Адам өмірінде басталған істің аяқталатын, атқан күннің бататын, сахнаға шыққан адамның бір күні сахнадан түсетін сәті болады. Бұл — табиғаттың да, тағдырдың да заңы.
Ең қиыны — сол сәттің келгенін дер кезінде сезіну.
Лионель Месси мен Криштиану Роналду — футбол тарихының ғана емес, әлемдік спорттың алтын шежіресіне есімін жазған қос алып. Олар жай жұлдыз болған жоқ. Супер жұлдыз болды. Бірнеше буынның футболға деген көзқарасын өзгертті. Миллиондаған баланың арманын оятты. Жеңістің де, жеңілістің де дәмін татты.
Бірі Аргентинамен әлем чемпионы атанды. Екіншісі Португалия футболының тарихындағы ең биік белестердің біріне көтерілді.
Олардың есімін енді футболдан өшіріп тастау мүмкін емес.
Бірақ ұлылықтың да өз шегі бар.
Мәселе — адамның ұлы болғанында емес, сол ұлылықпен қашан қоштасуды білетіндігінде.
Месси осыны түсінді.
Ол өзінің дәуірі аяқталып келе жатқанын сезді. Сондықтан сахнадан өзі түсті. Ешкім қуған жоқ. Ешкім есікті көрсеткен жоқ. Ешкім «енді жетеді» деген жоқ.
Керісінше, мыңдаған адам қоштасуға жиналды.
Бұл — кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ.
Абыроймен келген абыройлы қоштасу.
Ал Роналду тағылымы басқа.
Оның футболдағы ұлылығына дау жоқ. Бірақ ұлы спортшының өзі уақыттың заңына бағынады. Жылдар өте келе бұрынғы қуат, бұрынғы жылдамдық, бұрынғы мүмкіндік өзгереді. Ал адам сол өзгерісті қабылдамай, кешегі биігін бүгін де дәлелдеуге тырысқан сайын, бұрынғы абыройының айналасына жаңа даулар мен сын көбейе бастайды.
Мұнда бір ғана сабақ бар: Абыройды жинау үшін ондаған жыл керек. Ал оның үстіне көлеңке түсіру үшін кейде бір ғана дұрыс емес уақыт жеткілікті.
Сондықтан Мессиден үлгі алу керек.
Роналдудан сабақ алу керек.
Бірі — уақытында кетудің мәдениетін көрсетті.
Екіншісі — уақытты өткізіп алудың қандай қауіп екенін көрсетті.
Енді футболдан біздің өмірге қарайық.
Біздің кейбір бюджеттік мекемелерде жасы жетпіске таяған, сексеннің есігін қаққан басшылар әлі де қызметтік креслосын қимай отыр.
Жасы жағынан Месси мен Роналдудың аталарымен қатарлас.
Бірақ спорттағы сол екі алыптың жетістігінің тырнағына да татымайтын нәтиже көрсете алмаса да, қоштасатын түрі жоқ.
Неге?
Өйткені мұнда стадиондағы табло жоқ.
Нәтижені көрсететін секундомер жоқ.
Жеңілістің есебін жариялайтын төреші жоқ.
Мұнда басқа өлшем бар.
Кабинет бар.
Мемлекеттік көлік бар.
Бюджеттен төленетін айлық бар.
Қызметтік артықшылық бар.
Ал жұмыс ақсап жатса — бір есеп жазылады.
Есептен нәтиже шықпаса — тағы бір жиналыс өткізіледі.
Жиналыстан нәтиже шықпаса — презентация жасалады.
Презентациядан кейін марапат келеді.
Сөйтіп, жұмыстың ақсап тұрғаны байқалмайды, ал марапаттың салмағы арта береді.
Кейде тіпті қарамағындағы қызметкерлер айлап жалақы көрмей жүрсе де, басшының кеудесіне жаңа төсбелгі тағылып жатады.
Бұл жерде қоғамға түсініксіз бір парадокс пайда болады: жұмыс істемеген мекеменің марапаты неге көп?
Ал үнсіз отырған қызметкерлер ше?
Олар айлап еңбекақысын күтеді. Отбасының наны мен баласының несібесін ойлайды. Бірақ басшыға қарсы сөз айтуға батпайды.
Аузына тиген азғантай «жантағын» қанағат қылып, үнсіз жүре береді.
Сөйтіп, бірте-бірте үнсіздік тәртіпке, шарасыздық қалыпты жағдайға айналады.
Бірақ үнсіз отырған ұжымның бәрі риза деген сөз емес.
Кейде үнсіздік — келісім емес, амалсыздық.
Ал басшы үшін ең қауіпті нәрсе — айналасында шындықты айтатын адамның қалмауы.
Сонда кабинетте бәрі жақсы сияқты.
Есепте бәрі жақсы.
Баяндамада бәрі жақсы.
Марапатта да бәрі жақсы.
Тек мекеменің өзінде ғана бәрі жақсы емес.
Міне, осы жерде Мессидің қоштасуы қайтадан ойға оралады.
Ол кетер алдында артына қарады.
Артында не қалдырғанын білді.
Сондықтан халық оны қошеметпен шығарып салды.
Ал басшының ең үлкен жеңісі — креслода ең ұзақ отыру емес.
Өзі кеткеннен кейін де мекеменің жүріп тұруы.
Ұжымның жұмысын жалғастыруы.
Жүйенің сақталуы.
Адамдардың «осы кісіден кейін бәрі құрыды» демей, «осы кісінің кезінде мына дүние қалыптасты» деуі.
Міне, шын мұра осы.
Қызметтің қадірі — оның ұзақтығында емес.
Артында қалған ізінде.
Сондықтан жетпіске таяп, сексенге жақындаған басшыға да бір күні Месси мен Роналду қарап тұрғандай қарау керек.
Олардың жасы жетті деп тұрған жоқпыз.
Олардың өмірі мен таңдауы бізге бір нәрсені еске салады: уақытты мойындау — жеңіліс емес.
Керісінше, кейде өз орныңды өз еркіңмен босату — соңғы үлкен ерлік.
Месси бізге абыроймен кетудің үлгісін көрсетті.
Роналду бізге уақытында тоқтай алмаудың айналасына дау мен сын қалай жиналатынын көрсетті.
Ал біздегі зейнеткер басшыларға осы екі тағылымның өзі жеткілікті шығар.
Мессиден үлгі алыңыздар.
Роналдудан сабақ алыңыздар.
Креслоға емес, өз атыңызға жанашыр болыңыз.
Өйткені кабинет бір күні басқа адамға қалады.
Мемлекеттік көлік басқа адамның есігінің алдына тоқтайды.
Қызметтік телефоныңыз басқа қолға өтеді.
Ал марапаттарыңыз шаң басқан сөреге қалады.
Сізбен бірге кететін жалғыз нәрсе — атыңыз.
Сол атты халықтың алғысымен алып шығу — бақыт.
Ал жылдар бойы жинаған абыройды креслоға жабысып жүріп өз қолыңмен жоғалту — өкініш.
Мессидей қоштасу — өнер.
Роналдудан сабақ алмау — қателік.
Ал уақытында кетпеу — кейде өз абыройыңды өзің шығарып салу.







