Ақмола облысында жол саласының үздіктері анықталды. «ҚАЖсервис» ЖШС облыстық филиалында жол-пайдалану учаскелері қызметкерлері арасында кәсіби байқау өтті.
Байқауда мамандар өздерінің кәсіби білімі мен тәжірибесін көрсетіп, үш номинация бойынша бақ сынады.
«Үздік ДЭУ бастығы» аталымында ДЭУ-92 бастығы Жанмұрат Бектұрғанов жеңімпаз атанды.
«Үздік ДЭУ механигі» атағы ДЭУ-94 механигі Хаирхан Дюсенбаевқа берілді.
Ал «Үздік ДЭУ маманы» номинациясында ДЭУ-5 маманы Татьяна Баринова үздік деп танылды.
Байқау барысында қатысушылардың кәсіби даярлығы, жол техникасын пайдалану білімі, жұмысты ұйымдастыруы және өз міндеттеріне жауапкершілігі бағаланды.
«ҚАЖсервис» ЖШС Ақмола облыстық филиалының директоры Абылай Қыдыров жол сапасы мен қауіпсіздігінің артында күнделікті еңбек ететін мамандардың еңбегі тұрғанын атап өтті.
«Жолдың сапалы күтілуі мен қауіпсіздігі әр қызметкердің кәсібилігіне байланысты. Мұндай байқаулар мамандардың еңбегін бағалап қана қоймай, тәжірибе алмасуға және кәсіби дамуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Байқау жеңімпаздары алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кәсіби байқаулар жол саласы мамандарының тәжірибесін жетілдіруге және еңбек сапасын арттыруға бағытталған.







