Табиғат — адамға тиесілі мүлік емес, келер ұрпаққа аманат. Оның әрбір аң-құсы мен өсімдігі, орманы мен даласы — елдің табиғи байлығы ғана емес, ұлттық мұраның бір бөлігі. Сондықтан табиғатты қорғау мен оны ұқыпты пайдалану мәселесі тек мамандардың немесе мемлекеттік органдардың ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігін талап етеді.
Ал осы жауапкершілікті жүзеге асыратын маңызды тетіктің бірі — мемлекеттік қызмет.
Бүгінде мемлекеттік қызметтің сапасы азаматтың мемлекеттік органға деген көзқарасын қалыптастыратын басты өлшемдердің біріне айналды. Бұрын мемлекеттік мекеменің табалдырығын тоздырып, құжат жинап, кезек күту қалыпты көрінсе, қазір цифрлық технологиялар бұл үдерісті барынша жеңілдетіп отыр. Бірқатар қызметті үйден шықпай-ақ электронды түрде алуға мүмкіндік бар.
Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау және пайдалану саласы да бұл үдерістен тыс қалған жоқ.
Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы азаматтар мен заңды тұлғаларға өз құзыреті шегінде бірқатар мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бүгінде олардың барлығы электрондық форматқа көшірілген.
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 31 қаңтардағы №39/НҚ бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес Инспекция үш негізгі бағыт бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді.
Олар — жануарларды интродукциялауды, реинтродукциялауды және будандастыруды жүргізуге рұқсат беру; саны реттелуге жататын жануарлар түрлерін алуға рұқсат беру; сондай-ақ әкімшілік органның құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның күші қолданылатын өсімдіктер дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын Қазақстан Республикасының аумағына импорттауға, Қазақстан Республикасының аумағынан экспорттауға және кері экспорттауға рұқсат беру.
Бұрын мұндай мәселелер бойынша тиісті мекемеге барып, қажетті құжаттарды жинау қажет болса, бүгінде рәсімнің едәуір бөлігі электронды жүйеге көшірілген. Мемлекеттік қызметті алу үшін азаматтарға www.elicense.kz электрондық лицензиялау порталына жүгіну жеткілікті.
Бұл — уақыт талабынан туған өзгеріс. Өйткені цифрландырудың негізгі мақсаты тек қағазды электронды форматқа ауыстыру емес, ең алдымен азамат пен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жеңілдету, ашықтықты қамтамасыз ету және қызмет көрсету сапасын арттыру.
2026 жылдың өткен кезеңіндегі көрсеткіштер де азаматтардың бұл мүмкіндікті пайдаланып отырғанын аңғартады. Осы уақыт аралығында Инспекцияға мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша 105 өтініш келіп түскен.
Сұранысқа ие қызметтердің қатарында саны реттелуге жататын жануарлар түрлерін алуға рұқсат беру қызметі ерекше орын алады. Оның ішінде қасқыр санын реттеу мәселесі жергілікті тұрғындар үшін маңызды.
Ақмола өңірі — ауыл шаруашылығы дамыған, кең далалы аймақ. Сондықтан жабайы аң мен мал шаруашылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтау — жергілікті жұрт үшін де, табиғатты қорғау саласының мамандары үшін де өзекті мәселе.
Алайда қасқыр санын реттеу кез келген өтініш негізінде жүргізілмейді. Бұл жұмыс белгіленген тәртіппен, тиісті биологиялық негіздемеге сәйкес жүзеге асырылады. Жергілікті тұрғындардың малға шабуыл жасау немесе қаңғыбас дарақтардың елді мекендерге кіруі туралы тіркелген деректері де ескеріледі.
Мұның өзіндік себебі бар. Табиғаттағы тепе-теңдікті бір сәттік жағдайға қарап бұзуға болмайды. Қасқыр — экожүйенің табиғи бөлігі. Сондықтан оның санын реттеу мәселесі тұрғындардың қауіпсіздігі мен мал шаруашылығының мүддесін ғана емес, табиғи тепе-теңдікті сақтауды да қатар қарастыратын жауапты шешімді қажет етеді.
Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік қызмет көрсету рәсімінің электрондық форматқа көшірілуінің маңызы зор. Азамат өтінішін белгіленген тәртіппен беріп, оның қаралу барысын бақылай алады. Ал мемлекеттік орган өз кезегінде заң талаптарын сақтай отырып, әрбір өтінішке нақты әрі негізделген шешім қабылдауға тиіс.
Мемлекеттік қызметтің сапасы — тек өтініштің тез қаралуымен өлшенбейді. Оның артында заңдылық, ашықтық, кәсібилік және жауапкершілік ұғымдары тұр.
Сондықтан Инспекцияда мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша мамандардың біліктілігін тұрақты арттыруға ерекше мән беріледі. Қызмет көрсету тәртібіндегі өзгерістерді меңгеру, қолданыстағы заңнама талаптарын білу, азаматтардың сұрақтарына нақты жауап беру — күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі.
Қажет болған жағдайда азаматтар мен заңды тұлғалар Инспекцияның тиісті бөлімдерінің жұмыс телефондары арқылы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібіне қатысты кеңес ала алады.
Мемлекеттік қызмет — халық пен мемлекетті жалғайтын көпір. Оның берік болуы мемлекеттік орган қызметкерлерінің кәсібилігіне ғана емес, әр азаматтың өз құқығы мен міндетін білуіне де байланысты.
Табиғатты қорғау саласында бұл жауапкершіліктің жүгі тіпті ауыр. Өйткені бүгін қабылданған шешімнің салдары тек бүгінгі күнмен шектелмейді. Ол табиғи ортаға, жануарлар дүниесіне, сайып келгенде, келер ұрпақтың өміріне әсер етуі мүмкін.
Сондықтан өсімдіктер мен жануарлар дүниесі саласындағы мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі уақтылы көрсетілуі — жай ғана әкімшілік рәсім емес. Бұл — табиғи байлықты заң аясында пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және мемлекет пен азамат арасындағы сенімді нығайту жолындағы маңызды қадам.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшылығының тұрақты бақылауында.
А.М.Зейнелова,Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы.







