынып, кезекке №87 болып енгізілген.
Алайда 2023 жылы ол кезектен шығарылған. Бұған басқа елді мекенге көшіп кетуі себеп ретінде көрсетілген. Сонымен қатар, талапкер бұл шешім туралы тиісті түрде хабарланбаған.
Сот мұндай шешімді заңсыз деп таныды. Өйткені жетім балалар санатындағы азаматтар тұрғын үй алғанға дейін есептен шығарылмайды. Іс материалдары бойынша талапкердің атына тіркелген жылжымайтын мүлік те жоқ.
Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі талапкерді кезектен шығару туралы тиісті әкімшілік акт қабылдамаған, тек ақпараттық жүйеге өзгеріс енгізумен шектелген. Бұл да заң талаптарының бұзылуы ретінде бағаланды.
Сот шешімімен талап-арыз қанағаттандырылды. Тұрғын үй комиссиясының талапкерді есептен шығару туралы әрекеттері заңсыз деп танылып, күші жойылды. «Отбасы банк» АҚ талапкерді 2023 жылдан бастап бұрынғы кезегі сақталған күйде тұрғын үй кезегіне қайта енгізуге міндеттелді.
Сондай-ақ, сот шығындары жауапкерлерден өндірілді.
Сот актісі заңды күшіне енді.







