Басты бетЗерттеуРесейдегі ахуал ауырлап барады

Ресейдегі ахуал ауырлап барады

Сондай-ақ, оқыңыз...

Жер аумағы жөнінен әлемде бірінші орын алатын, жерінің асты мен үсті байлыққа толы, табиғи ресурстарға бай Ресей Украинаға басып кіремін деп сау басына сақина тілеп алды. Қазақтың «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айрылыпты» дегеніндей, бұрыңғы КСРО-ны қайта қалпына келтіруді мақсат еткен Ресей енді өзге елді жаулап алмақ түгілі, өзінің мемлекеттігінен айрылып қалу қаупіне ұшырап отыр.

2014 жылы Украинадағы майдан қозғалысы әкелген елдегі аласапыран жағдайды пайдаланып, Ресей Қырымды еш соғыссыз тартып алды. Ол аз десеңіз, Добасс пен Луганск облыстарының біраз бөлігін қолдан жасалған жасанды республика құру арқылы басқаруға алды. 2022 жылы Украинаны түгел бағындыру мақсатында өзге елге баса көктеп кірген Ресейдің басқыншылық соғысына әлем елдері сол тұста үлкен қарсылық көрсетті. Ресей бұрын-соңды болмаған ауыр санкцияның астында қалды.  Тіпті, Еуропа елдері өздерінің экономикасына залал келіп жатса да, Ресейдің газын сатып алудан бас тартты. Осы жағдай Ресейдің экономикасына біршама зардабын тигізді.

Табиғи ресурсы аса бай алып мемлекет санкциялардың қыспағынан  зардап шексе де, тұралап қалған жоқ. Соғыстың алғашқы кездерінде әскер саны мен қару-жарағының молдығын пайдаланып, Украинаның біраз аумағын басып алды. Бірақ та, уақыт өткен сайын, орыс әскері көп шығынға ұшырап, алғашқы шабуыл қарқынын бәсеңдетуге мәжбүр болды. Ал биылғы жылдың басында Ресей әскерінің шабуылы толықтай тоқтап, керісінше Украина жағы қарсы шабуылды күшейтті.

Егер ақыл таразысына сала қарайтын болсаңыз, тарихтағы оқиғалардың үнемі қайталанып отыратындығын бағамдауға болады. 1941 жылдың маусымында КСРО-ға тұтқиылдан шабуыл жасаған фашистік Германия алғашында көп жерлерді басып алып, әскер саны, қару күшінің артықтығының арқасында көп жеңіске жеткен еді. Немістің генералдары дүрбіден Кремлді көргендерін айтып, жоғарғы басшылықтан сүйінші сұрап жатты. Бірақ содан кейін қатты қарсылыққа ұшырап, шабуыл тоқтап, одан әрі кері шегінуге мәжбүр болды. Соғыстың алғашқы жылдарында қызыл әскер саны жағынан да, қарулану жағынан да немістерден кейін қалған еді. Дегенмен, соғыс ұзаққа созылған сайын қызыл әскердің саны да, сапалық құрамы мен қарулану бойынша да немістерді басып озып, соғыстың соңында барлық жағынан басымдыққа ие болды. Мәскеу түбіне дейін келген фашистердің басқыншылық соғысы, ақырсында Берлинді алумен жеңіліспен аяқталғаны мәлім.

Украинаға 2022 жылдың ақпан айында тұтқиылдан баса көктеп кірген Ресей әскері де алғашқы кездерде көп жерлерді басып алып, Киевтің дәл түбіне дейін жеткен еді. Бірақ та, Ұлы Отан соғысындағы жағдай айна қатесіз қайталанып, Киевті басып алуға қауқары жетпеген Ресей әскері тегеурінді қарсылыққа тап болды. Биыл төрт жылдан асып, бесінші жылға кеткен соғыс барысында Украина әскері саны жағынан да, сапалық құрамы мен қарулану жағынан да Ресейді басып озып, қуатты күшке айналды.

Қазір соғыс қимылдары ақырындап Ресей аумағына ауыса бастағандай. Өткен қыста жарықсыз, жылусыз қалып, тұрғындары үдере көшкен шекара маңындағы Белгород қаласының жағдайы Ресей әскерінің әлсірегенін анық көрсетті. Украина қару шығару өндірісін қарқынды дамытып, ұшқышсыз ұшатын ұшақтарды мыңдап, милиондап шығаруда. 2 мың шақырымға дейінгі қашықтықта ұшатын Фламинго баллистикалық ракеталарын шығаруды да өндіріске енгізді. Бұның өзі бұрыңғыдай Батыс елдерінен алған азын-аулақ қаруға қарап, олардың Ресей аумағын атқылауға тиым салған бұйрықтарын орындауға мәжбүр болған ауыр күндерді келмеске кетірді. Биыл көктемнен бастап Украинаның мыңдаған ұшқышсыз ұшақтары Ресейдің барлық аумақтарына шабуылды жиілетті. Дрондардың көмегімен көптеген ресейлік мұнай өңдеу зауыттары істен шықты. Таяуда болған Мәскеу халқын толықтай дерлік жанар маймен қамтамасыз етіп отырған Мәскеу түбіндегі үлкен мұнай өңдеу зауытындағы жарылыс, мәскеуліктердің жағдайын ауырлатып жіберді. Бүгінде Ресейдің барлық аумақтарында бензин тапшылығы анық сезілуде. Жанар май құю бекеттеріндегі километрге созылатын ұзын-сонар кезектер азаяр емес.

Қырымға құрлық арқылы жеткізетін жолдың жабылуы, Қырымды оқшауланған жағдайына ұшыратты. Қазір курортты аймақта жанар май жоқтықтан автокөлік атаулы тоқтап қалған. Қырымға демалуға келген мыңдаған ресейліктер үйлеріне қайта алмай қиналуда.

Ресей жылына 130 млн тонна астық өндіретін әлемдегі ең астықты мемлекеттің бірі. Егер күзге дейін жанар май мәселесі шешілмесе, биыл егін жинау науқанын өткізу қиын болғалы тұр. Ал егін жиналмаса, елде нан тапшылығы, яғни аштық болу қаупі бар.

Мұнай өңдеу зауыттарын қиратқан украиндықтар жылу-электр орталықтарын бомбылауға көшсе, қыста көп аймақтар жарықсыз, жылусыз қалуы мүмкін. Бұның өзі халықтың жағдайын одан әрі ауырлата түсетіні анық.

Ресми емес деректерге сай, қазірге дейін ресейлік млн-нан астам жауынгер қаза тапқан. Ал жараланған, мүгедек болғандарды қоссаңыз, соғыс әкелген адам шығыны саны өсе түседі. Ел аумағынан шетелдік ірі компаниялардың кетіп қалуы, соғын орай мыңдаған жұмыс орындарының қысқаруы, халықтың тұрмыс жағдайының ауырлап кетуі – бәрі соғыс әкелген ауыртпалықтар.

Осы жайлардан не түйіндеуге болады? Шетелдік сарапшыларды былай қойып, ресейлік сарапшылардың өзі қазір ел экономикасына орасан зор шығын келгенін, оны қалпына келтіруге ондаған жылдар қажет болатынын ашық айтып жатыр. Шетелден келетін тауар ағыны тоқталған соң көп тауарлар қат дүниеге айналды. Баға шарықтап өсіп, халықтың тұрмыс жағдайы жылдан жылға ауырлап барады. Әлеуметтік желілерден мерзімі өтіп кеткен азық-түлік тауарларын тастаған қоқыс жәшіктерінен азық-түлік заттарын таласа-тармаса алып жатқан адамдарды көрсеткен видеолар көп кездеседі.

Қазір мына жай айқын болып отыр: соғыс созылған сайын Ресейдің жағдайы ауырлаған үстіне ауырлап барады, керісінше, Украина барлық жағынан күшейіп, қуаттана түсуде. Неге десеңіз, Еуропа мемлекеттері түгелдей Украинаға жан-жақты қолдау көрсетуде. Биыл көктемде Батыс елдері Украйнаға 90 млрд еуроның көмегін көрсетуге шешім қабылдады. Елінің аумағында соғыс жүріп жатқан Украина одан көп зардап шекті, инфрақұрылымдар қирап, өндіріс саласы кері кетті. Соған қарамастан, шетелдерден алынатын көмектің арқасында халық ашықпай-тарықпай өмір кешуде. Ал соғыс өнеркәсібі саласы қарқынды дамып, Украина соңғы жылдарда көптеген қару-жарақ түрлерін өндіру көлемін арттыруға қол жеткізді. Өткен жылы украиналық аити мамандары сол саладан 13,5 млрд доллар табыс тауыпты. Осылайша, Украина қазіргі заманғы аити технологиясы бойынша әлемде алдыңғы орындардың біріне шықты.

Ресеймен байланысы үзіліп, оқшау қалған Қырым түбегіндегі жағдай уақыт өткен сайын ауырлауда. Егер осылай жалғаса берсе, 2014 жылғы жағдай қайталанып, қиындыққа шыдамаған қарапайым халық енді Украинаға қосылу жөнінде референдум өткізу қаупі бар. Ресей Қырымнан айрылар болса, бұның өзі соғыс барысына үлкен әсер етері анық. Тәуелсіздік алуға ынталы автономиялық құрылымдар Ресей әлсіреген сәтте тәуелсіздігін жариялап, орталыққа бағынудан бас тарту мүмкіндігі зор. Бұның өзі Ресейдің ыдырауына ұшыратуы мүмкін.

Қажетті жанар-жағар майдың 90 пайыздан астамын Ресейден алатын қырғыз елі бензин тапшылығына орай бірқатар елдерден көмек сұрауда. Украина дрондары қиратқан Ресейдің мұнай өнімдерін өңдеу кәсіпорындары жұмысын жуық арада қалпына келтіре алмайтыны белгілі болып отыр. Осыған орай, елдегі жағдайдың одан әрі қиындай түсу қаупі бар.

Қалкөз Жүсіп.  

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз