Көкшетау қаласында 2026 жылғы 29 мамырда «Халық заңгері» әлеуметтік акциясы ұйымдастырылды. Аталған бастама жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Іс-шара Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде өткізіліп, қоғам мен мемлекет арасындағы ашық әрі тиімді диалогты дамытуға, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуге ықпал етті.
Акция барысында облыс тұрғындарына құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, адвокаттар, заңгерлер, нотариустар, сот орындаушылары және өзге де салалық мамандар тарапынан жан-жақты құқықтық кеңестер берілді. Азаматтар өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты түсіндірмелер алып, құқықтық көмекке жүгіну мүмкіндігіне ие болды.
Ақмола облысының прокуратурасы ұйымдастырған бұл шара өңір тұрғындары тарапынан оң бағаланып, халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған тиімді алаң ретінде танылды.
Мамандардың айтуынша, мұндай ашық форматтағы қабылдаулар азаматтардың құқықтық мәселелерін жедел шешуге ғана емес, сонымен бірге құқықтық нигилизмнің алдын алуға да серпін береді.
«Халық заңгері» акциясы алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді диалогты нығайтуға өз үлесін қоса бермек.







