Фәни жалғанда мәңгілік ештеңе жоқ, бәрі де өткінші. Өткен ғасырда ақпарат таратудың басты құралы болған қағаз газеттің де күні бітуге таяу. 1980-ші жылдарда Алматыда «Вечерняя Алма-Ата» газетін алуға дүңгіршекте кезекке тұратынбыз. Ол кезде адамдар газетті автобуста келе жатып, көше шетіндегі орындықтарда отырып, әйтеуір кез-келген жерде оқитын. Осылайша, ертеректе ақпарат таратудың басты құралы болған қағаз газет «Ақпарат ғасыры» атанған 21-ші ғасырда қажетсіз болып қалды.
Бүгінде еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін пайдаланатын және қолжетімді болып отырған интернет ақпарат таратудың өзге құралдарын түгел ығыстырып, ақпарат алаңын жалғыз өзі билеп-төстеп алды. Ақпарат таратудың ең пәрменді құралы саналып келген телевидениені де қазір интернет ақырындап ығыстырып, екінші сатыға түсіріп тастады.
Қағаз газеттің күні бітуге жақын, деуіміздің себебіне тоқталайық. Мен журналистика саласындағы еңбек жолымды 1988 жылы аудандық газеттен бастадым. Сол тұста екі тілде шығатын аудандық газетте жиырмадан астам адам еңбек етті. Газет төрт бет болып аптасына үш рет шығатын. Өзге жұртпен салыстырғанда жалақымыз да біршама жоғары болды. Ал облыстық газетте елуден астам адам еңбек ететін, аптасына бес рет шығып тұрды.
Қазіргі жағдайға назар аударсаң, газеттің қаншалықты қадір-қасиеті жоғалып, ақпарат алаңынан аулақтап бара жатқанын бағамдауға болады. Аудандық газеттерде қазір ары кетсе 3-4 адам еңбек етеді және аптасына бір рет қана шығады. Облыстық газеттің штаты да әлденеше есе қысқарып, қазір жұмыс істейтіндердің саны 5-10 адамнан аспайды. Аптасына екі-үш рет шығады, таралымы да еселеп кеміген.
Өзім ұзақ жылдар қызмет істеген Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде бүгінде 5-6 адам ғана еңбек етеді, аптасына екі рет шығады, таралымы 1,5 мыңдай ғана. Ал 1980-ші жылдарда «Коммунизм нұры» атанған бұл газетте елуден астам адам жұмыс істейтін, таралымы 14-15 мыңның көлемінде болды, аптасына бес рет шығып тұрды. Журналистердің жалақы деңгейі де өзгелермен салыстырғанда көп төмендеп кетті. Жоғарғы білімі бар облыстық газеттің тілшілерінің алатын жалақысы 200-250 мыңның көлемінде десе, сенесіз бе. Өкініштісі, бұл шындық.
Күні кеше инстаграмнан бір құлақтандыруды оқыдым. Солтүстік Қазақстан облысындағы бір іргелі шаруашылық механизатор, комбайнер, агроном мамандарды шақырады, айлық жалақысы 3 млн. теңгеге дейін, үй беріледі деп жазыпты. Қаладағы мейрамханаға аспаз керек, жалақысы 1 млн. теңге дейді. Құрылысшы мамандарын шақырған тағы бір жарнамада айлық жалақыларының 500 мыңнан басталып, 1-1,5 млн-ға дейін жететінін жазыпты. Осыларды оқып отырып, уақытпен санаспай жүгіріп жүріп жұмыс істейтін жоғары білімді журналистердің жалақыларының 200-300 мыңнан аспайтынын ойлап, көңілің құлазиды.
«Ақпаратты билеген әлемді билейді» дейді. Төртінші билік, атанған ақпарат саласының қызметкерлерін қазіргі қоғам неге қадірін қашырып, осынша қор етіп қойды? Кезінде Шерағаң (Шерхан Мұртаза) айтқандай «есектің арқалағаны алтын, жегені жантақ» болып, қоғамдағы ең ауыр жүкті көтере жүріп, ең аз жалақы алатын, әлеуметтік жағынан мүлдем қорғалмаған қор жағдайда өмір кешетін журналистердің тірлігі кісі аярлық дәрежеде. «Бөрі аштығын білдірмес, итке жүнін қампайтар» дегендей, журналист байғұстар өздерінің қор халдерін ешкімге сездірмей, желкелерін күжірейтіп, билік өкілдеріне ыңғайсыз сұрақтар қойып, түрлі өткір мәселелерді көтеріп, содан әлдекімдердің қырына ілігіп жатады. Жақсы қызметі үшін сотталып, тіпті белгісіз біреулердің қолынан қаза тапқан журналистер де бар.
Қағаз газеттің жайына қайта оралайық. Неге қағаз газеттің таралымы, шығу жиілігі азайды, штат көлемі кеміді? Оның басты себебі – ақпарат тарату пәрменділігі жоғары веб-сайттар мен әлеуметтік желілердің шығуы. Қазір мектеп оқушыларынан бастап, зейнеткерлерге дейін телефонға үңіліп, ақпаратты интернеттен алатын болды. Ал биліктің бұрыңғы кеңес заманында кең белең алған бюджет қызметкерлерін баспасөзге мәжбүрлеп жаздыруды тыюы, газет таралымын күрт азайтты. Газетке оны оқып үйренген зейнеткерлер ғана жазылатын болды.
Бұрын жергілікті билік сол аймақтың басылымдарын үнемі назарда ұстап, сын айтылған мекеме-ұйымдардың басшыларына ескерту жасап отыратын, тіпті бюроға салып, жазалайтын. Қазір жергілікті басылымдарда не жазылып жатыр, оны билік басындағылар көз ауыртып оқымайды да. Керісінше, бәрі әлеуметтік желілерде айтылған сын-ескертпелерден қорқып, соған жедел жауап беріп жатады.
Міне, осы жайларға ой жүгірте отырып, қағаз газеттердің күні бітуге жақын деп айтуға әбден болады. Шынын айтқанда, жергілікті билік қазіргі күні аудандық, қалалық, облыстық басылымдарды жоғарыдағылардың әмірімен амалсыздан ұстап отырған жайы бар. Қағаз газеттердің таралымы да, сапалық мазмұны да кеңес заманындағы деңгейден көп төмендеп кетті.
1,5 мың таралымы бар Ақмола облыстық газеті 800 мыңдай тұрғыны бар аймаққа қаншалықты ақпараттық қызмет көрсете алады. Олардың қамту аудиториясының өзі болар-болмас қана ғой. Көп адамдар облыстық газеттің атын да, затын да мүлдем білмейді. Ал осы газетті ұстауға жыл сайын бюджеттен милиондаған қаржы бөлінуде. Бұл жай тек Ақмола облыстық газетіне ғана қатысты емес, барлық аймақтағы жағдай осындай. Ал аудандық газеттердің аты ғана бар, онда оқылатын ештеңе жоқ. Сондай сапасы сын көтермейтін газеттерді аудан әкімдіктері қыруар қаржы бөліп ұстап отыр. Қазір жергілікті газетті шығаруды жалпақ тілмен «жәй галочка үшін» деп айтуға болады.
Қазақстан бүгінде цифрландыру бойынша әлем елдерінің алдыңғы шебінде тұр. Америкаға барған бір қандасымыз ондағы цифрландырудың Қазақстаннан көп төмен екендігін айтты, ал Ұлыбританиядан келген ерлі-зайыпты туристер бұндағы цифрлық қызмет жеделдігі мен сапасына тәнті болғандығы туралы видео әлеуметтік желілерде жүр. Шындығында, біздің цифрландыру саласының қызметі бойынша мақтануға толық құқымыз бар.
Осылайша, цифрландыруда әлем елдерінің алдыңғы легінде жүрген еліміздің ақпарат ғасырындағы ақпараттық қызмет саласының көш соңында ашң қауып қалып қоюы қынжылтады. Мемлекеттің қыруар қаржысын желге ұшырып, «для галочки» шығарылып жатқан қағаз газеттерді заман талабына сай электрондық нұқсаға көшіруге не кедергі?
Егер де, қағаз газеттерді веб-сайттарға көшірсе, онда қазіргідей баспахана қызметіне, поштаға жұмсалатын қыруар қаржы үнемделер еді. Веб-сайттарға офистің де қажеті жоқ, әр адам үйінде отырып, өз компютерімен жұмыс істей алады. Ақпарат тарату жылдамдығы еселеп артып, оқырмандарды қамту көлемі де өседі. Ең бастысы, үнемделген ақшаны журналистердің жалақысын көтеруге жұмсауға болады. Айына 200 мың теңге емес, 500, 700, тіпті 1 млн. теңге алатын журналистер жұмысты жүгіріп жүріп істейтін болады. Ақпараттың жеделдігі де, сапасы да жақсарады.
Бұл жайды еліміздің цифрландыру қызметін кері тартып отырған Ақпарат министрлігі білмейді деуге болмас, бірақ та, өткен ғасырдан қалған ескі ақпарат құралдарынан айрылмауға ақпарат саласында зейнетке шықса да әлі күнге дейін жұмыс істеп жүрген министрдің өзі сұхбатында айтқан 3,5 мың зейнеткер ықпал етіп отырған сияқты. Олар қағаз газеттерге қатысты пікір айтыла қалса «қағаз газеттің ресурсы, оқырмандары әлі де бар, оны жабуға болмайды» деп шыға келеді.
Жылына бір келетін журналистердің кәсіби мерекесі де келіп қалды. Жылдағыдай журналистерге мереке қарсаңында Алғыс хат аталатын қатырма қағаздар мен Құрметті журналист, БАҚ үздігі сияқты төсбелгілер, тіпті орден-медальдер тапсырылып жатыр. Бірақ та, кеудесіне орден, төсбелгі таққан журналистің аспазбен, кірпіш қалаушы, дәнекерлеушімен салыстырғанда айтуға ауыз бармайтын деңгейдегі мардымсыз жалақысын көтеруді ойлап жатқан ешкім жоқ. Өкінішті…
Қалкөз Жүсіп.







