Өткен жылан жылы қазақстандықтар үшін біршама ауыр жыл болды. Ауыздығымен алысқан асаудай инфляция үкіметтің қаржы саясатын адырам қалдырып, тауардың барлық түрі, соның ішінде халық көп тұтынатын азық-түлік бағасы шарықтап өсумен болды. Ресми мәліметтерге сенсек, инфляция деңгейі алдын ала болжамдағандай мөлшерден аспай, адамдардың тұрмыс дәрежесіне анау айтарлықтай әсерін тигізбеген. Бірақ та, іс жүзінде бұлай еместігін тұрмыс тауқыметін тартып отырған қарапайым халық көріп, біліп отыр.
25 пайыз инфляция
Ресми мәліметтерге сенсек, қазіргі жылдық инфляция деңгейі 12-14 пайыз шамасында. Дегенмен де, ресми мәлімет бір басқа да, іс жүзіндегі инфляция деңгейі ресми мәліметтерден басқаша екендігін көкірек көзі ашық әр адам түсінеді. Баға ай санап емес, күн санап өсіп барады. Басқаны былай қойып, халық тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасы шарықтап өсіп кетті. Үкіметтің бағаны тұрақтандыру бағытындағы атқарып жатқан шаруалары тиімді нәтиже бермей отыр.
Осыдан алты жыл бұрын Белайн компаниясының “Үйдегі интернет” деген қызметін пайдалана бастаған едім. Оның бір артықшылығы ұялы телефон арқылы қалағаныңша сөйлесуге болады және оған қоса компьютерге қосылған желілі интернет бар. Осы екі қызметтің бағасы 4,5 мың теңге болды. Бұл сол уақытта өте арзан және тиімді еді. Дегенмен де, уақыт өткен сайын баға ақырындап өсе берді. Ал биылғы жылдың басынан бастап ол 11545 теңгеге жетті. Яғни, алты жылдың ішінде 150 пайыздай өсіпті. Егер жылға шақсақ, жылына 25 пайыздан өсіп отырған. Бұл жалғыз Белайн қызметіне ғана қатысты жай емес, жалпы басқа салалардың қызмет бағасы да осы шамалас мөлшерде өсті. Осыған қарап, жылдық инфляция мөлшері 12 пайыз емес, 20-25 пайыз шамасында деуге негіз бар.
Үй бағасы қымбаттайды
Биылғы жылдың қаңтарынан бастап жаңадан салынып жатқан үйге 16 пайыз мөлшерінде қосымша құн салығы енгізілді. Бұның өзі жаңа үйден пәтер алғандарға сатылатын үй бағасы 16 пайызға қымбаттайтынын көрсетеді.
Сондай-ақ, өткен жылдың соңында Ұлттық Банк базалық ставка мөлшерін 16 пайыздан 18 пайызға дейін көтерген еді. Осыған орай, ендігі арада екінші деңгейлі банктер кредит өсімінің мөлшерін өсірмек. Бұл әсіресе, ипотекаға тұрғын үй алатындарға өте үлкен салмақ болғалы тұр. Бұрын ипотеканы оңды-солы беріп келген банктер жыл соңында ипотеканы мүлдем дерлік тоқтатты. Ендігі арада өсімі өте жоғары ипотеканы тек қарызды қайтаруға қауқарлы азаматтар ғана алатын болады. Ол үшін табыс көлемі жоғары және кредит тарихы жақсы болуы тиіс. Яғни, ендігі арада ипотеканы екінің бірі ала алмайды.
Тұрғын үй нарығындағы ипотека арқылы сатылатын үйлер санының үлес салмағы жоғары екендігін ескерсек, ендігі арада сатып алу көлемі біршама қысқаратыны анық. Бірқатар сарапшылар осыған орай қайтармалы нарықта үй бағасы арзандайды деген болжам айтады. Бірақ та, соңғы жылдардағы жағдай үй бағасының ешқашан арзандамайтынын анық көрсетті. Яғни, үй бағасы арзандайды деуге негіз жоқ, керісінше бағаның көтерілу мүмкіндігі жоғары.
Шағын кәсіпкерлердің басына қара бұлт үйрілді
Биылғы жылдың басынан бастап шағын және орта кәсіпкерлік нысандарға салынатын қосымша құн салығы екі пайызға көтерілмек. Бұның өзі осы кезге дейін аса қиын жағдайда жұмыс істеп келген шағын кәсіпкерлердің жағдайын одан әрі ауырлата түспек. Осыған орай, өткен жылдың соңында көптеген шағын кәсіпкерлер іргелес қырғыз еліне кетті. Онда қосымша құн салығы біршама төмен және жалға алу бағасы да арзан.
Шағын кәсіпкерлер осы жайларды айтып, Мемлекет басшысына үндеу жолдаған еді. Дегенмен де, әзірге еш нәтиже жоқ. Яғни, қосымша құн салығын көтеруге байланысты үкімет шешімі күшінде қалады деген сөз. Бұның өзі осы салада жұмыс істеп жатқан мыңдаған адамдардың өз кәсіптерін жабуына әсер ететіні анық. Соңғы кездерде жұмысын тоқтатып жатқан шағын дүкендер мен сауда орындары жер-жерде көбейіп кеткенін көріп жүрміз. Ал алдағы уақытта базарлардағы саудагерлер де саудасын тастап, ат шаптырым үлкен базарлар қаңырап қалуы мүмкін.
Қарапайым халықтың жағдайы қалай болады?
Соңғы кезде халықтың сатып алу қабілетінің күрт төмендеп кеткендігі жайында әлеуметтік желілерде ақпараттар көп кездеседі. Бұрынырақтағыдай дүкеннен азық-түлік тауарларын көтере сатып алып, сөмкелерін толтырып алып жататын адамдарды соңғы кезде көрмейтін болдық. Өзім тұратын үйдің маңындағы бірқатар азық-түлік дүкендері жабылып қалды. Ал жұмыс істеп тұрғандарында бұрынғыдай кезек күтіп, тауарларды көтере сатып алып жататындар көрінбейді. Бұндай жай барлық жерде байқалады.
Осыған қарап, қарапайым халықтың басқа түгілі, күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларын қалауынша сатып алуға мүмкіндіктері азая бастағанын бағамдайсың. Ендігі арада қарапайым халық белбеулерін тарта байлап, ақшаны тамақтан да үнемдеуге көшуі тиіс болатын түрі бар.
Қазақстан кедей елдер санатында
Әлемдік рейтингте кедей, орта дәрежелі және бақуатты елдер санатын анықтауға негіз болатын екі көрсеткіш бар, олар: мемлекеттің жан басына шаққандағы табыс көлемі және адамдардың табыстарын азық-түлік өнімдеріне қаншалықты жұмсау мөлшері. Алғашқы өлшем бойынша Қазақстан ортадан жоғары дәрежедегі мемлекеттер санатында. Өткен жылы еліміз ТМД елдері арасында жан басына шаққандағы табыс көрсеткіші бойынша көш бастап, бірінші орынға шықты.
Дегенмен де, екінші көрсеткіш бойынша Қазақстан кедей елдер санатына еніп отыр. Қазақстандықтар жалпы табыстарының жартсынан көбін азық-түлік сатып алуға жұмсайды екен. Бұндай жағдайда жарқырап киіну, шетелге шығып демалу сияқты жайларды ойлаудың өзі мүмкін еместігі түсінікті.
Ал соңғы жылдардағы бағаның шарықтап өсуі адамдардың азық-түлікті де қажетінше ала алмауына ықпал етіп отырған жайы бар. Яғни, тойып тамақ ішпейтін адамдар қатары өсе түскендей. Үкімет азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру шараларын жасаған болып жатыр, бірақ та оның нәтижесі күткендегідей болмай тұр.
Жағымды өзгерістер бола ма?
Жыл тоғысында әр адам болашақтан жағымды жаңалықтар, жақсылықтар күтетіні белгілі. Еліміздің экономикалық-қаржылық жағдайы туралы сарапшылардың пікірлері әртүрлі десек те, жуық арада халықтың тұрмысын күрт жақсартатын жағымды өзгерістер болады деп ешкім айта алмайды. Осыған қарап, баға тұрақтанып, инфляция деңгейі түседі деуге негіз жоқ. Ұлттық Банктің күш салуымен теңге бағамы қатты құлдырамай тұр әзірге, дегенмен де қолдан жасалып отырған бұл әрекет болашақта қаншалықты тиімді нәтиже берері белгісіз. Теңге бағамы жыл соңына қарай 700-800-ге дейін құлдырайды дейтіндер бар.
Қазақ “жаман айтпай, жақсы жоқ” дейді. Болашақтан жақсылық күте отырып, дегенмен қиындықтарға да дайын болу қажет. Қазір мына жай айқын болып тұр: әр адам өз тұрмыс жағдайын өзі ойлауы қажет. Ол үшін ақшаны үнемді пайдалануды үйреніп, кредит алып шашылып той жасауды доғарған жөн.
Қалкөз Жүсіп.









