Ақмола облысында Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Дж.Верди атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, профессор Шахимардан Әбіловтің «Ой толғау. Хәкім Абай» монооперасы көпшіліктің назарына ұсынылды.
Моноопераның авторы әрі орындаушысы Шахимардан Әбілов — бар өмірін ұлы ақын, композитор, би-шешен, ұстаз, аудармашы, философ және қоғам қайраткер Абай шығармашылығын насихаттауға арнаған жан. Ол Хәкім Абайдың даналығын ән арқылы жеткізіп таратуда. Фортепиано партиясын Халықаралық байқаулардың лауреаты Әлияр Өтетілеу орындады.
Моноопера — өнер саласындағы сирек жанр, сондықтан Көкшетау төрінде өткен Шахимардан Әбіловтің моноопера-концерті көрермендер үшін таңсық, ерекше оқиға болды.
Монооперада «Көзімнің қарасы» «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем Қаламқас», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Бойы бұлғаң», «Қарашада өмір тұр», «Қор болды жаным» және тағы басқа да Абайдың асыл әндері мен өлеңдері, мағынасы зор қара сөздері орындалды.