Жаңа оқу жылының қарсаңында баланың қолына жаңа сөмке ұстатып, дәптерін түгендеп, жүзіндегі қуанышты көрудің өзі – үлкен бақыт. Өйткені балаға жасалған әрбір жақсылықтың артында тұтас қоғамның мейірімі мен адамдық ниеті жатыр.

Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» КММ-де өткен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы да осындай ізгі ниеттен туындады.
Шараға Қазақстан корейлері қауымдастығы Ақмола облыстық филиалының мүшесі Екатерина Кан, «Бари» армян мәдени орталығының төрайымы Арминэ Тороян, Көкшетау қаласындағы Әзірбайжандар қауымдастығы филиалының мүшесі Кавказ Гадиров, сондай-ақ, өзбек және «Манас» этномәдени орталықтарының өкілдері де үлес қосты.
Олар әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына мектепке қажетті оқу құралдары мен керек-жарақтарды табыстады. Бір қарағанда, бұл – қарапайым ғана көмек. Бірақ бала үшін жаңа дәптер мен сөмкенің, мектеп құралдарының мәні бөлек. Оның әрқайсысы – «сен жалғыз емессің» деген үнсіз қолдау.
Қайырымдылықтың қадірі де осында. Ол адамның ұлтына, тіліне немесе әлеуметтік жағдайына қарамай, жүректен жүрекке жол табады.
«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Қуаныш Шақшақов игі бастаманың маңызын атап өтті.
«Балаға жасалған қамқорлық – қоғамның адамгершілік деңгейінің көрсеткіші. Әр бала жаңа оқу жылын қуанышпен бастауы керек. Осы игі іске үлес қосқан азаматтарға алғыс айтамыз», – деді ол.
Әртүрлі этномәдени бірлестік өкілдерінің бір мақсатқа жұмылып, балаларға қуаныш сыйлауы – еліміздегі татулық пен өзара құрметтің жарқын көрінісі.
Өйткені қоғамдық келісім дегеніміз – тек жиындар мен ресми сөздерден тұрмайды. Оның шынайы өлшемі – қиындық көрген жанға қол созудан, баланың көңілін жұбатудан, өзгенің қуанышын өз қуанышындай қабылдай білуден көрінеді.
Бүгінгі акция – сол қарапайым, бірақ мағынасы терең адамдық құндылықтардың бір көрінісі. Ал балаға жасалған жақсылықтың қайтарымы да ерекше: ол ертең мейірімді, жауапты, жанашыр азамат болып қоғамға қайта оралады.








