Басты бетКөзқарасЖанкүйер болудың зардабы

Жанкүйер болудың зардабы

Сондай-ақ, оқыңыз...

Төрт жылда бір болатын фудболдан әлем чемпионаты да мәресіне жетті. Түн ұйқысын бөліп, жүйкелерін жұқартып фудбол көрген жанкүйерлер қауымы енді тыныш ұйықтайтын болды.  Жанкүйерлердің арасында мектеп жасындағы балалар да, зейнет жасындағы қариялар да, әйелдер мен ер адамдар да көп екендігін көрдік. Әлем чемпионаты спорт мерекесі, оны көріп, содан рухани рахат алған дұрыс та шығар, бірақ та, сол жанкүйерлердің әлеуметтік желідегі әрекеттері мен пікірлері көңілсіз бір ойларға жетелейді.

Фудбол біріншілігінде кім жеңді, кім жеңілді, не себепті жеңді немесе жеңілді – оны талдап, бас ауыртудан аулақпыз. Шынын айтқанда, өткен чемпионаттың ойындарын бақайшығына дейін талдап, түсіндіріп жатқан өздерін эксперт санайтындар баршылық. Олармен жағаласу ойымызда жоқ, тек жеке өз басымды толғандырған бір жайға жұртшылықтың назарын аударғым келеді. Ол – бар дүниені ұмытып, фудбол фанаты болудың адам денсаулығына, психикасына қаншалықты қатер төндіретіндігіне назар аудару. Бір қарағанда түкке тұрғысыз сияқты көрінгенімен, бұл шындығында өте өзекті мәселе. Өйткені, оның тигізетін залалы шаш етектен және бұны ешкім ескеріп, көңіл бөліп жатқан жоқ.

Фудбол фанаттары деген кімдер? Өзі жанкүйер болған команданың ойындарын теледидардан үзбей қарайтындардан бөлек, стадиондарға барып, ойынды өз көзімен көретіндер де баршылық. Сүйікті командасы шет елдерде ойын көрсетсе, ерінбей сол елдерге барып, қанша ақшасын шығындап, уақытын ысырап қылып сол ойындарды тамашалап жүретін жанкүйер-фанаттар қай командада болсын жетерлік. Ал сол жанкүйерлер фудбол өтіп жатқанда командасын қолдау үшін кернейлетіп, дауылпаздарын қағып, айқайлап ұрандатып жатады. Делебені қоздыратын сондай айқай-ұранның ақыры қатты эмоциялық ахуалға соқтырып, кейде қуаныштан бірін-бірі құшақтап құттықтап, айқайлап секіріп жатса, командасының сәтсіздігіне күйініп бастарын ұстап күңіренетін, көздеріне жас алып еңірейтіндер де бар. Командалары жеңілгенде ашуға булыққан жанкүйерлердің қарсылас команданың жанкүйерлеріне жұдырық ала жүгіретін, көшеде бұзақылық әрекеттер жасап, айналаны қиратып бүлдіретін жайлары да ұшырасады. Қарсылас команданың жанкүйерлерімен жұлдырықтасып төбелесетін жағдайларда бас жарылып, көз шығып жататын оқиғалар болып тұрады.

Жүйкесі сыр беріп, ойын барысында қатты күйініштен жүрек талмасына ұшырап, ауруханаға түсетін, тіпті бақи дүниеге аттанып кететін жағдайлар да ұшырсатынын БАҚ айтып, жазуда. Бұның бәрі фудбол фанаттарының өздеріне тигізетін залалының бір парасы ғана. Ал оның психологиялық үлкен теріс залалы да бар және оның тигізетін әсері өте ауыр болады.

Әлеуметтік желіде мектепте оқитын қаршадай қазақ баласының Португалия құрамасы жеңіліп, Роналдо жарыстан шығып қалды деп еңіреп жылағаны туралы видео жарияланды. Тағы бір қазақтың қызының «Египетке жанкүйер болып едім, ол жеңілді, Англия жеңе ме десем, ол да жеңіліп қалды, енді Испанияға жанкүйер боламын, оның ойыншыларының бәрі Барселонаныкі, сондықтан ұнатпаймын, бірақ Мессиді тоқтатып, Аргентинаны сүріндірсе болды» дегенін де естідік. Реалфан атанған Роналдоның жанкүйер фанаттары оның жарыстан шығып қалуы судьялардың Мессиге іштартуынан, әділ төрелік жасамауынан болды деп айыптап, Аргентина командасына шүйлігумен болды. Интернетте Мессиді жерден алып, жерге салған небір сойқан ақпараттар кең таралды. Тіпті, Аргентина судьялардың әділ төрелік етпеуі себепті жеңіске жетуде, оның жеңісі дұрыс деп танылмасын деген петиция да жарияланды. Реалфан және Мессифан аталған Роналдо мен Мессидің жанкүйерлері арасындағы дау-дамай өршіп, фанаттар бір-бірін аяусыз балағаттап жатты.

Бейтарап бағытты ұстанатын бір қазақ «япырым-ау, мынау фудбол деген қазақты екіге жарып, бір-бірімен жауластыруға айналды ғой» дегенді айтып қалды. Сөзге түсінбейтін Роналдоның фанаттары Аргентинаның әрбір жеңісінен кейін команда мен жарысты ұйымдастырған ФИДЕ-ні жер-жебіріне жетіп, балағаттауға көшті. Ал финалда Аргентина Испаниядан жеңілгенде «машаллах, залым Месси сыбағасын алды» деп жарияға жар сала қуанғандарды естідік. Олар Испанияның жеңгеніне емес, Аргентинаның жеңіліп, Мессидің жүлдеден құр қалғандығына қуанғандарын жасырмай ашық жариялап айтып жатты.

Төрт жылда бір келетін фудболдан әлем біріншілігі спорт мерекесі іспетті. Мерекеге адам демалайын, еңсені езген уайым-қайғыдан арылып, серпілейін деп барады. Ал фудбол жанкүйерлерінің жарыс барысында демалып сергігендерін, күнделікті күйкі тірлік алға тартатын түрлі мәселелерді ұмытып, серпілгендерін байқай алмадық. Керісінше, бар дүниені ұмытып, өзі қолдайтын команда немесе жеке фудболшының жетістіктері мен жеңілістерін жанына жақын қабылдап, эмоцияға қатты берілетінін көріп, куәсі болдық.

Бүгінгі медицина ғылымының пікірінше, аурудың 90 пайызы нерв жүйесінің бұзылуынан болады екен. Әрнәрсеге жиі ашулану, жүйкеге салмақ түсіру адамның имундық қуатын әлсіретіп, бойындағы ауру-сырқаудың күш алуына ықпалын тигізеді дейді. Жанкүйер фанаттардың өзі жақтайтын команда үшін қатты алаңдап, жеңісіне қуанса, жеңілісіне қайғы жұтып эмоцияға берілетіні кім кімге де аян жай. Үш жетідей уақытқа созылған фудбол біріншілігі барысында түнде ұйқы, күндіз күлкіден қалып, өзі ұнататын команда мен ойыншының жайын ойлап алаңдаған жанкүйер стресс аталатын жүйке ауруын өз қолымен жасап алғанын сезбейтін болса керек.

Бұлардың бәрі фудболға жанкүйер болудың адам денсаулығына тигізер теріс әсері. Ал оның адамның өміріне, тұрмыс жағдайына, қызметіне теріс әсері де аз емес. Түнде ұйқысы шала болып, шаршап жұмысқа баратын адамның жұмысында не мән болмақ. Күндіз-түні фудболды ойлап жүйкесі жұқарған фанат жанкүйер өзінің басындағы түрлі проблемаларды да ұмытады. Өмірде кездесетін сондай түйткілді мәселелерді дер кезінде шешпесе, ертең белең алып, өмірін ауырлататынын есі-дерті фудболға ауған жанкүйер мүлдем ескермейді.

Адамның жеке басын былай қойып, бұл мәселенің қоғамға тигізетін теріс ықпалы да баршылық. Жеке фудболшыны қолдан кумир жасап, соған табынатын және ол ойнаған команданың жанкүйері болып, бар назарын соған аударған жанкүйер фанат сол жолда өзін де, отбасы мен жақындарын, ұлты мен елін де естен шығарады.

Өзбекстан құрамасы осы чемпионатта Португалиямен кездесті. Өңкей өзбек ұлтының азаматтары бірге отырып өз командасының ойынын көруде. Португалия әр гол соққан сайын Роналдоның жанкүйер фанаты болған бір өзбек жігіті алақайлап есі шыға қуанады. Бұл әбден ызасына тиген басқа жігіттер әлгіні сол арада сабап тастай жаздады. Өзбекстан командасының әлем біріншілігіне қатысуының өзі өзбек ағайын үшін үлкен мәртебе. Өз командаларының жарысын көріп, соған жанкүйер болудың орнына онымен ойнап жатқан шет елдік команданың сойылын соғу, бұл енді ақылға симайтын шаруа. Оның астарында адам писхикасына үлкен әсерін тигізетін жанкүйер болудың ықпалы жатқаны анық.

Соңғы жылдарда қалаларды былай қойып, ауылдық елді мекендерде де бұқаралық спортты дамытуға қажетті құрылымдарды салу жұмыстары еліміздің барлық аймақтарында жүргізілуде. Өзім тұратын Көкшетау қаласында аулаларда спорт алаңдары көптеп салынып, тренажерлар орнатылуда. Дене жаттығуымен айналысып, денсаулығын жақсартқысы келген адамға барлық мүмкіндік бар. Өкініштісі сол, қазіргі жаздың әдемі шуақты күндерінде сол фудбол алаңдарында не балалардың, не ересектердің доп қуалап фудбол ойнап жүргенін көрмеймін. Анда-санда бірді-екілі балалар өздерімен өздері доп қуып жүреді. Ал команда болып фудбол ойнап жатқанын көрмейсің. Жасанды шөп төселген фудбол алаңдары көз жауын алады. Бірақ, оны пайдаланып ойнап жүрген ешкім жоқ.

Роналдо жарыстан шығып қалды деп еңіреген қазақ баласы неге айдаладағы біреудің жанкүйері болғанша өзі доп теуіп фудбол ойнамайды? Бұл денсаулығына пайда, әрі бойындағы қабылет-қарымын ашар еді. Бәлкім одан ертең мықты фудболшы  шығар. Ал ол бала болса диванда жатып алып теледидардан елімізге еш қатысы жоқ шет елдік фудболшылардың ойынын көріп, соған жүйкесін жұқартып, уақытын текке өткізуде.

Ақпараттың адам санасына әсерінің қандай болатынын айналамыздан үнемі көріп, куәсі болып жүреміз. Бүгінде халық арасында «орысқұл» атанған ресейлік ақпаратты санасына сіңірген өз ұлтынан, елінен безгендер қай өңірде де баршылық. Шошайтып сақал қойып, әйел, қыздарын қара матамен тұмшалайтын, өз ұлтының салт-дәстүріне қарсы шығатын «арабқұл» атанған  әсіредіндарлар да жетерлік. Енді оларға теледидарға телміріп, шет елдің фудболшылары мен командаларының ойындарын көріп, соған жан-тәнімен беріле жанкүйер болатын фанаттар қосылғандай. Өз елінің, ұлтының, тіпті отбасы мен жеке басының мүддесін аяқ асты етіп, бар ақыл-санасымен өзі сүйетін команда мен ойыншыға табынған жанкүйер фанаттар қоғам үшін де, айналасындағылар үшін де қауіпті екендігін өмір көрсетуде.

Жүйкеңді жұқартып денсаулығыңа, тұрмыс жағдайыңа теріс әсерін тигізетін фудбол жанкүйері болу қажет пе? Фудболды жәй уақыт өткізу үшін, көңіл көтеріп, серпілу үшін  көруге болады. Ойыншылардың шеберлігіне тәнті болып, содан рахат алсаңыз, оның денсаулығыңызға да, көңіл күйіңізге де жағымды әсері болатыны анық. Ал енді бір ойыншыны кумир етіп алып, соған табыну, сол командаға жанкүйер болып, жүйкеңді жұқарту – денсаулығыңызға да, тұрмыс жағдайыңыз бен қоғамдағы орныңызға, адамдармен қатынасыңызға да залалын тигізетіні өмір тәжірибесі көрсетіп отырған шындық. Сондықтан «аш пәледен – қаш пәле» демекші, залалынан басқа еш пайдасы жоқ жаман әдеттен өзіңіз де, балаларыңыз да аулақ болғаны жөн.

P.S

Әлемдік фудбол біріншілігі аяқталды, бірақ та, жанкүйер фанаттар әлі тыныштық таба алмай келеді. Реалфан, Мессифан дегендер әлі бір-бірімен айтысып-тартысып жатыр. Роналдоның бір фанаты «Месси деген Роналдоның тырнағының ұшына тұрмайды, Аргентинаның жеңістерінің бәрі судьялардың әділетсіздігінен болды» дегенді айтты. Ал Мессифандар финалдың екінші таймына шығар кездегі Аргентина ойыншыларының әңгімелерін келтірген видода «Аргентинаға қысым жасалған, жарыста жеңілесің деп, ол көзге анық көрініп тұр» дегенді айтады. Испаниямен финалдық кездесуді қайталап өткізу үшін, тіпті қол жинап жатқанын да айтуда. Осылайша, жүйкеге салмақ түсіріп, ұйқы-күлкіден, тәбеттен айырып, денсаулықты құртатын  фанат жанкүйерлердің айтыс-тартысы әлі тоқталмаған сияқты.

Қалкөз Жүсіп.

 

 

 

 

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз