Басты бетКөзқарасҚазақты қорлайтындарға қатаң тиым салатын заңдық негіз қажет

Қазақты қорлайтындарға қатаң тиым салатын заңдық негіз қажет

Сондай-ақ, оқыңыз...

Әлеуметтік желілерде Астана қалалық мәслихатына депутаттыққа үміткер «Әділет» партиясының өкілінің жергілікті қазақтарды орысша білмейтін мәмбеттер деп тілдегені туралы ақпарат жүр. Рас, ол азамат бұны бақталастарының жасанды интелект арқылы жасаған құйтырқы әрекеттері деп ақталды. Оқиғаның ақ-қарасына құқық органдары баға береді деп ойлаймыз.

Бірақ та, мына мәселены теріске шығаруға болмайды: қазақ елінде тұрып, осы елдің ауасын жұтып, суын ішіп жүрген кейбір адамдардың қазақтарға тіл тигізіп, ар-намысын аяқ асты етуі бірінші рет болып отырған оқиға емес. Осының алдында ғана Алматыда кәсіпкер орыс келіншек жұмыс сұрап чатқа қазақ тілінде жазған бір қазақ қыздың ар-намысына тиіп, орысша білмесең сол ауылыңда жүре бер деген мазмұнда жазба жазған. Бұның өзі қазақтардың ашу-ызасына тиіп, әлгі әйелдің үстінен  құқық органдары әкімшілік іс қозғап он тәулікке қамауға алынды. Бүкіл бір ұлттың ар-намысына тиген келіншекті сол әрекеті үшін он тәулікке қамау лайықты жаза деп айтуға болмайды. Десе де, қазақ ұлтын қорлағаны үшін әйтеуір әкімшілік болса да жазаға тартылғаны көңілге медет.

Қазақ ұлтының өз жерінде отырып, өзгелерден теперіш көруі сонау патша заманынан, одан кейінгі кеңес үкіметі кезінен болып келе жатқан жай. Әбден ашынғанда қазақтар 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіндегі  сияқты бұрқ етіп бір көтеріліп қояды. Ертеректе шешендермен, дүңгендермен болған қақтығыстар сондай оқиғаның салдарынан туған еді.

«Жаман үйді қонағы билейді» дейді қазақ. Тәуелсіздігімізді алғанымызға 35 жыл өтсе де, әлі күнге дейін қазақты осы елдің иесі деп мойындамайтын, ар-намысына тиіп, басынғысы келіп тұратындар бар. Бұның өзі сондайларды тәртіп тезіне салатын заңның дұрыс болмауынан, жұмсақтығынан болса керек. Өзге елдерде осындай әрекет жасап көр, бірден жауапқа тартып, орныңа қойып қояды.

Қазақстан деген мемлекетте тұратын және Конституциясында мемлекеттік тіл деп аққа қара жаққандай нақтыланған қазақ тілінде сөйлеуге қазақтарға тиым салып, орысша сөйле деп өктемситіндер әр жерде кездеседі. Олардың арасында орыстар да, басқа ұлттың өкілдері де, тіпті қазақтар да бар. Таяуда әлеуметтік желіде қазақша сөйлегені үшін қазақ әйелден ар-намысына тиер небір ауыр сөздер естіген такси жүргізушісі туралы видео жарияланды. Әлгі қазақ әйел бастырмалатып әкетіп барады: «Мен кеңес заманында туып өстім, орысша оқығанмын, қазақша білмеймін, неге мен сол үшін кінәлі болуым керек. Неге меннен қазақша сөйле деп талап етесің, оған қандай қақың бар» дейді әкіреңдеп.

Қазақ таксистің кешірім сұрағанына басылатын түрі жоқ. Ашу қысқан әйел мына видеоны әлеуметтік желіге салып, бетіңді аймандай етемін дейді өрекпіп. Ау, сонда кімнің бетін аймандай етпек? Қазақпен қазақша сөйлесемін деп ұрыс естіген жігіттің бе, әлде қазақ бола тұра, қазақ елінде өмір сүре жүріп бір ауыз қазақша білмейтін және білгісі де келмейтін өзінің бетін аймандай етпек пе?

Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанада баласын орыс сыныбында оқытуға мүмкіндік бермей, мектепті қазақ мектебі жасау керек дегендерге ызаланып, «ертең Путинді шақырамын» деген қазақ келіншектің сөзін естіп едік. «Қара орысты көргенде, сары орыспен жылап көрісесің» демекші, іштен шыққан осындай орыстілді қазақтар қазақ тілінің нағыз ата жауы болып тұр.

«Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады» дейді. Үш ғасыр бодандық бұғауында болған қазақ отыз жылда содан түгел құтылып кете алмас. Бірақ та, қазір ақырындап отарсыздандыру саясаты жүріп жатыр. Биылғы оқу жылында мектепке барғандардың 71 пайызы қазақ сыныптарына барыпты. Яғни, мектепте оқитын еліміздің болашағы – жастардың басым көпшілігі қазақ тілінде білім алуда. Олар ертең қазақ тілді болып өседі. Осылайша, жыл санап орыстілділердің саны азайып, соған орай қоғамға тигізер ықпалы да әлсірей бермек. Түптің түбінде қазақ елі қазақ тілді нағыз тәуелсіз мемлекетке айналары анық. Ләйім, сол күнге аман-есен жетейік.

Қалкөз Жүсіп.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз