Басты бетСөз салмағыУақытында кету – естілік

Уақытында кету – естілік

Сондай-ақ, оқыңыз...

Таяуда Мәскеуде есімі жалпақ жұртқа танымал өнер жұлдызы әнші Лев Лещенконың концерті болды. Кеңес заманында туып өскен аға ұрпақ өкілдері үшін Лещенконың орны ерекше. Ол орындаған көптеген әндер сол заманда барша халықтың сүйіп тыңдайтын сүйікті әндері болған еді. Содан болар, жасы сексеннен асқан әншінің концертін көріп, тамашалағысы келген жандар көп болды.

Үлкен концерт залына жиналған жұртшылық сүйікті әншілерінің шығуын тағатсыздана күткен. Әнші шықты, жұрт ду қол шапалақтап қошеметпен қарсы алды. Бірақ алғашқы әнді айта бастаған тұста-ақ сол кезге дейін үлкен ықыласпен күткен әншіге деген тыңдармандардың көзқарасы күрт өзгерді. Жұртшылық күткен барқыт қоңыр дауысы бар, екпіндеген әсерлі әуенмен тыңдармандарын баурап алатын әншінің даусы бәсең және тым созылып естілді. Бұрыңғыдай қан қыздыратын екпін, ойнақы әсерлі әуен жоқ.

84-ке келген әншінің өз жасына лайық деңгейде шырқаған әні жақсы ән тыңдаймыз деп келген көпшіліктің үмітін ақтамады. Алғашында абдырып қалған адамдар сәлден кейін ызалана айқайлап «позор, ақшамызды қайтарыңдар» деген айқайға басты. Сахнада талай ән шырқап, қалың көпшіліктің алдында өзін қалай ұстауды жақсы меңгеріп алған әнші қатқыл дауыспен ақшаның қайтарылмайтынын, арнайы келгесін концертті аяғына дейін тыңдау қажеттігін айтқан. Бағасы қалтаға үлкен салмақ түсіретін концерт билетін сатып алған адамдар мынаны естігенде ашуларын жасыра алмай орындарынан ошарыла тұрып, залдан шығып кетті. Сәлден соң әр жерде шошайып отырған бірлі-жарым адам ғана қалды. Сөйтіп, концерт басталмай жатып аяқталды.

Өмір бізге мына жайды көзге шыққан сүйелдей әрдайым көзімізге шұқи көрсетіп келеді: әрнәрсенің өз уақыты болады, уақытында кетпеген жан өкініште қалады. Бірақ та, қынжыларлығы сол, осы бір өмірдің өзі үнемі алдымызға тартып отыратын ақиқатты адамдардың көбі ескермейді. Соның кесірінен өмірде өкінішке ұшырап, таяқ жеп жатады. Жоғарыда айтып кеткен белгілі әнші Лев Лещенконың оқиғасы осының нақты айғағы бола алады.

Қазақ «жақсы болмақ мың күнде, жаман болмақ бір күнде» дейді. Лещенко өмір бойы жинаған абырой-беделінен бір сәтте айрылды. Бұл бәлкім оның ең соңғы концерті болар. Өйткені, жалпақ жұртқа таралып кеткен мына масқара оқиғадан кейін оның концертіне барамыз деушілер енді табыла қоймасы анық.

«Қарттық қуаныш емес» деген сөз бар. Ет пен сүйектен жаратылған адам жас кезінде өліп кетпесе, міндетті түрде кәріліктің тауқыметін тартады. Қарттық адамның жас күніндегі әдемі кескін келбетін ғана алып қоймай, күш-қуатын, қабылет-қарымын, денсаулығын да алып тынады. Біреулер кәрілікке ерте бой алдырса, екінші біреулерге қарттық кештеу келіп жатады. Дегенмен де, қалай болғанда да қарттық адамға міндетті түрде келеді.

Зерделі адам қарттық жеткенде уақыт талабына бейімделіп, белсенді жұмыстан бас тартады. Ал зердесіз пенделер қашан ажал жеткенше қызметінен ұстай қатып, тістей жабысып айрылмайды. Ал бұның ақыры өкінішке ұрындырып жатады. Оның мысалдарын қай қайсымыз да өмірден ұдайы көріп, естіп жүреміз.

Леонид Брежнев деген кеңес заманында КСРО мемлекетін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған басшы болды. Қашан қайтыс болғанша ел басқарған ол қазақ «алжу» деп атайтын ауруға ұшарады. Ол туралы кезінде неше түрлі күлкілі анекдоттар айтылып жүрді. Оны көзі көрген бір лауазымды тұлғаның естелігінде мынадай оқиға әңгімеленеді.

Айтулы датаға байланысты өткізілген бір алқалы жиында Брежнев жұрт алдында баяндама жасауы тиіс болады. Адамдар залда күтіп отырады. Брежнев мінбеге шығады. Жұрт ду қол шапалақтап қошемет көрсетеді. Мінбеде ол оқитын баяндама мәтіні дайын тұрған. Мінбеге шыққан Брежнев қағазға мөлие қарап бірер минут үнсіз тұрады да, содан кейін залдан шығып кете барады. Жұрт бес, он, жиырма минут күтеді – жоқ. Содан жандайшаптары Брежневтің денсаулығы болмай тұр, баяндаманы кейін оқиды деп жұртты таратады. Өкініштісі, қартайып, ақылы алжаса бастаған Брежневтің басынан осындай оқиғалар біраз өткенге ұқсайды.

Барша қазақстандықтар көріп, куәсі болған бұрыңғы президент Назарбаевты алып қаралық. «Шал кет» деп жұрт айқайлап, әбден мезі еткен соң 79 жасқа келген Назарбаев қызметінен «өз еркімен» бас тартып, орнын Тоқавқа беріп кетті. Бірақ «кетті» деген аты болмаса, қауіпсіздік кеңесі дегенді ашып алып, шын мәнінде бар билікті өз қолында ұстады. Түрлі арнайы заңдар қабылдатып, өз билігін сақтап отыра бергісі келді. Дегенмен де, 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін ол биліктен кетуге мәжбүр болды. Осылайша, өз еркімен емес, еріксіз кетті. Егер де, Назарбаев 70 жасқа келген 2010 жылы өз еркімен кеткенінде, халық алдындағы абырой-беделін сақтап қалған болар еді. Ал қазір оның атын естіген жұрт кіржиіп қалатын болды.

Жалпы, қандай салада, қандай қызметте болмасын, адам уақыты келгенде кетуі тиіс. Егер бұлай жасамаса, оның ақыры өкінішті жайға ұрындырады. Жоғарыда айтып кеткен атақты әнші Лещенконың халық алдындағы абыройынан жұрдай болып айрылғаны сияқты.

Креслосына жабысып айрылмай жүрген жасы жетпістен асқан бір кісіден «мен өзімді қырықтағы жігіт сияқты сезінемін» дегенді естідім. Қазақ адам қартайса да, көңіл қартаймайды дейді. Бәлкім әлгі бастық өз көңілінде қырықтағы жігіт сияқты сезінер, бірақ та ол солай ойлайды екен деп  өмір талабы өзгермейді.  Қарттық қаласаң да, қаламасаң да міндетті түрде келеді. Абыройдан айрылып, қор болып қуылып кеткенше, қарттық келген соң өз еркіңмен жастарға орныңды босатқан жөн болады.

Ұлы Абай «заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» дейді. Заманға, уақыт талабына әмірімді жүргіземін деу ақымақтық болады, ең дұрысы заман талабына бейімделіп, уақыты келгенде әдемі кете білу.

 

Қалкөз Жүсіп.

 

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз