Қасиетті Құранда түс жорығыш Жүсіп пайғамбар туралы сүре бар. Жүсіп пайғамбар пірңауынға көрген түсін қолмен ұстатқандай дәл жорып береді және оның жоруы өмірде айнымай келеді. Осыған қарап, қазақтың «түс түлкінің тезегі» деген сөзінің оншалықты ақиқатқа жатпайтынын бағамдауға болады. Рас, мидың шаршауына байланысты көретін мән-мағынасыз түстер болады. Бірақ та, адам өміріне үлкен әсерін тигізетін болашағы туралы аян түстер де бар.
Түске қатысты психолог ғалымдар не дейді? Көрген түстің адам тағдырына қаншалықты әсері бар деген мәселеге орай: «Бұған нақты жауап беру қиын, дегенмен «түстің ешқандай мәні жоқ» дегеннен гөрі «ол болашақ тағдырымызға әсер етуі мүмкін» деп жауап берген дұрыс» — дейді психолог және түс туралы зерттеуші сарапшы Рубин Найман.
Көптеген заманауи неврологтар жедел ұйқы кезінде ми техникалық қызмет көрсету міндеттеріне қатысады және ол қиял-елес шақырады. Осы тұрғыдан алғанда, түс көру мүлдем мағынасыз болып саналады, — деп түсіндіреді ол. Дейтұрғанмен де, түс көру ояу кездегімен салыстырғанда өзгеше, ол кездегі мидың қызметі баяулап, түйсіктің терең қабатындағы ақпараттар көрініс бере бастайды. Австралиялық аборигендердің түсті өзге әлеммен байланыстыратын құрал деп санауы да соған байланысты болса керек.
Түс көруге байланысты психологиялық теориялардың көпшілігі біртекті. Ең көп қабылданған идеялардың бірі — түсті есте сақтауды шоғырландыру ретінде елестету, мұнда түс ояу өмірдің көрінісі болып табылады, «күлкі үйіндегі айна сияқты», — дейді Найман. Осы тұрғыдан алғанда, көрген түсті жору — бұл түсті шифровка жасау. Бұл біздің білім көкжиегімізді және санамызды психологиялық тұрғыдан кеңейтеді.
Мұндағы кілт, оның айтуынша, түсті оның рәміздері мен көрнекіліктері арқылы түсіндіруге тырысу емес, ол тудыратын эмоцияларға ену. Бұл түс мені эмоциялық тұрғыда қандай әсерге бөледі? Біз түстің тілін үйренуіміз керек. Ол дәл мағынасында болмауы, тіпті керісінше мағына беруі мүмкін.
Түсте тістің түсуі нені білдіреді?
Түсінде тістердің түсуі нені білдіретіні туралы көптеген теориялар бар. Жалпы тіс сенімділік пен өзін өзі құрметтеу мәнінде түсіндіріледі. Егер сіздің бірнеше тісіңіз түсіп қалса, өзіңізді ыңғайсыз сезінер едіңіз. Әсіресе күлген кезіңізде тістің орны опырылып, ерсі көрінеді. Осы орайда, тістің түсуі абырой-беделге байланысты деген түсінік басым. Егер түсіңізде тісіңіз түсіп қалса, онда абыройыңызға сызат түсіретін бірдеңе болады деп санау керек. Дегенмен де, Найман айтқандай, түсті тікелей мәнінде қабылдамай, оның өзіңізге тигізетін эмоциалық әсеріне қарап жорыған жөн болады.
Түсіңізде құлап қалсаңыз
Құлау-адамдар айтып жүретін ең көп таралған түстің бірі. Бұл бақылаудың жоқтығына байланысты болуы мүмкін. Сіз өмірде жеке өзіңізге, өз күшіңізге сенесіз. Ал түсіңізде құлап қалу ішкі жан дүниеңіздегі күдік пен күмән, өзіңіздің мүмкіндігіңізге сенбеуден туатын стресстік ахуал болуы мүмкін. Түсіңізде құлап жатсаңыз, онда ойыңызға алған шаруаларды орындау барысында өзіңізге сенбеушілік, күмәнға бой алдыру болды ма, соған назар аударғаныңыз жөн.
Түсіңізде біреулер соңыңыздан қуса
Түсінде қуғынға ұшыраудың ең айқын түсініктемесі сіз проблемадан қашып жүргеніңіз болуы мүмкін. Сіз қорқатын нәрсе сіздің өкшеңізден қалмай, көлеңке сияқты еріп жүреді. Осыған орай, түйсігіңіз сізді сол қорыққан проблемамен бетпе-бет кездесуді, оны шешудің нақты тәсілін ойластыруды емеурінмен сездіреді.
Жыландар немесе өрмекшілерді көрудің салдары
Кейбір діни дәстүрлерде жыланды көру жамандық шақырады деп санайды. Дегенмен де, бәрін жамандыққа жору дұрыс болмайды. Түсіңізде жылан сізге қатер төндірді ме, немесе шабуыл жасады ма, болмаса қорапта, әйтпесе тұзақта болды ма – қандай жағдайда көргеніңізге байланысты түсті өз ақылыңызбен жорығаныңыз жөн. Түсте шағатын қатерлі өрмекшілерді көру де жыланды көруге ұқсайды. Мына жағдайды естен шығармау қажет: өңіңізде қатер төндіретін улы жылан мен өрмекшіні түсіңізде көруіңіз сондай қатерге ұрынамын дегенді білдірмейді. Оның астарында түйсігіңіздің сізге берген белгісі жатуы ықтимал. Сондықтан көрген түсіңізді ақылға салып, жан-жақты талдай отырып, оның мәнін ұғынуға тырысыңыз.
Жалаңаш жүру
Егер сіз түсіңізде жалаңаш болсаңыз және осыдан ұятқа берілсеңіз, бұл сіздің өміріңіздің бір сәттерінде қорғалмаған немесе сақтандырылмаған жайларға байланысты жайларды білдіруі мүмкін. Түсте жалаңаш жүру – бұл өзіңізге деген нық сенімнің жоқтығын, әлжуаздықты сездіреді. Түсіңізде өзіңіздің киімсіз жүргеніңізге ұялсаңыз, әлжуаздығыңыз бен сақтық шараларын жасамаған жағдайлар туралы іштей мазасызданған ойларыңыздың түйсік арқылы берілген елес көрінісі болуы мүмкін.
Түсінде жыныс жақындығына бару нені білдіреді
Түсіңізде өзіңіз танитын адаммен жыныс жақындығына барсаңыз, бұл өңіңізде де сондай жағдай болады дегенді білдірмейді. Бұның астарында сіздің ешкімге сездірмей ойлаған арман-қиялдарыңыз жатуы мүмкін. Сондай-ақ, көбіне әйелдер өздеріне құмартқан ер адамдардың сондай құштарлығын ішкі түйсікпен сезінеді де, бұл түйсік арқылы санада түс кейпінде көрінуі мүмкін. Жалпы, жыныс жақындығы адамның болашақ тағдырын айқындайтын көріпкелдік түстер қатарына енбейді.
Түсті қалай есте сақтауға болады
Найманның көзқарасы бойынша қазіргі қоғам түсті жоғалту, яғни ұмыттырумен айналысады. Адамдапрдың жүйкелерінің жұқарып, стресс жағдайында жүруі, алкогольді ішімдіктерді қабылдау, темекі тарту, шәй, кофе сияқты қоздырғыш сусындарды ішу – бәрі жадының қызметін нашарлатады. Жады, яғни есте сақтау қызметі нашарлаған адамдар әдетте көрген түстерін сол сәтінде ұмытып қалады. Соған орай, ондай адамдар түс туралы бас ауыртып мүлдем ойламайды. Көрген түсті қалай есте сақтауға болады, ол үшін не істеу қажет?
Түсті есте сақтау үшін оянған кезде бірден тұрып кетпей, көрген түсіңізді ақыл оймен шолып, қайталап еске түсіріңіз. Өзіңіз болашақ тағдырыңызға әсер етеді деп санаған жағымды түстерді жазып қойған дұрыс. Адамдар әсіресе, таң алдында көп түстер көреді. Бұл кезде бірінен соң бірі көп түстер кіруі мүмкін. Сағат қоңырауы шылдыраған кезде бірден тұрып кетпей, көзіңізді жұмып жатып, көрген түстеріңізді ойша бір шолып шығыңыз. Содан кейін тұрған соң бірден тіршілік қамына кірісіп, түс пен ұйқыны сілкіп тастамаңыз. Жуынып-шайынып жатқан кезіңізде, таңғы тамақтану сәтінде де көрген түстеріңізді ойша шолып шығыңыз. Жалпы, көрген түстің мән-мағынасын түсінуге тырысу, оны өз бетіңізше жақсылыққа жору және ертеңгі күннен жағымды жаңалық күту – өміріңізді нұрландырып, болашаққа құлшындырады. Осы орайда, түстің мәні өте зор. Оны өз өміріңіздің ажырамас бір бөлігіне айналдырыңыз және жағымды өзгерістерге бастайтын қуатты тәсіл деп қабылдаңыз. Сонда түстің өміріңізге игі әсері тиері анық.