Басты бетКөзқарасӘділет әділеттіліктің тірегі бола ала ма?

Әділет әділеттіліктің тірегі бола ала ма?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Елімізде саяси партиялардың құрылуы, таралуы немесе бір-бірімен қосылып кетуі ешкімді де таң қалдырмайтын болды. Өйткені мұндай оқиғалар үнемі болып тұрады. Дегенмен де, көп жылдардан бері еліміздегі басты саяси күш болып келген бұрыңғы Нұр-Отан, қазіргі Аманат партиясының күні кеше құрылған, ешкімге аты да, заты да әлі танылмаған Әділет партиясына қосылуы саясаттың сүйегін шағып, майын ішкен білгір сарапшылардың біразының таңғалдырар күтпеген жаңалық болғаны анық. Осы оқиғаға қатысты айтылып жатқан бір-біріне кереғар нешетүрлі пікірлер осының айғағы десе болады.

Бұдан біраз жылдар бұрын Асар, Демократиялық партия Нұр-Отанға қосылғанда ешкім таңқалған жоқ және осылай болуы тиіс оқиға ретінде қабылданды. Назарбаев құрған Нұр-Отан партиясы биліктің партиясы және еліміздегі ең басты саяси күш болатын. Енді, міне, сол ұзақ жылдар бойы билік партиясы болып келген қазір Аманат аталған бұрыңғы Нұр-Отан партиясы жаңа құрылған саяси құрылымның құрамына кірді. Бұның астарында не бар? Енді осы мәселеге өзімізше талдау жасап көрелік.

Алдымен Отан, кейінірек жағымпаздардың бастамасымен Нұр-Отан аталған партия кеңес заманындағы коммунистік партия сияқты еліміздегі басты саяси күш болды. Облыс орталықтарында Нұр-Отанның көкпен таласқан сәулетті ғимарат-кеңселері болды. Партия филиалын басқа емес, облыс, қала, аудан әкімдері басқарды және оның құрамына әкімдік басшыларының бәрі кірді. Бір сөзбен айтқанда, бұл биліктің өз партиясы болды.

Міне, сол билік партиясының белсенділері саналатын шенеуніктер тарапынан оның атына дақ келтіретін теріс жайлар көптеп орын алды. Пара алғаны немесе бюджет қаржысын ұрлағаны үшін сотталған Нұр-Отан партиясының мүшесі, жәй мүшесі емес белсенді өкілі саналатын шенеуніктер қатары жыл санап өсе берді. Бұрыңғы премьер-министр Серік Ахметов, экономика министрі Қуандық Бишімбаев, денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, Спорт және туризм агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев, Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының төрағасы Жақсыбек Құлекеев, «Қазмұнайгаз» экс басшысы Серік Бүркітбаев, бұрыңғы облыс әкімдері Қайрат Нұрпейісов, Бергей Рысқалиев болып жалғасатын экс шенеунік, Нұр-Отанның белсенділерінің тізімін одан әрі жалғастыра беруге болады.

Жемқорлардың арасында ауыл әкімдерінен бастап аудан, қала, облыс әкімдіктерінің қызметкерлері, салалық министрліктер мен ұлттық компаниялардың өкілдері жетерлік. Тек биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында ғана әртүрлі деңгейдегі 248 шенеуніктің үстінен жемқорлыққа ақтысты қылмыстық іс қозғалған. Олардың көпшілігі Аманат партиясының мүшелері. Жемқорлық қылмысқа қатысты сотталып, жазасын өтеп шыққандармен бірге, бір кезде «Елбасындай ерен ұлы бар, ел бақытты» деп бұрыңғы елбасын мадақтаған бұрыңғы депутат, облыс әкімінің орынбасары, жемқорлық қылмысына байланысты сотталған  Хаменова сияқты түрмеде отырған шенеуніктер де аз емес.

Осы жайларға назар аударсақ, бұрыңғы Нұр-Отан, қазіргі Аманат партиясы жемқор, парақор, ұры атанып сотталған, жазасын өтеп шыққан және түрмеде отырғандардың, жалпақ тілмен айтқанда зектердің партиясы болып кеткен сыңайлы. Халық алдында абырой-беделінен айрылып, абыройына дақ түсірген мұндай партиялар зайырлы демократиялық елдерде өздерін өздері таратар еді. Дегенмен де, біздегі жай басқаша. Кеңес заманынан санаға сіңген мансапқа табыну дәстүрін берік ұстанған шенеуніктер қашан желкелеп қуып жібергенше орындарынан былқ етпейді. Тіпті, сотталып келгеннен кейін де түк болмағандай басшы қызметтерде істеп жүретіндер де кездеседі.

Бұндай ұзақ шегініске баруымыздың өзіндік себебі бар. Ол – билік партиясы саналатын Аманаттың кенеттен жаңадан құрылған Әділет партиясына қосылуының астарындағы жайды анықтау. Енді осыған тоқталайық. Елді отыз жылдай басқарған Назарбаев биліктен кеткенімен оны сақтап қалудың бар амал-айласын жасап, нешетүрлі заңдар қабылдап, Қауіпрсіздік кеңесі сияқты құрылымдар құрып алғаны белгілі. Дегенмен де, 2022 жылғы қаңтар оқиығасынан кейін бар билігінен айрылуға тура келді. Бірақ та, соған қарамастан, ол құрған билік партиясы Нұр-Отан сақталып қалды. Рас, оның атауы өзгеріп, енді Аманат аталды. Десе де, аты өзгергенімен, заты сол баяғы қалпында сақталып, оның тізгінін ұстағандардың бәрі Назарбаевтың кадрлары болып қалған еді.

Қазіргі Аманат сол Назарбаевтың ең соңғы қамал-бекінісі десе болады. Сол арқылы Назарбаев пен оның төңірегіндегілер әлі де билікке ықпалын жүргізе алады. Жаңа Қазақстан құрылуы үшін ескі билік түгел жойылуы тиіс. Ал бұрыңғы Нұр-Отанды таратып жіберу өте қиын. Өйткені, олардың қолдарында еліміздегі қуатты медиаресурстар бар, қаржылай мүмкіндіктері де мол. Оларға саусағыңның ұшын тигізсең, ертең үлкен айқай-шу шығаруы мүмкін.

Таяуда жасы сексенге жақындаған бір Мәжіліс депутатына журналист «жасыңыз нешеде» деп сауал қойғаны үшін әлдебіреулер әлгі қарт депутатты қолдап нешетүрлі нәрселер жазды. Олардың айтуынша, сексенге таяған депутат әлі де тың, жұмысты опырып істеп жүр және халыққа көп еңбегі сіңген, ол кетсе Парламенттің бір қабырғасы құлап қалуы бек мүмкін көрінеді. Осыған қарап, Назарбаевтың кадрларын қолдаушылардың көп екендігін аңғаруға болады. Бір депутатқа тиіскенде осынша шу шығарған олар, партияны таратар болса аттандап айқайға басары даусыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби мықты дипломат, сол дипломаттық шеберлігін саясатта да сәтті қолданып жүр. Аманатты Әділетке қосудың астарында да сондай саяси амал-айла жатқаны аңғарылады. Жаңа құрылған Әділетті бұрыннан келе жатқан тісқаққан саяси құрылым Аманатқа емес, керісінше Аманатты Әділетке қосудың астарында өз еркімен тарамайтын, биліктен кеткілері келмейтін ескі жүйенің соңғы қамал-бекінісін жою қадамы жатқаны көзі қарақты әркімге де түсінікті болып тұр.

Әділеттің төрағасы болып бұрыңғы президент әкімшілігінің басшысы болған Айбек Дәдебайдың келуі жаңа партияның президент саясатын жүргізудегі рөлінің үлкен болатынын аңғартады. Аманатпен бірігуге арналған партияның екінші сьезінен кейін Әділетке жүктелетін ең басты міндет ескі Қазақстанның соңғы тұяғы болып қалған Аманат партиясын жұтып, жойып жіберу екендігі анық аңғарылды. Халық алдындағы беделінен жұрдай болған бұл партия өз еркімен таралмайтындықтан, осындай амал-айла арқылы оны тарату көзделген сияқты.

Бұл міндетті Әділеттің орындап шығарына сенім мол, өйткені бар билік солардың қолында және ресурстары да жетерлік. Әділет елімізде әділетті қоғам орнатып, әділеттіліктің тірегі бола ала ма, жоқ па – бұл басқа әңгіме және оны  төреші-уақыт көрсетеді.

Қалкөз Жүсіп.

 

 

 

 

 

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз