Басты бетӨзектіАрқаның әні Үндістанға жеткенде, Зеренді халқының үні әкімдікке жетті ме?

Арқаның әні Үндістанға жеткенде, Зеренді халқының үні әкімдікке жетті ме?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Әлеуметтік желіден Зеренді ауданының тарихында болмаған «сүйінші жаңалықты» көріп қалдым. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Республика күнін Үндістан астанасы Нью-Делиде атап өтіп, Арқаның әнін Азияның арғы жағында шырқамақ екен.

Ұлттық өнердің шекара асып, қазақ әнінің шетелде әуелегеніне кім қарсы болсын?! Өнердің өрісі кеңейіп, елдің мерейі үстем болсын. Бірақ бір сәт ойланайықшы: біз әнімізді алысқа жеткізуге асыққанда, өз жеріміздегі халықтың үнін естуге қаншалықты құлықтымыз?

Зеренді тұрғындарының мұң-мұқтажы таяқ тастам жердегі әкімдікке жетпей жатса, Арқаның әнін сонау Үндістанға жеткізудің мәні неде? Әннің әуені шекарадан кедергісіз асқанда, елдің сөзі неге табалдырықтан аса алмайды? Өнерпаздардың сапары аудан тарихындағы айтулы оқиға болуы мүмкін. Алайда халықтың көкейіндегі мәселенің шешілуі одан да маңызды емес пе?

Оның үстіне, Көкшетаудың өзінде үндістандық студенттер аз емес. Соларға қазақ әнін тыңдатып, ұлттық өнерімізді танытсақ, мәдени байланысымызды өз өңірімізден бастасақ, несі айып? Кейде алысқа барудан бұрын, жақындағының қадіріне жеткен жөн.

Әрине, сапардың мақсаты мен қаржыландыруы жөнінде нақты ақпаратсыз қандай да бір шығын туралы кесімді пікір айту қиын. Дегенмен, мұндай бастаманың қоғамдық маңызы мен нәтижесі ашық түсіндірілгені орынды.

Өнердің үні алысқа жеткені жақсы. Бірақ халықтың үні өз билігіне жетпесе, оның несі сүйінші жаңалық?

Арқаның әні Нью-Делиде шырқалсын. Ал Зеренді халқының мұңы өз әкімдігінде естіліп, мәселесі сол жерде шешімін тапсын. Елге керегі – осы емес пе?!

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз