Басты бетЖаңалықтарҚалдықтан табыс, өндірістен пайда: Зерендіде жаңа зауыт іске қосылды

Қалдықтан табыс, өндірістен пайда: Зерендіде жаңа зауыт іске қосылды

Сондай-ақ, оқыңыз...

Кеше ғана қажетсіз қалдық саналған дүниеден бүгін пайда табуға болады. Ең бастысы, оны табиғатқа зиян келтірмей, ақылмен игеру. Ақмола облысының Зеренді ауданында іске қосылған жаңа кәсіпорынның негізгі мақсаты — осы.

«Open Minerals Group Processing» ЖШС металлургиялық қалдықтарды қайта өңдеп, құрамындағы пайдалы металдарды өндіріске қайта қосады. Яғни, біреуге артық жүк болып көрінген қалдық енді экономикалық құнға ие болмақ.

Жобаға 7,4 млрд теңге инвестиция салынған. Зауыт ай сайын 2-3 мың тонна шикізат өңдеп, қорғасын кегі мен цементациялық мыс өндіреді. Өнімдері отандық металлургия саласына бағытталады. Кәсіпорын «Қазақмыс» пен «Қазцинк» секілді ірі компаниялармен жұмыс істейді.

Бүгінде мұнда 100-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалақысы өңірдегі орташа көрсеткіштен жоғары. Бюджетке шамамен 22 млн теңге салық төленген.

Әрине, кез келген өндірістің қадірі инвестиция көлемімен ғана өлшенбейді. Оның елге әкелген пайдасы, халыққа берген жұмысы және табиғатқа тигізген әсері де маңызды.

Әсіресе металлургиялық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесінде экологиялық қауіпсіздікке ерекше мән берілуі керек. Құрамында қорғасын бар шикізатпен жұмыс істейтін кәсіпорын үшін бұл жай ғана талап емес, адам денсаулығы алдындағы жауапкершілік. Қалдықты қайта өңдеу қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға көмектескенімен, оның нәтижесі қауіпсіз технология мен тұрақты бақылауға байланысты.

Зауыттың жергілікті тұрғындар үшін тағы бір пайдасы бар. Компания Азат станциясында балалар ойын алаңын, футбол және баскетбол алаңдарын, воркаут аймағын салған. Доломитовый кентінің негізгі көшелеріне асфальт төселген.

Өйткені өндірістің игілігі зауыттың қақпасынан әрі асып, ауылдағы ағайынның күнделікті өмірінен көрінгенде ғана оның мәні арта түседі. Бір отбасының тұрақты табысы, баланың алаңсыз ойыны, ауыл көшесінің жөнделуі — экономикалық дамудың адамға жақын өлшемдері.

Кәсіпорын алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өндіріс көлемін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруі мүмкін. Бірақ қуат өскен сайын экологиялық қауіпсіздікке қойылатын талап та күшеюге тиіс.

Зерендідегі жаңа жоба бір маңызды ойды еске салады: табиғи байлықты игеру дегеніміз — жер қойнауынан барды алып шығу ғана емес, қолдағы мүмкіндікті ысырап етпей, одан жаңа құндылық жасау.

Нағыз өндірістің табысы — тапқан пайдасымен ғана емес, халыққа берген нәпақасымен, табиғатқа көрсеткен қамқорлығымен өлшенеді.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз