Басты бетКөзқарасДінге қатысты реформа қажет

Дінге қатысты реформа қажет

Сондай-ақ, оқыңыз...

Өткен аптада әлеуметтік желілерде өзін сопымын деп санайтын Құрбанәлі ишан дегеннің журналистке берген сұхбатында айтқан сөзі жұртшылық тарапынан үлкен пікір туғызды.  Сақалды сопы өзінің әйелін бір шәкіртіне сыйға тартқанын айтады. Құлдық дәуір әлдеқашан келмеске кеткен деп жүрсек, молда-ишандар әйелдерін күң сияқты біреуге сыйлап жібере салады екен. Әйелдерін бастан аяқ қара матамен бүркеп, төрт-бестен тоқал алатын, жалыққан кезде  оп-оңай талақ етіп, өзге қызға уақытша үйлене салатын сақалдылардың әрекеттері жайында ақпарат құралдары аз айтып, жазып жүрген жоқ. Бірақ та, әйелін күң немесе бір жансыз зат сияқты біреуге сыйлау дегенді бұрын естімеген жұртқа бұл түрпідей тигені анық.

Сақалды сопының осы сөзінен кейін әлеуметтік желілерде наразы пікірлер қаптады. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи да үн қосып, өз пікірін білдірді. Депутат соңғы кезде діндарлар тарапынан нешетүрлі теріс уағыздардың жиі айтылатынын тілге тиек етіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан сондай теріс уағыздарға тиым салуды талап етті. Осының алдында ғана тағы бір сақалдының қазақ қана емес, барша Шығыс елдерінің халықтық мейрамы саналатын Наурызды дінге жат деп айыптаған видеоақпараты тараған еді. Әсіредіндарлар тарапынан қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен өнеріне, мәдениетіне тіл тигізіп, айыптау сақалды діндарлар тарапынан бірінші рет болып отырған жай емес. Басқаны былай қойып, қазақтың үні саналатын домбыраны да харам дегені есімізде.

Осы мәселеге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми жауабы әлеуметтік желілерде жарияланды. Өз атына айтылып жатқан сынға діни басқарманың берген жауабы шынын айтқанда көңілімізден мүлдем шықпады. Әйелін шәкіртіне сыйлаған Құрбанәлі ишан діни басқарманың қызметкері емес, бізге еш қатысы жоқ адам, ал Наурызға байланысты айтылған пікір дұрыс емес, діни басқарма Наурыз мейрамын халықтық мереке деп санайды деген сияқты жалпылама сөздерден тұратын жауап Қазақстан мұсылмандарын біріктіріп отырған іргелі ұйымның қандай бағдар ұстанатынын айғақтаса керек. Діни басқарманың бұдан бұрын да осындай даулы мәселелерге байланысты жаттанды жауаптармен құтылып келгені ешкімге құпия емес. Осы әрекетке қарап, дін басқармасының елдің мұсылмандарына еш ықпалының жоқтығы анық аңғарылады.

Жауапкершілікті мойнына алудан қашатын дін басқармасының бұл бейтарап ұстанымы еліміздегі діни ахуалды шиеленістіріп, діндарлар тарапынан нешетүрлі теріс әрекеттер жасалуына жол ашуда. Әйелдердің ауы мен бауынан басқаны білмейтін дүмше молдалар мен имамдардың уағыздары жұртшылық арасында ислам дінінің абырой-беделін түсіріп, оған деген жеккөрінішті көзқарасты қалыптастыруда. Ислам дініне қарсы айтылатын пікірлер жыл санап көбейіп барады.

Әлеуметтік желіде бір атейст жігіттің ислам дінін теріске шағаратын пікірталастары жиі жарияланып тұрады. Онымен айтысып жатқан діндарлардың сауатсыздығы, білімдерінің тайыздығы қайран қалдырады. Ислам дінінің беделін қорғауға шыққан бір намазханның орысша-қазақша араластырып сөйлеп, орыс тілінде боқтағанын естіп, жанымыз шошыды. Оны дін исламның атынан сөйлеп жатқан діндар дегеннен гөрі, сыраханада арақ пен сыраны араластырып ішіп, шала мас болып тұрған маскүнем деуге лайықтырақ сияқты. Мынаны естіген адамның ислам дініне деген көзқарасы қандай болмақ?

Ауғанстандағы, Ирандағы, Сириядағы жағдайлар бүгінгі ислам дінінің халыққа қаншалықты қатер әкелетіндігін нақты іс жүзінде көрсетіп отыр. Қазақстанда да діни мемлекет орнатамыз деп ашық насихат жүргізген, тіпті қолдарына қару алып шайқасқандар да болғаны белгілі. Ақтөбеде аңшы қаруын сататын дүкенді басып алып, әскери бөлімге шабуыл жасаған оқиға баршамыздың есімізде. Он бір адамды өлтірген фанатик Күлікбаев түрмеде отыр. Кешегі қаңтар оқиғасының басы-қасында да сақалды дәіндарлар жүргенін көрдік. Осылардың бәрі әсіредіндарлар тарапынан еліміздің қауіпсіздігіне қатер барлығын анық көрсетеді.

Осы орайда, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің алаңдаушылығы өте орынды. Іргелес қырғыз және өзбек елдері әсіредіндарларға қарсы заңдар қабылдады. Бізде де сондай заң қабылдануы керек. Аузына келгенді айтып, бетімен кеткен әсіредіндарларға заң шеңберінде тиым салынбаса, ертең олар тарапынан қатер болуы әбден мүмкін.

Қазақстан зайырлы мемлекет, дін мемлекеттен бөлек. Осыған орай, ислам діні төңірегінде туып жататын түрлі даулы мәселелерге жауапкершілік Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мойнында.  Өкінішке орай, басқарма бар жауапкершіліктен жалтарып, тек демеушілер салып берген мешіттерге иелік етіп, садақа жинап, сонымен күн көретін мекемеге айналғандай. Әлеуметтік желілерде ауыздарына келгенді айтып жататын сақалдыларға қатысты басқарманың ләм деп ауыз ашып, нақты пікір білдіргенін, ондайларға ымырасыздық танытқанын көріп, естімеппіз. Депутаттың айқайынан кейін ғана басқарма жалпылама және мән-мағынасыз ресми мәлімдемелерін жариялаған болды. Мәлімдемеден діни басқарманың өз жауапкершілігін мүлдем сезінбейтіндігі, әсіредіндарларды ауыздықтау мәселесін түгел мемлекет пен халықтың мойнына артып қойғысы келетіндігі анық байқалды.

Әсіредіндарлар мен дүмшелердің әлеуметтік желілерде жариялайтын теріс уағыздарын былай қойғанда, діни басқарма мешіттердің өз ішінде болып жататын теріс әрекеттерге де жауапкершілікті мойындарынан алып тастаған сыңайлы. Өткен жылы еліміздің Батыс өңіріндегі бір мешітте кәмелетке толмаған қызға  сақалды діндар бір сағатқа некеге отырайық деп ұсыныс жасағандығы әлеуметтік желілерде жұртшылықтың ашу-ызасын туғызды. Бір сағатқа некесін қиған сақалдының кәмелетке толмған қызға не істегісі келетіні айтпаса да белгілі ғой.  Дін атын жамылып жасалып жататын осындай арсыздықтар мешіттерде болып тұратыны ешкімге құпия емес. Бір жылда талақ болып бес еркекпен некеге тұрған әйелдің өз аузымен айтылған сөзі интернетте таралды. Бұндай оқиғалар еліміздің барлық өңірінде кездеседі. Ал осындай сорақылықтарға діни басқарма неге тиым салмайды, неге оларға қарсы насихат, күрес жұмыстарын жүргізбейді?

Қазіргі Қазақстан діни басқармасының ұстанып отырған бағдары мен атқарып жатқан жұмыстары бұл  ұйымға түбегейлі үлкен реформа қажеттілігін көрсетеді. Бүгінгі мүфти мен оның айналасындағылардың ондай реформа жасауға білімдері де, қауқарлары да жетпетінін тәжірибе көрсетіп отыр. Осы орайда, терең білімді теолог маман Асқар Сабдин сияқты алғыр және батыл, іскер адам мүфти болуы қажеттігі анық байқалуда. Асқар Сабдин әлеуметтік желіде берген бір сұхбатында дін қызметкерлері бір ғана діни біліммен шектеліп қалмай, басқа дүниәуи ғылымдарды да меңгеруі керек дегенді айтты. Физика, математика, жаратылыс тану, гумантиралық ғылымдар саласында университеттер мен магистратура бітірген, ғғылыми атағы бар адамдар дін қызметкері болса, ислам дінінің беделі артып, халықтың оған деген сенімі күшейер еді.

Сазгер Қалдыбек Құрманәлі журналистке берген бір сұхбатында имамдар мен молдалардың бәрі мектепті нашар бітірген “двоичниктер” дегенді айтқан еді. Қазіргі имам-молдалардың сөздері мен әрекеттері бұл пікірдің растығын анық дәлелдейді. Әлеуметтік желіде жүрген бір есімі елге танымал теолог имамның “точно десятка яблочкадан ұрады ғой” деген сөзі қазіргі дін қызметкерлерінің білім деңгейін анық көрсететіндей. Орысша-қазақша ботқа қылып сөйлейтін, білімі тайыз, дөрекі, екі сөздің басын құрап айта алмайтын имамдардың уағыздары кімді ұйытпақ?

Жыл өткен сайын шиеленісіп бара жатқан еліміздегі ислам діні төңірегіндегі ахуал бұл салаға үлкен өзгерістер қажеттігін анық көрсетеді. Қазіргі  Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы дін төңірегінде болып жатқан істерге ешқандай бақылау жасай алмайтынын, жинақталған түйткілді мәселелерді шешуге қауқарсыз екендігін анық көрсетіп отыр. “Ауруын жасырған өледі” дегендей, бұл саладағы күннен күнге шиеленісіп бара жатқан жағдайды  қалыпқа түсіріп, еліміздің басты байлығы болып табылатын тұрақтылығымызды сақтау үшін де сондай реформа қажет. Бұл — уақыт талабы. Оны бүгін шешпесек, ертең өкінішке қалауымыз мүмкін. Өйткені, әсіредіндарлардың қатары көбейіп, олардан келетін қатер де уақыт өткен сайын күшейіп барады.

Қалкөз Жүсіп.  

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз