Басты бетЖаңалықтарҚарға да «сұңқар едім...» дейді, есек те «тұлпар едім...» дейді

Қарға да «сұңқар едім…» дейді, есек те «тұлпар едім…» дейді

Сондай-ақ, оқыңыз...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесінің жаңа құрамын бекітуі – қоғамдағы буын жаңғыруы мен қоғамдық диалогты жаңа деңгейге шығаруға бағытталған маңызды қадам.

Жаңа институтқа жаңа адамдардың келуі – уақыт талабы. Өйткені қоғам бір орында тұрмайды. Ел өзгереді, талап өзгереді, адамдардың қоғамдық мәселелерге көзқарасы өзгереді. Демек, халық атынан сөйлейтін алаңдарда да жаңа есімдердің пайда болуы заңды.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына әртүрлі сала өкілдерінің, қоғам белсенділерінің, этномәдени бірлестіктер мүшелерінің, депутаттар мен журналистердің енуі – қоғамның әр қабатының үнін естуге мүмкіндік беретін қадам.

Мұнда ең маңыздысы – бір адамның емес, тұтас қоғамның мүддесі.

Бірақ жаңа құрам жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде бір қызық құбылыс байқалды.

Кейбір бұрынғы белсенділердің, бұрын талай қоғамдық және мемлекеттік қызметте болған азаматтардың арасынан тізімнен өз есімін көрмей қалғанына өкпесін астарлап жеткізгендер шықты.

Тіпті: «Қазір қарғаның «кезінде мен сұңқар болғанмын» деп, есектің «тұлпар болғанмын» деп сайрайтын заманы болды» деген сарындағы жазбалар да пайда болды.

Әзілдің астарында өкпе жатқанын түсіну қиын емес.

Бірақ осы жерде бір қарапайым сұрақ бар.

Адам елге қызмет ету үшін қызмет керек пе, әлде қызметке ел керек пе?

Мәселе адамның жасында емес.

Зейнет жасы келген адам қоғамға қажет емес деу – барып тұрған ақымақтық. Керісінше, өмірлік тәжірибесі бар, талай кезеңнен өткен, мемлекеттік жүйенің ішін білетін азаматтардың ақыл-кеңесі қоғамға әрдайым керек.

Бірақ тәжірибе мен орынтаққа деген тәуелділікті шатастырмау керек. Адамның өмір бойы бір қызметтен екінші қызметке, бір қоғамдық құрылымнан екіншісіне ауысып жүруі – «елге қызмет етудің» жалғыз формасы емес.

Кейде елге ең үлкен қызмет – орныңды уақытында босату.

Өйткені сенің орныңа келген жас адам да тәжірибе жинауы керек.

Ол да қателесуі керек.

Ол да елдің мәселесін көтеріп көруі керек.

Ол да өз жолын салуы керек.

Егер әр қоғамдық институтта кеше ғана отырған адамдар бүгін де, ертең де, бүрсігүні де сол орынға қайта-қайта ұмтыла берсе, онда жастар қашан келеді?

Қоғам қашан жаңарады?

Жаңа есімдер қашан пайда болады?

Бізде бір қызық әдет қалыптасқан.

Жастарға ақыл айтқанда: «Сендер әлі жассыңдар». «Тәжірибелерің аз». «Бұрынғыны білмейсіңдер». «Біз талай нәрседен өттік».

Ал өз кезегін беру керек болғанда: «Неге мені алмады?»

Сонда әлгі тәжірибенің бәрі қайда қалады?

Егер шынымен аға буын болсаңыз, жастарға жол беріңіз.

Егер шынымен зиялы болсаңыз, тізімге кірмей қалғаныңыз үшін әлеуметтік желіге өкпе жазудың орнына, жаңа құрамға кірген жастарға сәттілік тілеңіз.

Егер шынымен елді ойласаңыз, өз орныңызға келген адамға ақыл айтыңыз.

«Мына жерде абай бол. Мына мәселені ұмытпа. Біз кезінде мынадай қателік жасадық. Сен оны қайталама» деңіз.

Міне, бұл – үлкендік.
Міне, бұл – зиялылық.
Міне, бұл – елге деген шынайы жанашырлық.

Ал орын тимегеніне ренжіп, астарлы пост жазып, өзін кезінде «сұңқар», «тұлпар» болғанын еске салу – өкінішке қарай, ірілікке жатпайды.

Өйткені сұңқардың сұңқары – биіктен көрінеді.

Ал шын тұлпар өзінен кейінгі тайды тұсап ұстамайды.

Оған жол береді.

Бір кездері сіздің де алдыңызда жол ашқан адамдар болды.

Сіз де біреудің орнын басып, біреудің орнына келдіңіз.

Сол кезде сізге жол берген аға буынның бәрі әлеуметтік желіге отырып алып: «Біздің кезімізде…» деп өкпе жазған жоқ шығар.

Ендеше бүгінгі жастарға да дәл сондай мүмкіндік беретін уақыт келді.

Қоғамдық институт – біреудің жеке меншігі емес.

Мемлекеттік қызмет – өмір бойғы абонемент емес.

Қоғамдық мәртебе – мұраға қалатын дүние емес.

Ал Қазақстан Халық Кеңесі – бұрынғы атақтарын қайта жаңғыртып, бұрынғы ықпалын сақтап қалғысы келетіндердің жиналатын жері емес.

Бұл – елдің мәселесін айтуға, қоғамның үнін жеткізуге арналған алаң.

Сондықтан мұнда ең басты өлшем – «бұрын кім болдың?» емес, «бүгін елге не бере аласың?»

Бәлкім, Кеңес құрамына бүгін есімі көпшілікке беймәлім бір жас азамат кірген шығар.
Ол ертең үлкен мәселе көтеріп, елдің сөзін сөйлеп кетуі мүмкін.

Бәлкім, дәл сол жас азамат он жылдан кейін өзінен кейінгі буынға жол беретін тұлға болар.

Оған сол мүмкіндік керек.

Өйткені қоғам бір адамның айналасында айналмайды.

Кеше – сіздің кезегіңіз болды. Бүгін – басқа біреудің кезегі. Ертең – тағы біреудікі.

Мұны түсіну – жеңілу емес.

Керісінше, адамның өзінің өмірлік жолындағы ең үлкен жеңістерінің бірі болуы мүмкін.

Асарын асап, жасарын жасаған адамға ең жарасымды сөз: «Мені неге алмадыңдар?» емес, «сендерге сәттілік, елге қызмет етіңдер» деген сөз.

Өйткені адамнан кейін оның креслосы емес, ісі қалуы керек.

Ал шын зиялы қауымның биіктігі – қанша жыл сахнада тұрғанымен емес, өзінен кейінгі буынға сахнаны қашан босатқанымен өлшенеді.

Сондықтан бүгін тізімге кірмей қалғандарға өкпелеудің қажеті жоқ.

Өткенді мақтаудың да қажеті жоқ.

«Кезінде сұңқар едім» деп дәлелдеудің де қажеті жоқ.

Егер шынымен сұңқар болсаңыз – биіктен көрініңіз. Егер шынымен тұлпар болсаңыз – алдыңыздағы жолды кейінгіге қалдырыңыз.

Сонда ғана сіздің дәуіріңіз аяқталған жоқ, сіздің ісіңіз жалғасып жатыр деуге болады.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз