Кейде бір мекеменің тарихын жылдармен емес, бір кресломен өлшеуге болады.
Бұл мекемеде басшылық креслосы жай жиһаз емес, әлдебір мұрагерлік орын секілді. Бір мекеме. Екі адам. Алма-кезек ауысқан екі басшы.
Зейнет жасына жеткенге дейін осы екеуі мекеменің тізгінін жиырма жылдан астам уақыт бойы ұстап келді. Бірі отырды — екіншісі ауысты. Екіншісі отырды — біріншісі қайта келді. Сөйтіп, уақыт өте келе бұл ауыс-түйіс кадрлық саясаттан гөрі кезекшілікке көбірек ұқсай бастаған.
Бір қызығы, зейнет жасы да бұл шеңберді бұза алмады.
Бірі зейнетке шықты. Бірақ кресломен қоштасқан жоқ. Тағы он бір жыл басшылық қызметте отыр. Ал оның жанындағы, осы жүйенің сенімді серігі саналған екінші басшы да жетпіске таяған жасына қарамастан сол мекемеде басшылық қызметін сақтап қалды.
Осылайша екі адамның мекеме тағдырын басқаруға кеткен уақыты отыз жылға жуықтады.
Отыз жыл.
Бір адамның ғұмырының бүтін бір дәуірі.
Отыз жылда бір ұрпақ мектепке барып, университет бітіріп, маман болып қалыптасады. Отыз жылда бір мекеме бірнеше рет жаңарып, жаңа бағытқа түсіп, жаңа буын басшыларын тәрбиелей алады. Тіпті тұтас бір саланың тынысын өзгертуге жететін уақыт.
Ал бұл мекемеде отыз жыл бойы бір нәрсе тұрақты болыпты: басшылық креслосы.
Әрине, отыз жыл ішінде кресло да шаршайды.
Шалбар да тозады.
Кабинеттің есігі де сан рет ашылып-жабылады. Қағаз жазылады. Жиналыс өтеді. Баяндама жасалады. Жоспар бекітіледі.
Бірақ осының бәрінен кейін бір ғана қарапайым сұрақ қалады:
Нәтиже қайда?
Егер отыз жылдық басшылықтың қорытындысын бір ғана сөзбен өлшейтін болсақ, «нөл» деуге ауыз бармайды.
Өйткені нөл — ештеңе жоқ деген сөз.
Ал мұнда, өкінішке қарай, одан да ауыр көрініс бар.
Нәтиже нөлге жетпей, минусқа кеткен.
Мекеме қаржылық тығырыққа тіреліп, қарызға батты. Кадрлық әлеует әлсіреді. Жас мамандардың жолы тарылды. Саланың дамуы тежелді.
Яғни отыз жылдық «тәжірибенің» арифметикалық қорытындысы қарапайым:
30 жыл басқару — минус нәтиже.
Бірақ мұның ішіндегі ең сорақысы қаржылық көрсеткіш те, қарыз да емес.
Ең сорақысы — өздерінен кейін қалдыратын лайықты шәкірттің жоқтығы.
Отыз жыл — шәкірт тәрбиелеуге жетпейтін уақыт емес. Керісінше, талай шәкірт тәрбиелейтін, талай мықты маманды қанаттандыратын, тұтас бір буынды қалыптастыратын уақыт.
Бұл мекемеде кезінде қабілетті, ізденісті, кәсіби мамандар аз болған жоқ.
Сонда солардың арасынан қаншасы өсті?
Қаншасына жол берілді?
Қаншасына ертеңгі күннің басшысы болуға мүмкіндік жасалды?
Өкінішке қарай, бұл сұрақтардың жауабы көңіл көншітпейді.
Өйткені ұстазға шәкірт тәрбиелеу үшін ең алдымен бір нәрсені мойындау керек:
Өзіңнің орныңа бір күні басқа адамның отыратынын қабылдау.
Ал креслосын жылдар бойы қызғыштай қорғаған адам үшін бұл ойдың өзі қиын болуы мүмкін.
Сондықтан мықты маманның өзінен кейін өсіп шығуына мүмкіндік берудің орнына, оның креслоға жақындауына жол бермеу әлдеқайда оңай.
Бірақ мұны тәжірибе деп атау қиын.
Өйткені тәжірибе жыл санымен өлшенбейді.
Тәжірибе — сол жылдардың нәтижесімен өлшенеді.
Егер отыз жыл бойы креслода отырып, мекемені күшейтудің орнына әлсіретсең, қаржысын түзеудің орнына қарызға батырсаң, кадр өсірудің орнына кадрлық тоқырауға жеткізсең, онда мәселе «қанша жыл басқардың?» деген сұрақта емес.
Мәселе: «Отыз жыл бойы не үшін басқардың?» деген сұрақта.
Бұл жерде тағы бір назар аударарлық жайт бар.
Бір басшының жанында жылдар бойы жүрген, оның басқару жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған екінші басшы да сол мекемеде басшылық қызметін сақтап қалды.
Екеуінің арасында қызмет ауысқанымен, жүйе өзгермеген.
Бірі отырды — екіншісі қасында болды.
Екіншісі отырды — біріншісі қайта келді.
Жылдар өтті.
Буындар алмасты.
Бірақ басқару шеңбері жабық күйінде қалды.
Мұны кадрлық сабақтастық деп атау қиын.
Бұл — креслоның айналасындағы шеңбер.
Ал шеңбер ұзақ айналған сайын мекеме алға емес, бір орында айнала береді.
Жетпіске таяған, жетпіс беске таяған адамдардың әлі де басшылық креслосында отыруы заңдық тұрғыдан мәселе болуы мүмкін немесе болмауы мүмкін. Бірақ қоғамдық мәселе басқа.
Неге бір мекеме ондаған жыл бойы бір буынның айналасынан шыға алмады?
Жастар қайда?
Жаңа мамандар қайда?
Кәсіби бәсеке қайда?
Жаңа идея қайда?
Өйткені мемлекеттік мекеме басшысының міндеті креслода мүмкіндігінше ұзақ отыру емес.
Нағыз басшы өзінен кейін бос кабинет емес, қалыптасқан жүйе қалдырады.
Жаңа мамандарға жол ашады.
Өзі жоқ кезде де жұмыс істейтін команда қалыптастырады.
Қаржыны сауықтырады.
Саланы алға сүйрейді.
Ең бастысы — бір күні өз орнын басатын адамды өзі дайындайды.
Басшының ең үлкен жетістігі — өз орнын сақтап қалу емес, сол орынды өзінен кейін лайықты адамға табыстай білу.
Ал бір адам кеткен соң оның орнына сол жүйенің екінші адамы келіп, одан кейін қайтадан алғашқысы оралса, бұл сабақтастық емес.
Бұл — жүйенің өзгермегенінің белгісі.
Мәселе адамның жасында да емес.
Мәселе оның жеке басында да емес.
Мәселе — мемлекеттік қаржыға сүйенетін мекеменің тағдырында.
Өйткені ол жердегі әр теңге — халықтың ақшасы.
Әр бос жұмыс орны — бір жастың мүмкіндігі.
Әр дұрыс қабылданбаған шешім — мекеменің ертеңгі проблемасы.
Ал жылдар бойы жиналған проблемалар бір күні қаржы есебіндегі қызыл жолдарға, кадрлық дағдарысқа, қарызға айналады.
Сондықтан «осынша жыл еңбек етті» деген сөздің өзі жеткіліксіз.
Сұрақ басқа: Осы жылдары не бітірді?
Егер жауап нақты нәтижемен өлшенсе — сөз жоқ.
Ал нәтиже сұралғанда есептің орнына еңбек өтілі көрсетілсе, онда мәселе күрделене түседі.
Өйткені мекемеге еңбек өтілі емес, еңбек нәтижесі керек.
Отыз жыл — нәтиже көрсетуге жететін уақыт емес пе еді?
Жететін.
Тіпті артығымен жететін.
Ендеше отыз жылдық басқарудың соңында таразының екі басын ғана салыстырып көрейік.
Бір жағында — отыз жылдық кресло.
Екінші жағында — қарызға батқан мекеме, жүдеңкі кадр, жоғалған мүмкіндік, тоқыраған сала.
Таразы қай жаққа ауатынын айтпаса да түсінікті.
Олар отыз жыл бойы креслода отырды.
Ал мекеме сол отыз жыл бойы олардың астында отырды.
Енді айырмашылығы мынада:
Креслоны ауыстыруға болады.
Шалбарды жаңартуға болады.
Ал отыз жылда жоғалтқан мекеменің уақытын ешқандай кресло қайтара алмайды.







