Басты бетЖаңалықтарЖАЗЫҚСЫЗ ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР

ЖАЗЫҚСЫЗ ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР

Сондай-ақ, оқыңыз...

…1944 жылдың  ақпан айында  Қап тауынан аз ұлттардың өкілдері қазақ жеріне күштеп қоныс аударылды. Солардың қатарында ингуштар да бар еді. Қыстың қыраулы күні мен сақылдаған сары аязында арып ашып жеткендерді ауылдарға бөліп қоныстандырады.

Осы зұламатты көзімен көрген ол кезде бала болса да  жер аударудың қиындықтарын басынан өткізген,  ұлты ингуш  Әубәкір Хатоевич ағамыз аумалы-төкпелі заманды есіне алып әңгіме шерткен еді. Бір таңғаларлығы Әубәкір ақсақал қазақ тілінде таза сөйлейді.

-Мен 1934 жылы 20 ақпанда Аңгушт  деген ауылда ингуш жерінде дүниеге келдім. Әкем соғысқа  кеткен болатын. 1943 жылдың соңында жараланып қайтып келді. Майдан шебі  жақындап қалған соң жергілікті тұрғындар тауға қарай көше бастады.  Ол жақта нағашыларымыз тұратын. Бұрынғы ауылымызда 1942 жылдан кеңес жауынгерлері әскери бекініс құрып орналасқан болатын. Сонымен қатар ауылымызда аумағы ат шаптырымдай жерді алып жатқан биік қоршауы бар Николай заманында салынған орыс шіркеуі бар еді. Шіркеуді жергілікті халық қайтадан жөндеп Алланның үйі мешіт қылды. Екі қабатты медресе  тұрғызды. Онда ауыл балалары оқыды.

1944 жылдың  23 ақпан күні  таңғы сағат жетілердің кезінде әр көшеден екі-үш азаматтан басқармаға шақырды. Бір жарым сағаттың ішінде жиналып-терілуін халыққа түсіндіріп айтуды бұйырды. Есім кіріп қалған он жастағы баламын. Күні бүгінге дейін көз алдымда. Барлығымызды көлікке мінгізіп Владикавказ қаласына алып келді. Онда келген соң он сегіз отбасын есік, терезелері мықтап бекітілген  бір вагонға тиеді. Жиырма күндей  жол жүріп Ақмола өңіріндегі  Жақсы деген елді мекенге жеттік. Сырттағы жайылып жүрген малдарды көріп қуанып жатырмыз. Мал ұстауға болады екен деп.  Вагоннан түскен біздерді өгізге жегілген арбамен күтіп тұр екен. Қолымызда бір чемодан мен бумадан басқа түк жоқ. Арбаға отырып Қимаға қарай аттандық. Есіл ауылына ат басын тіредік.

Сол ауылда әкем Қапан деген ұстамен ағаш шебері болып жұмыс істеді. Бір жыл өткен соң әкей ауырып қайтыс болды. Ол кезде орталықтан нан кейде ұн жеткізетін. Жұмыс істемейтіндерге  200 гр, ал жұмыс істейтіндерге 500 гр. нан беретін.  Бізбен бірге келген алып қара күш иессі Ғаберте деген он бір баласы бар кісі болды. Мәликат есімді әйелі бартын. Өзі алып болған соң тамақты да жақсы жеу керек. Берілетін 500 гр. нан ас па?! Балалары да өзі де тамақ жетпегендіктен қайтыс болды. 1956 жылы елге қайтуға рұқсат берілгенде Мәликат тірі қалған жалғыз баласымен  Кавказға кетті, -деп Әубәкір аға бала күнінде көргендерін есіне алды.

Жағдайдың жоқтығынан мектепке оқуға бара алмайды. 1953 жылға дейін қолына қамшы алып қой бағады. Кейін Терісаққандағы механизаторлар дайындайтын курсқа оқуға барады. Оны бітірген соң тракторшы болып еңбек етеді. Тың игеру науқанына қатысады. 1955 жылы әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарады.

-1946 жылы он екі жасымда қой баққандағы еңбегім бағаланып «Еңбектегі ерен ерлігі үшін» медалімен марапатталдым. Марапаттауға жалғыз мен  ғана емес жылқышы Жұмабек Тілемісов ақсақал және Анна Кишкина да ие болды. Сол уақытта Есіл ауылында 400 бас жылқы бар болатын. Осыншама жылқы болса да қойшылар атқа мінбей малды жаяу бағатынбыз. Тіпті, ат түгілі өгізге де, сиырға да мінгізбейтін.        Үкіметтің  деймін бе, әлде шолақ белсенділердің қолдан жасаған қысастығыма ол жағын білмедім. Талай қиыншылықтарды көзімізбен көріп, мойнымызбен көтердік. Енді  Алла тағала мұндай ауыртпалықтарды басымызға бермесін. Мен қазақ халқына ризамын. Ешқандай да өкпем жоқ. Қай елдің суын ішсең, сол елдің жерін жерле дегендей  өсіп, өркендедік, — дейді Әубәкір Хатоевич әңгімесін түйіндеп.

1994 жылы  Ә. Зарахов құрметті зейнет демалысына шығады. Бүгінде бәйбішесі Марем Хусейновна екеуі алты баланы тәрбиелеп өсіріп, ұрпақтарының қызық, қуанышына бөленіп отырған өз ортасына қадірлі, сыйлы жандар…

ТЕМІРБЕК ҚАСЫМЖАНОВ, өлкетанушы.
(Атбасар қаласы,  мамыр,  2009 жыл)

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз