Көкшетауда төрт жасар баланың ашық құдыққа түсіп, қаза болғаны туралы қаралы хабар қала жұртшылығын есеңгіретіп тастады. Баланың жоғалғаны туралы анасы полицияға хабарлаған. Бірнеше сағатқа созылған іздеу жұмыстарының соңы қайғылы аяқталды. Баланың денесі ашық құдықтан табылды.

Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның тікелей себептері мен оған кінәлі адамдардың бар-жоғын тергеу анықтайды.
Бірақ бұл жерде тергеуді күтпейтін бір мәселе бар.
Көкшетауда ашық құдық мәселесі бүгін пайда болған жоқ.
Бұл туралы жылдар бойы айтылып келеді.
2019 жылы Көктем-1 шағынауданында бала ашық кәріз құдығына түсіп кеткен. Сол кезде ғана қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік болды. Баланы адамдар құтқарып қалды.
Сол жылдары қалада 19 мыңнан астам құдық бары айтылды. Бір жылдың ішінде шамамен 500 ашық құдықтың жабылғаны туралы мәлімет жарияланды.
Бес жүз.
Бұл санның өзі қаланың коммуналдық инфрақұрылымындағы мәселенің ауқымын аңғартқан еді.
Арада төрт жыл өткенде жағдай түбегейлі өзгермегені тағы көрінді. 2023 жылы полиция Көкшетауда жүзге жуық құдықты тексеріп, олардың отыздан астамынан түрлі ақау анықтады. Бір жауапты тұлға әкімшілік жауапқа тартылды.
Сол кезде бұл туралы полицияның өзі айтты.
Демек, мәселе жай ғана тұрғындардың шағымы емес еді. Оны құқық қорғау органдары да ресми түрде тіркеген.
Сол жылы жергілікті телеарнада тұрғындар ашық құдықтардың аула-аулада кездесетінін айтып, мәселе көтерді. Кейбір тұрғындардың қауіпті жерлерді өздері тақтаймен жауып жүргені де көрсетілді.
Бұл — коммуналдық қызметтің жұмысы туралы көп нәрсені аңғартатын көрініс.
Тұрғын өз ауласындағы ашық құдықты көріп, бала түсіп кетпесін деп үстіне тақтай жауып жүр.
Ал сол кезде жауапты қызметтердің есебінде қанша құдық тексерілгені, қаншасы жабылғаны туралы мәлімет айтылды.
Есеп бар.
Бірақ қауіп те бар.
2024 жылы жүргізілген мониторинг барысында да дұрыс жабылмаған және ашық тұрған құдықтар анықталды. Демек, мәселе 2019 жылы да, 2023 жылы да, 2024 жылы да толық шешілмеген.
2025 жылдың қаңтарында Көкшетауда екі метрлік ашық құдыққа күшік түсіп кетті. Оны құтқаруға мамандар жұмылдырылды.
Осыдан кейін де қаладағы ашық құдықтар туралы мәселе күн тәртібінен түскен жоқ.
Биыл сәуір айында Esilnews.kz жағалаудағы, «Жансая» тұрғын үй кешені маңындағы ашық құдықтар туралы жазды. Редакциямызға хабарласқан тұрғындар мәселені «е-Өтініш» арқылы көтергенін айтты. Бірақ бұл жолы да мәселенің өзінен бұрын нысанның қай коммуналдық мекемеге тиесілі екені алға шықты.

Бір қарағанда, бұл — кәдімгі коммуналдық дау.
Бірақ қала тұрғыны үшін оның мәні мүлде басқа.
Құдық ашық тұр.
Осы фактінің өзі жеткілікті емес пе?
Оның «Су Арнасына» ма, энергетиктерге ме, басқа мекемеге ме тиесілі екені баланың қауіпсіздігіне әсер етпейді.
Өкінішке қарай, Көкшетауда мұндай жағдайлар бір-біріне ұқсайды: проблема пайда болады, тұрғын байқайды, журналист жазады, тиісті мекеме түсініктеме береді, тексеру жүргізіледі, белгілі бір жұмыс атқарылады.
Бірақ араға уақыт салып, дәл сол мәселе қайта шығады.
Бүгін оның салдары төрт жасар баланың өлімімен аяқталды.
Сондықтан бұл жерде мәселені «қай мекеменің құдығы?» деген сұраққа тіреп қою жеткіліксіз.
Негізгі сұрақ басқа: Неліктен жылдар бойы көтеріліп келе жатқан проблема әлі де қаланың күн тәртібінде тұр?
2019 жылы бала құдыққа түсті.
2023 жылы полиция ондаған ақаулы құдықты анықтады.
2023 жылы тұрғындар ауладағы ашық құдықтарды көрсетті.
2024 жылы тексеру кезінде ашық құдықтар тағы анықталды.
2025 жылы ашық құдыққа жануар түсті.
2026 жылы тұрғындар ашық құдықтарға қайта шағымданды.
Ал 2026 жылдың қазан айында төрт жасар бала қаза тапты.
Бұл тізбекті жай ғана кездейсоқ оқиғалардың жиынтығы деп қабылдау қиын.
Өйткені әрбір жағдайдан кейін мәселе қайта көтерілді.
Ал мәселе қайта-қайта көтеріліп отырса, демек, оның түпкі себебі жойылмаған.
Ең қиыны — бұл мәселе туралы ешкім білмеді деу мүмкін емес
Бүгінгі жағдайдан кейін «кім көрді?», «кім білді?», «кім хабарлады?» деген сұрақтар қойылады.
Бірақ ашық құдықтардың проблемасы туралы қалада бірнеше жылдан бері айтылып келеді.
Оны тұрғындар білді.
Журналистер білді.
Полиция білді.
Коммуналдық қызметтер білді.
Әкімдік білді.
Сондықтан бүгінгі қайғылы оқиғадан кейін мәселені тағы да кезекті тексерумен немесе рейдпен шектеп қою қоғамның көкейіндегі сұрақтарға жауап бола алмайды.
Өйткені бұл жолы мәселе ашық құдықтың өзінен әлдеқайда үлкен.
Бұл — қаладағы жауапкершіліктің қаншалықты нақты екенін көрсететін жағдай.
Қай мекеме жауап береді?
Қай лауазымды тұлға бақылауда ұстайды?
Бұған дейін анықталған ақаулардың тағдыры не болды?
Жылдар бойы көтерілген мәселе неге әлі де қайталанады?
Бұл сұрақтардың бәрі заңды.
Және бүгін оларды қоғамның қоюына толық негіз бар.
Қала бюджеті, коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, инфрақұрылым туралы жыл сайын есеп беріледі. Қанша жұмыс атқарылғаны, қанша қаржы игерілгені, қанша нысан жөнделгені айтылады. Тіпті, билік тарапынан Көкшетау «қауіпсіз қала» деген сөздер де болды.
Бірақ тұрғындар үшін барлық есептің соңғы өлшемі қарапайым.
Қалада бала жүретін жерде ашық құдық бар ма, жоқ па?
Бүгін бұл сұраққа Көкшетау ауыр жауап алып отыр.
Бір отбасы төрт жасар баласынан айырылды.
Ал қала бұрыннан белгілі проблемамен тағы да бетпе-бет келді.
Тек бұл жолы оны газеттен оқып, әлеуметтік желіден көріп, кезекті коммуналдық мәселе ретінде талқылау мүмкін емес.
Өйткені ашық қалған құдықтың түбінде енді бір отбасының қайғысы жатыр.







