Өткен жылы Талғар қаласында орын алған қанды оқиға сол тұста үлкен пікір туғызған болатын. 16 жастағы бозбаланы бірнеше ересек ер азаматтардың жабыла сабап, пышақтап өлтірген қатыгез қылмысына қатысты интернетте блогерлер мен қарапайым жұртшылықтың ашынған пікірлері қаптап кетті. Жазықтыны жазалайды дейтін құқық қызметкерлерінің қылмыс жасағандардың көбіне куә ретінде қарап, бостандыққа жіберуі отқа май құйғандай әсер етті.
Сол тұста блогерлер бұл қылмысты жасаған жәй адамдар емес, Талғар тұрындарының арасында «хуторлықтар» аталып кеткен қылмыстық топтың мүшелері екендігін жарияға жар салып, айтып жатты. Хасан Қасымбаев деген азамат басқаратын хуторлық қылмыскерлер талайларға тісін батырып, неше түрлі қылмыстар жасаған. Шерзат Полаттың өліміне тікелей қатысы бар қылмыскерлердің бірнешеуінің бұрын сотталып, жазаларын өтеп шыққаны олардың қылмысқа жақын жандар екендігін көрсетеді.
Бұл оқиғаның жұртшылық тарапынан үлкен пікір туғызуына кісі өлтіру қылмысының 16 жастағы бозбаланың ата-анасы мен туыстарының көз алдында жасалуы себеп болғандығын атап өту керек. Баласын тепкілеп жатқан қатыгез жігіттерге «аналарың бар ғой, аяңдар баламды» деп зар жылаған әйелдің сөзін құлақтарына қыстырмай, тіпті сені де қоса өлтіреміз деп қоқан-лоққы жасағандығы кейін куәлер мен видеойғақ арқылы белгілі болды. Шерзаттың әкесі Қаржаубай осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасап, өзінің құқық қызметкерлеріне сенбейтінін, жазықтылардың жазадан құтылып кетуі мүмкін екендігін айтып, көмек сұраған видеомәлімдемесі таралды. Бұрын да талай қылмыстар жасап, жабулы қазан жабулы күйінде қалып, жазадан құтылып кетіп жүрген хуторлық топтың мүшелерінің бұл жолы да жазадан тыс қалуы мүмкін екендігін айтып, халықтың, құзырлы орган басшыларының назарын аударған видеолар интернетте көп жарияланды.
Ал сол тұста баласынан айрылып зар жылаған Қаржаубайдың үйін әлдекімдердің қасақана өртеуі, жұртшылықтың сенімсіздігін күшейте түскендей болды. Халықтың қысымымен бұл іске билік ерекше назар аударып, соның нәтижесінде сең қозғалғандай болып еді. Талғар қаласы мен облыстық деңгейдегі құқық саласының біраз басшылары қызметінен кетті. Көп ұзамай хуторлықтар атанған қылмыстық топтың жетекшісі Хасан Қасымбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Осылайша халықтың назарын аударған бұл шулы істі жүргізу жұртшылықтың бақылауымен алға басты.
Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы ашық түрде өтті. Оның барысын тек сотқа қатысушылар ғана емес, интернет арқылы басқа аймақта тұратындар да көріп, тамашалай алатын болды. Сот барысында белгілі болғандай, бозбаланы өлтірген қылмыскерлердің ата-аналары мен туыстарының баласынан айрылып, зар жылап қалған Қаржаубай Полат пен отбасына кешірім сұрап, алдынан өтпегендігі жұртшылық тарапынан теріс пікір туғызды. Осындай ата-анадан туған бала қайдан оңсын деген пікірлер айтылып жатты. Ал сотталушылардың адвокаты барлық кінәні қаза тапқан Шерзат пен оның әкесіне аударуға тырысуы халықтың ашу-ызасын туғызды.
Халықтың көз алдында ашық өткен осындай күрделі сот ісі бүгін мәресіне жетті. Бұрын да талай қылмыстар жасап, жазадан құтылып кетіп жүрген жоғарыда сүйеушілері бар қылмыстық топтың мүшелеріне қандай жаза қолданылар екен деген күмәнді ой соңғы сәтке дейін жұртшылықты алаңдатқаны анық. Дегенмен де, судья шешімді біршама әділ шығарды деп айтуға болады. Сот шешімімен прокурор ұсынғандай басты айыпты, бозбаланың өліміне тікелей себеп болған пышақ жарақатын салған Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айрылды. Тағы бір басты айыпкерлердің бірі Равиль Сакиев 20 жыл, Азамат Тоқтаубаев 15 жыл, Нұрқияс Ілиясов 9 жыл, қалған айыпталушылар 7 жыл абақтыда отыратын болды. Қылмыскерлерді оқиға орнына алып барған машина жүргізушісі кәмелетке толмаған бозбалаға 1,6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сөйтіп, осы оқиғаға қатысқан 8 адам сот шешімімен түрлі мерзімге сотталды. Ал сотқа куә ретінде қатысқан екі келіншек пен екі азаматқа қатысты сот жеке қаулы шығарып, олардың қылмысқа қатыстылығы туралы прокуратурадан анықтама беруді талап етті. Егер прокуратура ол төртеуінің де қылмысқа қатысы барлығын анықтаса, олар да сот шешімімен жазаға тартылады. Тағы бір айта кетерлік жай, сот шешімімен сотталушылар қаза тапқан Шерзат Полаттың туыстарына ар-ождан шығынын төлейтін болды.
Айта кетерлік жай, сот шешімі оқылған соң айыптылардың туыстары айқай-шу шығарып, тіпті біреулерді балағаттап өздерінің наразылықтарын білдіріп жатты. Бар өмірі алдындағы бозбаланы өз туыстарының өлтірген осы ауыр қылмысты сезініп, мойындаудың орнына оларды ақтамады деп наразылық танытқан бұл кісілердің әрекеті еріксіз қынжылтады. Бұндай ата-анадан туған балалар қандай болмақ деген ойға жетелейді.
Қалай десе де, қылмыстық іс мәреге жетіп, жұртшылықты толғандырған іске қатысты сот шешімі шықты, қылмыскерлер лайықты жазаларын алды. Тек осы жай алдағы уақытта басқаларға сабақ болса дейміз.
Қалкөз Жүсіп.