Басты бетЖаңалықтарҰлттық өнерге тағзым – рухқа тағзым

Ұлттық өнерге тағзым – рухқа тағзым

Сондай-ақ, оқыңыз...

Кей кештер болады – ол жай ғана концерт емес, көңілге жылу, жүрекке шуақ сыйлайтын рухани кездесу секілді өтеді. «Қоғамдық келісім» КММ ғимаратында өткен «Халық мұрасы» домбыра үйірмесінің есептік концерті де дәл сондай әсерлі кештердің бірі болды.

Бұл жолғы басқосудың мәні тіпті терең. Ұлттық домбыра күніне орайластырылған шара Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енген күнімен тұспа-тұс келіп, елдік пен руханиятты қатар ұлықтаған тағылымды шараға айналды. Сахна төріндегі ұлттық нақыш, домбыраның қоңыр үні, жас өнерпаздардың шынайы ықыласы – бәрі-бәрі көрермен көңілін бір сәтке болса да мөлдір әлемге жетелегендей.

Жүргізушінің жүрекжарды сөзі кештің мазмұнын айқындап берді. Ата Заң – елдің тұғыры болса, сол елдің рухын асқақтататын – мәдениет пен өнер екені ерекше тебіреніспен айтылды. Расында, домбыраның қос ішегінен төгілген әр күй – халықтың шежіресі, әр әуен – ұлттың үні.

Кеш барысында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Қуаныш Шақшақов жылы лебізін білдіріп, жас өнерпаздарға ақ жол тіледі. Оның сөзінен өнерге деген құрмет пен жастарға деген сенім айқын сезілді.

Сахнада шырқалған ән мен күйлер – ұлттық қазынаның көрінісі іспетті. Сәкеннің сырлы «Тау ішінде» әні, халықтың жүрегінен шыққан «Гүлдерай», Біржан салдың әуезді шығармалары, сондай-ақ «Жезкиік», «Секіртпе», «Ата толғауы», «Әке толғауы» секілді күйлер кештің шырайын кіргізді. Әсіресе жас домбырашылардың орындауындағы әр шығармада тазалық пен шынайылық анық байқалды. Бұл – өнердің өлмейтінінің, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатынының белгісі.

Кешке серпін берген сәттердің бірі – Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған викторина болды. Конституция мен ұлттық құндылықтар жайлы сұрақтарға жауап берген көрермендердің белсенділігі көптің көңілінен шықты.

Шара соңында үйірме жетекшісі Сәрсенбай Хасенов сөз алып, шәкірттерінің жетістігіне тоқталды. Оның әр сөзі ұстаз жүрегінің жылуын аңғартты. Жас өнерпаздардың еңбегі еленіп, алғыс хаттар табысталған сәт – кештің ең толқытар тұстарының бірі болды.

Бұл кештің басты түйіні біреу-ақ: ұлттық өнер – ұлттың жаны. Сол жанды тірі ұстап тұрған – осындай талапты жастар. Домбыра үнімен көмкерілген кеш көптің жүрегіне жол тауып, әр көрерменге бір сәттік болса да рухани тыныс сыйлады.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз