0.2 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарҚылмыстық-атқару жүйесін цифрландыру: ашықтық, қауіпсіздік және қайта әлеуметтендіру – реформалардың басты бағдары

Қылмыстық-атқару жүйесін цифрландыру: ашықтық, қауіпсіздік және қайта әлеуметтендіру – реформалардың басты бағдары

Сондай-ақ, оқыңыз...

Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) бүгінде ауқымды жаңғыру кезеңін бастан өткеріп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл салада жүйелі реформалар жүзеге асырылып, жаңа стандарттар енгізілуде. Ішкі істер министрлігі қызметтің тиімділігін арттыру, ашықтықты қамтамасыз ету және адами факторды барынша азайту мақсатында заманауи цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізіп келеді.

Цифрландыру, бейнебақылау жүйелері, қоғамдық бақылау тетіктері мен пробация институтының дамуы – қылмыстық-атқару саясатының жаңа бағытын айқындап отыр. Осы өзгерістердің мәні, технологиялардың ҚАЖ мекемелерінің жұмысына ықпалы, сондай-ақ бейнебақылаудың қауіпсіздікпен қатар алдын алу құралына айналуы туралы Esilnews.kz тілшісіне Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Игілік Хасенов айтып берді.

Игілік Шәріпұлы, қылмыстық-атқару жүйесі бұрын жабық құрылым ретінде қабылданатын. Бүгінде бұл көзқарас өзгерді ме?

– Қылмыстық-атқару жүйесі – күрделі әрі көпқырлы құрылым. Мұнда режимді қамтамасыз ету ғана емес, сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеу, құқық бұзушылықтың алдын алу сияқты маңызды міндеттер бар. Бүгінде Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында біз ашықтықты, есептілікті және жауапкершілікті басты бағдар етіп отырмыз.

Біздің міндет – тек сот үкімін орындау емес, жазасын өтеп шыққан адамның қоғамға қайта оралып, заңға бағынатын өмір сүруіне жағдай жасау. Бұл – қазіргі қылмыстық-атқару саясатының өзегі.

– Реформалардың маңызды бағыттарының бірі – пробация қызметі. Бұл институттың мәнін қарапайым тілмен қалай түсіндіруге болады?

– Пробация қызметі – бас бостандығынан айырмайтын жазаға тартылған, сондай-ақ жеңіл жазаға ауыстырылған немесе жазасын өтеуді кейінге қалдыру алған азаматтарды бақылау және қолдау көрсетумен айналысатын арнайы құрылым.

Негізгі мақсат – қайталама қылмыстың алдын алу, сотталған адамның әлеуметтік бейімделуіне көмектесу және түптеп келгенде түрмедегі адамдар санын азайту.

«Шартты бостандық» – сотталған адам үшін үлкен жауапкершілік. Ол қоғамда қала отырып, сот белгілеген талаптарды орындауға міндетті. Пробация инспекторлары тек бақылаумен шектелмей, жұмысқа орналасуға, әлеуметтік мәселелерін шешуге, кеңес алуға жәрдемдеседі. Бұл – қайта әлеуметтенудің нақты тетігі.

– Соңғы жылдары цифрландыру басты трендке айналды. Оның ҚАЖ тиімділігіне ықпалы қандай?

– Мемлекет басшысы бекіткен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ҚАЖ мекемелері интеллектуалды бейнебақылау жүйелерімен жабдықталуда. Бұл технологиялар тәртіп бұзушылықтарға жедел әрекет етуге, тыйым салынған аймақтарға кіру әрекеттерін анықтауға, көлік нөмірлерін тануға және адам қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бұл жүйелер қызметкерлер үшін де тәртіп пен жауапкершілікті арттыратын құралға айналды. Нәтижесінде қызметтік тәртіп бұзушылықтар айтарлықтай азайды.

– Пробация саласында цифрландыру қалай жүзеге асырылуда?

– Бұрын есеп жүргізу қағаз жүзінде атқарылатын. Қазір барлық мәліметтер орталықтандырылған автоматтандырылған дерекқорға енгізіледі. Бұл электронды есепке алу, мониторинг жүргізу және жеке жоспарлар әзірлеу мүмкіндігін беріп, қызметкерлердің жүктемесін азайтты.

Сонымен қатар, қоғамдық орындардағы бейнекамераларға қолжетімділік және электронды бақылау құралдары – білезіктер кеңінен қолданылуда.

– Бейнебақылау пробацияда қандай рөл атқарады?

– Қалалар мен елді мекендердегі бет-әлпетті тану функциясы бар камералар пробация есебіндегі адамдардың белгіленген шектеулерді сақтауын бақылауға мүмкіндік береді. Мысалы, түнгі уақытта қоғамдық орындарға бармау, ойын-сауық мекемелеріне кірмеу немесе белгілі бір аумақтан шықпау талаптары.

«Қайталама қылмыстың алдын алу» жобасы аясында электронды білезіктер кеңінен қолданылады. Ақмола облысында бүгінге дейін 200-ден астам білезік пайдаланылуда. Бұл құралдар қатаң бақылаумен қатар, сотталған адамның отбасында қалып, жұмыс істеуіне, білім алуына мүмкіндік береді.

– Яғни бейнебақылау тек бақылау емес, алдын алу құралы деуге бола ма?

– Әрине. Ашықтық пен бақылаудың болатынын түсінген адам тәртіпке бағынады. Бұл рецидив қаупін азайтып, жауапкершілікті арттырады.

– Мекемелерде енгізілген өзгерістердің нәтижесі қандай?

– Алғашқы кезеңде анықталған тәртіп бұзушылықтар саны артты. Алайда уақыт өте келе олардың саны тұрақты түрде азая бастады. Бұл – бақылаудың сөзсіз екенін түсінудің нәтижесі.

Бұған қоса, қызметкерлер 300-ден астам жеке бейнетіркеу құралдарымен қамтамасыз етілді. Бұл объективтілікті арттырып, қақтығыстардың алдын алады.

– Электронды терминалдардың тиімділігі қандай?

– Жол картасы аясында арыз-шағымдар мен өтініштерді қабылдайтын электронды терминалдар жұмыс істейді. Барлық өтініштер автоматты түрде прокуратура, сот және басқа да бақылаушы органдарға жолданады. Бұл ашықтықты күшейтіп, сенімді арттырды.

– ҚАЖ реформаларының басты мақсаты қандай?

– Біздің мақсат – тәртіпті ғана емес, адамды да алдыңғы орынға қоятын, тиімді әрі гуманистік жүйе қалыптастыру. ҚАЖ-дағы цифрландыру – құқықты қорғау мен нақты өзгеріске жол ашатын құрал.

Осы орайда биыл Қазақстанда алғаш рет Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтетінін атап өткім келеді. ҚАЖ қызметкерлері қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сотталғандарды түзеу мен қайта әлеуметтендіру ісіне зор үлес қосып келеді.

Ардагерлерге ерекше алғыс білдіремін. Олардың тәжірибесі мен адалдығы – қазіргі жүйенің берік іргетасы. Барша қызметкерлер мен ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, денсаулық, амандық және еңбектерінің лайықты бағалануын тілеймін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбатты жазып алған журналист Аслан Оспанов

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз