Тарихта ел тағдырын айқындайтын айтулы кезеңдер болады. Олардың кейбірі уақыт өте көмескіленуі мүмкін. Бірақ халықтың жадында сақталған тарихи белестердің мәні ешқашан жоғалмайды. Өйткені мемлекеттілік дегеніміз – белгілі бір дата немесе саяси құжат қана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын елдік сана.
25 қазан – сондай күндердің бірі. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация елдің тәуелсіздікке қарай жасаған тарихи қадамын айқындады. Бұл құжатта мемлекеттің аумақтық тұтастығы, ұлттық болмысы, мәдениеті мен тілдерін дамыту сияқты іргелі қағидаттар белгіленді.
Бүгінде біз сол тарихи шешімнің нәтижесін күнделікті өмірімізден көреміз. Егемен елдің көк байрағы көкте желбіреп, мемлекеттік институттары қалыптасқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын Қазақстан бар. Алайда, мемлекеттілікті қалыптастыру бір тарихи құжатты қабылдаумен аяқталмайды. Егемендікті сақтау – одан да үлкен жауапкершілік. Оның негізінде заңға құрмет, елге адалдық, тарихи жады және қоғамдағы өзара сенім жатуы керек.
Менің Қазақстандағы өмір жолым, қоғамдық қызметім осы елдің тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Сондықтан Республика күні мен үшін ең алдымен ортақ Отанымыздың қадірін сезінетін күн. Ақмола облысындағы «Хатиква» еврей мәдени орталығына 2017 жылдан бері жетекшілік етіп келемін. Осы уақыт ішінде ұйымның қызметін жандандыруға, еврей халқының тарихы мен мәдениетін насихаттауға, ұлттық дәстүрлерді сақтауға күш салып келеміз.
Біздің бірлестіктің құрамында елуге жуық адам бар. Үлкен штатымыз немесе мол материалдық мүмкіндігіміз жоқ. Достық үйіндегі жұмысымыз да қарапайым жағдайда жүргізіледі. Негізгі қолдауымыз – демеушілердің көмегі мен азаматтардың өзара ынтымағы. Бірақ қоғамдық жұмыстың бағасы әрдайым оның материалдық мүмкіндігімен өлшенбейді. Кейде шағын ғана мәдени орталықтың атқаратын қызметі үлкен мағынаға ие болады.
Өйткені мұнда адамдар өз тарихын еске алады, балалар мен жастарға ұлттық дәстүрдің мәнін түсіндіреді, мерекелерін бірге атап өтеді. Рош-а-Шана, Песах, Пурим, Ханука сияқты ұлттық мерекелер – біз үшін күнтізбедегі атаулы даталар ғана емес, тарихи жадты жаңғыртатын рухани сабақтастықтың көрінісі. «Хозяюшка», «Цимес», «Шалом, мишпаха, иуди» клубтары да осы мақсатқа қызмет етеді.
Дәрістер, көрмелер, кездесулер өткізіп, еврей халқының мәдениеті мен тарихын таныстыруға тырысамыз. Бірақ біздің жұмысымыздың ауқымы мұнымен шектелмейді. Біз өз мәдениетімізді сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық өмірінен шет қалмауды маңызды санаймыз. «Қоғамдық келісім» КММ-мен, жергілікті атқарушы органдармен, басқа этномәдени бірлестіктермен бірлесе жұмыс істеуіміздің мәні де осында.
Қоғамдық келісім – дайын күйінде берілетін дүние емес. Оны күн сайын қалыптастыру керек. Ол үлкен мінберлердегі сөзден бұрын адамның күнделікті қарым-қатынасынан көрінеді. Өзгенің тілін сыйлау. Өзге халықтың дәстүрін құрметтеу. Басқа мәдениетті жатсынбау. Көршіңнің қуанышына ортақтасу. Қиындыққа тап болғанда қолдау көрсету. Осындай қарапайым құндылықтар қоғамның берік іргетасына айналады. Меніңше, Қазақстанның басты ерекшеліктерінің бірі де осында.
Біздің елдің тарихы әртүрлі тағдырлардың тоғысуынан құралды. Қазақстан жеріне сан түрлі себеппен келген адамдардың ұрпақтары бүгінде осы елді өз Отаны санайды. Олардың әрқайсысының өткен жолы әртүрлі болғанымен, бүгінгі ортақ мекені бір. Бұл – үлкен жауапкершілік.
Өйткені қоғамдық келісім дегеніміз – айырмашылықтарды жою емес. Керісінше, әр адамның өзінің ұлттық болмысын сақтай отырып, ортақ елдің мүддесін жоғары қоюы. Өз мәдениетін құрметтеген адам өзгенің мәдениетін де құрметтеуі керек.
Осы тұрғыдан алғанда, этномәдени орталықтардың қызметі тек мәдени шара өткізумен шектелмеуі тиіс деп ойлаймын. Олардың басты міндеттерінің бірі – адамдар арасындағы өзара түсіністікті тереңдету, жас ұрпаққа татулықтың қадірін ұғындыру. Себебі бүгінгі бейбіт өмір – өздігінен келген құндылық емес. Біз оның бағасын тарихтан білеміз.
Сондықтан Республика күніне қарап отырып, өткенге ғана емес, болашаққа да көз салуымыз керек. Елдің ертеңі қандай болады? Ұрпағымыз қандай қоғамда өмір сүреді? Біз оларға қандай құндылық қалдырамыз? Мен бұл сұрақтарға бір ғана жауап бар деп ойламаймын. Бірақ бір нәрсе анық: елдің болашағы ең алдымен адамдардың бір-біріне деген сеніміне байланысты. Мемлекет заңмен өмір сүреді. Қоғам сеніммен өмір сүреді. Ал сенім бар жерде қоғамдық келісім орнығады.
Қазақстанның егемендігі бізге үлкен мүмкіндік берді. Ендігі міндет – сол егемендіктің мазмұнын күнделікті еңбегімізбен толықтыру. Мемлекеттің қуаты тек экономикалық көрсеткіштермен емес, оның азаматтарының елге деген жауапкершілігімен де өлшенеді. Республика күні – осы жауапкершілікті сезінетін күн.
Біз бір шаңырақтың астында әртүрлі бола аламыз. Тіліміз, дәстүріміз, мәдениетіміз әрқилы болуы мүмкін. Бірақ ортақ Отанға деген құрметіміз бір болуы тиіс. Өйткені Отан – бәрімізге ортақ. Оның бүгініне де, ертеңіне де бәріміз жауаптымыз. Республика күні осындай ойға жетелейтін, өткенді бағалап, болашақты бағамдайтын мереке болса екен деймін.
Елімізде бейбітшілік баянды, қоғамдық келісім берік болсын. Қазақстанның көк байрағы биікте желбіреп, ұрпағымыз тәуелсіз елдің азаматы деген мақтанышпен өссін.
Владлен Погребицкий,
«Хатиква» Ақмола облыстық еврей мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.








